Қоғам

Алакөлді әлемге қалай танытамыз?

Алакөлді әлемге қалай танытамыз?


Қазір Алакөл елімізге кеңінен танымал шипалы көл. Оның суының көптеген аурулардың алдын алатын немесе адамның жазылуына себеп болатын емдік қасиеті мол. Елдің оған көп келетіні де сондықтан.

Тек, Канаданың «Атаблеска» деп аталатын көлінің суы ғана қасиеті жағынан Алакөлмен теңдес екен. Ғалымдардың зерттеуі солай дейді. Кейінгі жылдары Алакөлдің Үржар аумағындағы жағалауы демалыс аймағы болып жарияланған соң, демалу шараларына арналған нысандар бірінен соң бірі салынып, іске қосыла бастады.

Алакөлде отыз шақты өзен тоғысады. Барқытбел тауының (Тарбағатай) бауырынан аққан жылғалар, Қытай жақтан (Еміл, Шағынтоғай), Алматы облысының Үшаралынан, Алатаудың шеткі сілемдерінен жөңкілген өзен-сулар барлығы осы көлге құйып жатыр. Көктем кезінде бүкіл Тарбағатай тауының қалың қары осы көлге су болып қотарылады. Сондықтан да Алакөл Қазақстандағы ең терең көл.

Мен кейде осы Алакөлдің Үшарал жағынан оңтүстік облыстарымызға қарай канал тартса ғой деп ойлаймын. Оңтүстік облыстар суға қарық болып қалар еді. Жағасына ел қонып, шаруашылықтар ашылып, мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылар еді-ау. Сонда Алакөлдің жағалауы жыл сайын құламас еді. Жылдан-жылға көбейіп бара жатқан су жағалауды құлатуын тоқтатар емес.

Мәселен, Қырғыздың Ыстықкөлінің жағасында 22 курорт бар, орыстың Байкалының жағалауы қандай дамыған десеңізші! Келіп жатқан туристерге де, демалам деушілерге де керемет жағдай жасалған. Бірақ суының дәрулігі жағынан олар Алакөлмен еш теңесе алмайды. Бұл – шындық. Бізге демалушылармен бірге ем қабылдаушылар да кейінгі жылдары өте көп келетін болды.

Дегенмен, ана бір жылдардағыдай емес, көл жағасы ауданға әкім болып Серік Зайнулдин келгелі реттеліп қалғандай. Көл жағасының көркемдігі де біршама жақсара түсті. Талап пен табандылық қай істі болмасын қозғалысқа келтіреді ғой. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен мектеп оқушылары мен балалардың денсаулықтарын нығайту, жазғы демалыс уақыттарын ұтымды ұйымдастыру мақсатында Алакөл жағалауында бірнеше демалыс үйі және асхана ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде жазғы демалыс маусымында 1500-ден астам оқушының көл жағалауында денсаулықтарын түзеп, демалуларына мүмкіндік жасалды.

Үржар ауданының тұрғындары бұл атқарылып жатқан жұмыстарға үлкен қошемет білдіруде. Ұстаздар мен ата-аналар ризашылығын айтып, қуаныштарын жасыра алмауда. Көл жағасы даму үстінде. Тек, Алакөлді, әсіресе, оның химиялық қоспалары көп Үржар өңіріндегі бөлігін республикамыздың түкпір-түкпіріне, тіпті, әлемге өте шипалылығы, дәрулігі жөнінен кеңінен таныта алсақ жарар еді.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button