Қоғам

Алакөлдің жағасы жұмақ мекенге айналыпты

Алакөлдің жағасы жұмақ мекенге айналыпты


Қабанбай ауылына кірген бойда көлден ескен салқын самал он сағаттық ойлы-шұңқырлы жолдың азабын ұмыттырып жіберді. Аңызға айналған айдынға күн ұясына қонғанда жеттік. Бұл кезде Алакөлдің толқындары жағаны ұрып, тербеліп жатты.

Түн Арбаттағы өмірдің қызатын шағы екен. Жан-жағын сәнді ресторан мен кафелер көмкерген аллеяда құжынаған халық.Бірі баласын әткеншекке тербетіп жатса, бірі жайлы орындықтарға жайғасып әңгіме-дүкен құрып отыр. Заманауи стильмен жасалған шатыр астындағы орындар жастардың шоғырланатын жері сияқты. Сол жерде гитараға қосылып әндетіп отырған бір топ қыз-жігіттерге айналасындағылар да риза. Қол соғып, арасында әнге де қосылып қояды. Бір-біріне жалғаса тізілген қоғамдық тамақтану орындарының не бір түрі бар мұнда. Шығыс асханасы, өзбектің далада қазанға пісіріліп жатқан палауы, түрік сериалдарынан көретін велосипедке жегілген дөңгелекті бар да осында.

Әріптері жайлы орындықтар рөлін атқарып тұрған креативті Алакөл жазуы Арбаттың жағаға жақын тұсына орын теуіпті. Бұл ара кешке би алаңына айналады. Демалушылардың диджей арқылы жолдаған сәлемі мен ән-шашуынан мұнда олардың еліміздің түкпір-түкпірінен келгенін аңғарасың.

Естуіміз бойынша, Алакөлдің жан¬ға дауа, ауруға дәру болар кезі – таңғы сағат 4 пен 6-ның арасы. Күн көкжиектен енді шығып келе жатқан шақта судың бетін жұқа йод қабаты жабатын көрінеді. Сол себепті көлге осы екі сағат ара¬лығында қалай да түсу керек. Көлге бара қалсаңыз, осы бір сөзді естімей қайтуыңыз мүмкін емес. Кімнен сұрасаңыз да, соны айтады. Алакөлде демалудың бір шарты осы. Таң рауан бере жағаға біз де келдік. Аспанмен астасып жатқан көлдің суы кірген бойда-ақ тәніңе сергектік сыйлайды. Мөлдірлігін мақтаса мақтағандай-ақ. Жаға¬лауда жүрген мыңдаған ада쬬ның аяғы жабыла кешкенмен, тұны¬ғын шайқай алмапты.

Сәулет қана емес, сапа да маңызды

Алакөл туралы «Есіктің іргесінде жұмағың тұрғанда, алысқа барудың қажеті қанша дейтіндерді» енді түсінгендей болдық. Енді бірер жылдан кейін бұл жер Анталияның демалыс орындарнан кем болмасы анық. Ол үшін қыруар қаржы құйылып, күш жұмсалып жатыр. Бір анығы – бүгінгі Алакөлді демалушылар танымай, таңғалысуда. Мұны олар Үржарға жұмыс сапарымен барып, көл жағалауындағы абаттандыру жұмыстарымен танысқан облыс басшысы Даниал Ахметовтің өзіне де айтып, алғыстарын жаудырды. Тіпті естелік суретке түскендер де болды.

– Алакөлде 1985 жылы келіп демалғаным бар. Көлді бірінші көруім сол. Ол кезде жұрт жағаға шатыр тігіп демалатын. Осыдан үш жыл бұрын келгенімде, бұл жерде демалыс үйлерінің пайда болғандығы қуантқан еді. Алайда мынандай жайлылық түсімізге де кірмеген. Биыл Алакөлді танымай қалғаным рас,-дейді көлге Семейден келіп демалып жатқан Айбек Балташбеков.

Алакөл жағалауын жайлы ету басты мақсат болатын. Қазір мұндағы демалыс орындары, қонақүйлер мен ресторандардың барлығы осы үдеден шығуға тырысуда. Мұның барлығы Алакөлді халықаралық стандарттарға сай ету үшін жасалып жатыр. Жағалауды абаттандыру жұмыстарымен танысып, нұсқау берген аймақ басшысы да кәсіпкерлердің назарын осы мәселеге аударды. Ал сол деңгейге жету үшін бір ғана сәулетке мән беру аздық етеді. Қоғамдық тамақтану орындарының тағамдарының сапасы да Алакөлдің беделін арттыруға үлес қосуы тиіс.

– Сондықтан мұнда бірде-бір ресми тіркелмеген кәуәпханаға, санитарлық кітапшасыз, патентсіз қызмет көрсететін көше саудагерлерінің қаптап жүруіне тосқауыл қоюымыз керек. Арбатта жабайы саудаға жол бермеу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, саудамен айналысатын халыққа арналған арнайы орын қарастырамыз,-деп жауап берді мұндағы сауда-саттық жасап жүргендердің сауалына Даниал Ахметов.

