Қоғам

Алакөл ел мақтанышына айналады

Алакөл ел мақтанышына айналады
Алакөл биыл адам танымастай өзгереді. Жағалау нормаларға сай жөнделіп, абаттандырылып, жаңартылып, жаңғыртылып, демалыс базаларындағы тиісті құқықтық ережелер қатаң сақталатын болады. Демалушыларға барлық талаптарға сай жағдай жасалмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 500 млн. теңгеден астам қомақты қаржы беріліп отыр. Ал заңнамалық талаптарды сақтамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынып, биыл көл аумағында кәсіп табудан қағылмақ.
Бұл жөнінде облыс әкімі Данимал АХМЕТОВ Үржар ауданы, Қабанбай ауылындағы Алакөл көлі жағалауындағы демалыс нысандарының қызметін, туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексеруге арнаған арнайы жұмыс сапары барысында нақты айтты.
Аймақ басшысы мұндағы жобалық құны 22 550 мың теңге болатын автовокзалдың құрылысымен, негізгі жолдар жиегін көгалдандыру шаруаларымен, сауда орындарының жағдайымен, көл жағасының және «Арбаттың» абаттандырылуымен, «Мандарин», «Парус», «Амина», «Інжу-Алакөл» демалыс базаларының жұмысымен танысып, демалыс нысандарының жергілікті тұрғындарды және шетелдік меймандарды қабылдауға дайындығын тексерді. Оларға қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін жауапты басқармалар басшыларына ескертті. Себебі, биылдан бастап Алакөл аймақтың ғана емес, еліміздің де мақтанышына айналуы тиіс.
Мұнан соң «Әйгерім» демалыс базасында облыс әкімінің төрағалығымен көл жағасында кәсіп қылып, туризмді дамытып жүрген жергілікті кәсіпкерлермен Алакөлді дамытудағы мәселелер жан-жақты талқыланған жиын өткізілді.
Алакөл ел мақтанышына айналады
Алдымен өңірдегі бірден-бір емдік қасиеті басым шипалы көлді қолданыстағы заңнамаларға сәйкес пайдалану, абаттандыруды жүргізу, негізгі ережелерді сақтау туралы аудан әкімі Серік Зайнулдин есеп беріп, қолға алынған жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, жоғарыда аталған қаржыдан бөлек жағалауға әкелетін жолды жөндеуге 1,5 млрд. теңге бөлінбек. Алайда, демалыс базасындағы кәсіпкерлердің басым бөлігі былтыр қараша айында жасалған, өз теліміндегі келісімшарт талаптарын мүлдем орындамаған. Емдік қасиеті мол көлдің әлеуетін толық пайдалануды жүзеге асыруда 147 базаның 19-ы ғана тиісті талаптарға сай болып шыққан.
– Біз былтырдан бері құқық қорғау, мемлекеттік кірістер, өртке қарсы қызмет органдарымен Алакөлдегі қолданыстағы заңнамаларға сай қызмет етпеген демалыс нысандарын анықтадық. Облыс әкімінің берген тапсырмасына орай, лицензиясы жоқ кәсіпкерлерге биыл көл жағасында нәсіп табуға рұқсат жоқ. Сондықтан кемшіліктерді түзету үшін 1 шілдеге дейін келісімді тағы ұзартып отырмыз. Оны орындамаған база иелері биыл көл маңына жолай алмайды. Ол үшін прокуратура, мемлекеттік кірістер департаменті, тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша облыстық департамент, өртке қарсы қызмет, жер қатынастары саласы нақты талаптар бойынша тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды әйгіледі, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасының басшысы Димитрий Гариков, облыс бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Мадьяров, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Ғазез Сүлейменов, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікжан Жақаев қосымша баяндама жасап, кәсіпкерлерге заңдық нормаларды жеткілікті түрде түсіндіріп берді.
– Әрине, біз заң аясында тиісті нормаларды сақтай отырып, жұмыс атқарып жатқан жергілікті кәсіпкерлерге қолдау білдіруге дайынбыз. Өзгелер заманауи талаптарға сай иелігіндегі демалыс базаларын халыққа ұсынуға дайын болуы қажет. Кемшіліктерді түзетпеген мекемелерге 1 шілдеге дейін мұрсат берілгенін жаңа айттық. Одан кешіксе, биыл лицензиядан қағылады. Себебі, бұл жыл сайын Қазақстан бойынша жаз маусымында көлге келетін 300 мыңнан аса демалушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қажет. Заңды сақтамағандар, белден басқандар, белгіленген кемшіліктерді түзетпегендер жауапкершілікке тартылады. Бүгін мына жиынға облыстық өртке қарсы сала, тұтынушылар құқығын қорғау қызметі, мемлекеттік кірістер органы, жергілікті полиция қызметі, облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы және кәсіпкерлердің өзі, тағы басқалар түгел қатысып отыр. Олар тиісті жұмысты атқарады. Алакөлге дейінгі жолды жөндеуге қомақты қаражат бердік. Ең бастысы, осы Алакөл иелігіндегі демалыс базасын немесе жерін пайдалануға асықпаған тұрғындардың мүлкі заң аясында мемлекетке алынып, туризмді дамыту бойынша дайын жобасы қолында бар елдегі азаматтарға беріледі. Қайталап айтамын, жерді алып, кәдеге асырмағандарға сұраныс қатты болмақ. Ал заң аясында демалыс орындарын ашқан кәсіпкерлерге керісінше қолдау көрсетеміз. Алакөл биыл адам танымастай өзгеретін болады, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жиын барысында.
Алакөл ел мақтанышына айналады
Аймақ басшысы бұдан бөлек, жаз маусымында туристерді қабылдауға әзір болу үшін 10 маусымнан бастап жағалауды абаттандыру үшін құрамына барлық тиісті облыстық басқармалар өкілдері кіретін жұмыс тобы шаруа атқаратынын жеткізді. Олар алакөлдік кәсіпкерлерге кемшіліктері мен олқылықтарын түзетуге, заң аясында кеңес беруге қолдау көрсетпек. Көлдің маңын талапқа сай абаттандыру маусымның ішінде толық аяқталмақ.
Сондай-ақ, жиында Алакөлдің әлеуетін толық пайдаланғанда жылына 180 млн. теңге қаржы түсуі керектігі айтылды. Ал бізде қазір 24 млн. теңге ғана табыс кіруде. Мысалы, салыстырмалы түрде алар болсақ, Алматы облысының бұл бағыттағы табысы бізден 25 есеге дейін көп көрінеді. Кездесуде, сонымен қатар, кәсіпкерлердің сауалдарына да жауап берілді.
Алакөл ел мақтанышына айналады
Мәселен, «Інжу-Алакөл» базасы директоры Дулат Асылбеков суда құтқарушылар қызметі көрсетілсе, интернет жүйесі болса десе, «Әйгерімнің» иесі мұнда жарықтың жиі-жиі сөніп қалатынын алға тартып, көлдің басында басқару органы болса, өртке қарсы кезекшілік қызметі жұмыс істесе, туризмді дамытушыларға жеңілдетілген несие берілсе деген сауалдар қойса, «Бұғаз» ЖШС директоры Шалқар Қаратай жағалау қызметіне қолдау қажеттігін жеткізді. Ал жиын соңында кәсіпкерлердің бәрі бірауыздан Алакөлді ел мақтанышына айналдырып жатқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ ризашылықтарын білдірді.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button