Алакөлдің жағасынан демалыс кешенін ашты
Үржар ауылы тұрғындарының басым бөлігі кәсіпкерлікпен айналысады. Қазіргі күні еңбек етудің ебін білген жанға жұмыс тауып, кәсібіңді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Үржардағы «Гүлназ» шағын маркетінің иесі Айтқазымен сөйлесе отырып, осыған көзім жетті.
-Еліміз тәуелсіздік алған жылдары халық тұрмысының оңай болмағанын білесіз. Басқа жол болмаған соң, Нұрзия екеуіміз қоржынымызды арқалап көрші Қытай еліне бардық, – дейді Айтқазы Сағатбеков. – Ауданымыздың шекараның түбінде орналасқаны біраз жұрттың саудамен айналысып, жан бағуына сеп болды. Алғашында жұбайыммен бірге баратын едік, келе-келе біріміз сауда жасап, енді біріміз тауар таситын болдық. Осылайша, сауда-саттыққа үйрендік. Табысымыз жаман болған жоқ. Дегенмен, еркін көсіліп, кәсіпкерлікпен айналысуға жетпеді. Ол кезде несие оңайлықпен берілмейтін. Қазір Елбасымыз бен мемлекетіміз шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөліп жатыр.
Айтқазы айтқандай, сол тұста ауданда екінің бірі Қытайдан тауар әкеліп, саудамен айналысып, тіршілік кешіп жатты. Бірақ бірте-бірте сауда саябырси бастады. Енді ол әкелген тауарларын Павлодарға апарып сатуға көшті. Ал жұбайы бірнеше құрбысымен Ресейге барып, сауда жасап жүрді. Қап арқалап жүріп әжептәуір ақша жинап, аудан орталығынан бір кішкене дүкен сатып алды. Оны жөндеп, тәп-тәуір сауда орнына айналдырды.
Ерлі-зайыпты Айтқазы және Нұрзия Сағатбековтар бұл күндері тауарды Алматы мен Семейден тасымалдайды. Азық- түлікті неғұрлым арзан бағамен сатады. Сол себепті ешқандай қалдық қалмайды. Көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға, соғыс ардагерлеріне шамалары келгенше көмектесіп, қол ұшын беріп жүр. Содан да болар, аудан тұрғындары «Гүлназ» шағын маркет иелерін үнемі аузынан тастамай, мақтап отырады.
Тағы бір атап өтетін ең басты жайт, олар жеке кәсібімен 40-тан астам адамға жұмыс тауып беріп отыр. Әрқайсысына 50-55 мың теңге көлемінде еңбекақы төлейді. Еңбектерінің жемісін көріп, кәсіптерін өркендетіп келе жатқан Айтқазы мен Нұрзия өздерін бақытты санайды.
Жуықты ғана шипалы Алакөлдің жағасында Айтқазы мен Нұрзия «Парус» атты заман талабына сай жабдықталған демалыс кешенін ашып, отандық туризмді дамытуға өз үлестерін қосуға кірісті. Шағын бизнесте бақтарын сынап, ел сеніміне ие болып жүрген ауыл кәсіпкерлері Алакөл деп келген туристерге, демалушыларға жоғары сапалы қызмет көрсетіп, демалыстарын жақсы өткізуіне мүмкіндік жасауға күш салуда. Біз оларға алдағы уақытта да істерінің алға басып, өсіп-өркендей беруіне тілектеспіз.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.