Осы ретте аймақ басшысы аудан әкімі Серік Зайнулдинге Арбаттан алыс емес аумақты жергілікті жеке кәсіпкерлерге арнап жабдықтау жөнінде тапсырма берді.

Алакөлдің жыл санап жақсарып, туристердің ағылуына жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуы тиіс. Облыс басшысының айтуынша, жағалауды абаттандыруға, жолдарды жөндеуге құйылып жатқан қаржының қайтарымы болуы керек. Алакөлде осы маусымда ашылған туристік орталықтың мәліметі бойынша, бүгінгі күні мұндағы 9200 орынның 60 пайызы ғана толық. Бұл – ресми тіркелгендер. Маусымның қызған шағында 40 пайызы қаңырап бос тұр деген көңілге күдік ұялатады. Аймақ басшысы облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына осы мәселені жіті қадағалауды тапсырды.

– Өткен жылы мұнда 500 мың адам демалды. Ал кәсіпкерлерден небары 24 миллион ғана салық түсті. Олар өз істеріне жауапкершілікпен қараса бұл сома 300 миллион теңге болар еді. Кәсіпкерлер осы мәселеге басқаша көзқарас қалыптастырса деймін. Инфрақұрылымды дамытпай, бизнесті дамыту мүмкін емес. Оларға осындай мүмкіндік жасалып отыр,-деп атап өтті аймақ басшысы.

Суы шипалы Алакөлге шалдықпай жету мұндағы туризмді дамытудың негізгі өзегі болатын. Аймақ басшысының айтуынша, алдағы үш жылда Алакөлдің жол мәселесі толықтай шешіледі.Жол жөндеу жұмыстарының қарқынмен жүріп жатқандығына көлге бағыт алған демалушылардың өздері де куә. Бүгінде Барлық-Арасан – Алакөл және Мақаншы – Жалаңашкөл бағыттарындағы автокөлік жолдары жөнделіп жатыр. Биыл Мақаншы мен Жалаңашкөл ортасындағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Қарабұлақ – Қабанбай тасжолын (16 шақырым) қалпына келтіруге қаржы қарастырылған.

Жолаушы жол азабын тартпауы үшін биылдан бастап Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл стансасына дейін пойыз қатынай бастады. Сонымен қатар, Үржар ауданына Астана, Алматы, Өскемен мен Семей қалаларынан әуе рейстері де қатынайтынын ұмытпаған абзал. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы маусымнан кейін келер жылы туристік орынға жету үшін рейстердің жиілігін қаншалыкты арттыру қажеттігі анықталатындығын және өзге де бағыттар бойынша темір жол рейстерін қосу мәселесі қарастырылатындығын атап өтті.

Алакөлдің жағасы жұмақ мекенге айналыпты

Саялы бақ та, құнды экспонат та осында

Алакөлдің демалушылары бұл өлкенің тарихымен танысуға да мүмкіндік алмақ. Іргедегі Қабанбай ауылында салынып жатқан тарихи мұражай кешені таяу арада өзінің алғашқы қонақтарына есігін ашпақ. Құрылысы мамыр айында басталған мұражай ғимаратын қазан айында тапсыру көзделген. Бүгінде нысанға электр желілері тартылып, шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы мұражай құрылысын уақтылы аяқтауға қосымша 323 млн.теңге бөлінетіндігін атап өтті. Сондай-ақ өлке тарихынан сыр шертетін мұражай экспонаттарымен өңір тұрғындары ғана емес, туристердің де танысуына мүмкіндік жасау үшін көлден мұражайға дейінгі жолды асфальттауды тапсырды.Болашақта мұнда бағзы заманнан бергі қазақ тарихының үш мыңнан астам құнды экспонаты орналастырылатын болады.

Биыл Алакөлге демалуға келгендер өткен жылы ғана ашылған саябақтың да бүгінгі келбетіне сүйсіне қарары анық. Әлі де абаттандырылып жатқан саябақты алдағы уақытта кеңейту көзделген. Саябақты абаттандыру жұмыстарымен танысқан облыс әкімі бұл жерді жасыл желекті баққа айналдыру жөнінде тапсырма берді.

– Анталияның құмдарында небір экзотикалық өсімдіктер өседі. Суару жүйесіне мән берсе, мынандай құнарлы топырағы бар саябақта жасыл желектің небір түрін өсіруге болады,-деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл жағасына жасаған осы іссапары кезінде аталмыш туристік аймақты халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін әлі де кешенді жұмыстардың атқарылатындығын атап өтті. Қазіргі кезде Алакөл жағалауын дамытуға бағытталған бас жоспар бекітілген. Оның негізінде электр энергиясымен қамту, су тарту және жер мәселелері толықтай шешіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Алакөлдегі туризмді дамытуға облыстық бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінген. Аймақ басшысы қаржыландыру мұнымен тоқталмайтынын жеткізді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button