Қоғам

Алакөлдің жағасы барынша жайлы болуы тиіс

 Алакөлдің жағасы барынша жайлы болуы тиіс


Еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі – шипалы Алакөлді барынша жайлы әрі қалың жұртшылық үшін қолжетімді ету мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынған-ды. Туризм саласын дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі республикалық бағдарлама аясында көл жағасы Қазақстандағы әлеуеті ең зор 10 туристік нысанның қатарына қосылып отыр.

Кезекті аппараттық кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов осы көлдің жағасындағы қызметтердің сапасын жақсарту жөнінде бірнеше нақты тапсырмалар берді.

Туризм басқармасының басшысы Марат Қабақовтың жиында жасаған баяндамасында келешек жоспарлардың барысы айтылды. Атап айтсақ, алдағы төрт жылда жағалауда су, кәріз құбырлары салынып, электр желілері тартылады, сонымен қатар емдік қасиеті бар родондық суға арналған арнайы құбыр да төселеді. Мұнымен қоса, су шаюының алдын алу үшін Алакөлдің жағасын бекіту жұмыстары жалғасады, жолаушылар тасымалын көбейту мақсатында Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону алаңы жаңартылады.

Абаттандыру аясында атқарылар жұмыстар да ауқымды. Айталық, осы жылдың өзінде демалыс саябағы кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар салынады, такси тұрағы жөнделеді. Жоспарда, сондай-ақ қонақ үйлердің, сауда орындарының, медицина және полиция бекеттерінің құрылысы да қарастырылған.

Туристер қауіпсіздігін арттыру мақсатында осы жазда патрульдеуші полицейлердің саны екі есеге көбейеді, қосымша 60 бақылау камерасы орнатылады, қазір істеп тұрғаны – 80.

Сондай-ақ қайықтарға арналған арнайы тұрақ жасалып, жағалауға көлік инспекциясы қадағалау жүргізбек.

Десек те, көл жағасына келіп демалушылардың санын көбейтудің ең басты тәсілі – жолдардың сапасын жақсарту, осы өңірге қатынайтын пойыздар мен ұшақтардың билеттерін арзандату. Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді. Биыл жағалауға дейінгі автокөлік жолының жөнделуі аяқталуы тиіс, сонымен қатар теміржол және әуе рейстеріне 122 миллион теңгенің субсидиясын бөлу қарастырылған. Еске салар болсақ, қазіргі кезде Алматы – Үржар, Нұр-Сұлтан – Үржар және Өскемен – Семей – Үржар маршруттарында әуе кемелері ұшады.

Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын пойыздар 1 маусымнан бастап қайта жолға шығатын болады.

Осы ретте аймақ басшысы облыстың екі ірі шаһарынан көл жағасына жақын Жалаңашкөл бекетіне дейін пойыздардың тым ұзақ, яғни 18 сағат жүретінін алға тартып, көлік басқармасына кестені қайта қарастырып, жолға кететін уақытта қысқартуды міндеттеді.

Келер жылы «Барлық Арасан» – Алакөл көлі облыстық маңыздағы автожолының жөндеу жұмыстары көзделген, оған 321 миллион теңге жұмсалады. Осы орайда аймақ басшысы туристерді тартуда жол ғана емес, қызмет сапасы да айрықша маңызды екенін ескертті.

– Алакөлге келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. Әлбетте, бұған біз қуаныштымыз. Бірақ жолдарды жөндеп, қалпына келтіру ғана аздық етеді, жағалауда ұсынылатын қызметтердің сапасы жоғары болуы шарт. Мәселен, «Барлық Арасан» шипажайы жекеменшік компанияның иелігінде, олар демалыс орнының дамуына ешқандай қаржы құйып отырған жоқ. Алдымен жағалаудағы ішкі мәселелерді ретке келтіру қажет. Өрт және санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалау керек. Ем аламын деп келген тұрғындар ауру арқалап кетіп жүрмесін. Тиісті сала басшыларына осы мәселелерді қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Атап өтерлігі, биыл жағалауда ірі құрылыстар басталып отыр. Олар – құны 1,5 миллиард теңге болатын «Керуен Плаза» туристік кешені, 570 миллион теңгенің «Чайка» сауықтыру кешені және жалпы сомасы 200 миллион теңгені құрайтын «Күншығыс Алакөл» мәдени-көңіл көтеру кешені (үлкен сахнасы мен би алаңы бар). Нысандар 2011-2022 жылдары пайдалануға берілуі тиіс.

Бұдан бөлек, Алакөл жағасында осы жазда жаңадан салынған сегіз демалыс базасы іске қосылады.

Құрылыстар мұнымен шектелмейді, қонақ үйлердің құрылысына екі гектар жер телімі бөлінген, конкурстары жуық арада өткізілмек.

Жағажай туризмін насихаттау мақсатында осы жылы да 15 шілдеде «Алакөл алаулары» фестивалі өткізіледі, оның аясында демалушыларды күту мен оларға қызмет көрсету жөнінен оқыту семинары ұйымдастырылмақ.

Жағалаудағы демалыс орындары мен олардың ұсынатын қызметтері туралы толыққанды ақпаратты азаматтар toureast.kz сайты арқылы ала алады, сонымен қатар Кол-орталық жұмыс істейді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button