Қоғам

Алакөл-2018: демалушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Алакөл-2018: демалушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?


Маусым айында Алакөлде кезекті туристік маусымның шымылдығы түрілмек. Биыл шипалы көл жағасына ағылатын келушілерді қандай жаңалықтар күтіп тұр? Жыл сайын туристердің алдынан кесе-көлденең шығатын жол жүрудің машақаты биыл азая ма? Осы мақаланы жазу барысында аталмыш сұрақтарға жауап беруге тырысып көрмекпіз.

Әуемен де, жермен де…

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстарына үш жылда 4 миллиард 363 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ағымдағы жылы бұл бағытта 2 миллиард 511 миллион теңгенің жұмыстары атқарылмақ. Оның ішінде негізгілері деп Барлық-Арасан – Алакөл және Мақаншы – Жалаңашкөл бағыттарындағы автокөлік жолдарының жөнделуін айтуға болады. Бұған қоса қазір көл жағасында құны 157 миллион теңгелік саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Жағалауды абаттандыру жұмыстарына да айтарлықтай қаражат (433 миллион теңге) қарастырылған.

Әрине, демалушыларды толғандыратын мәселелердің бірі әрі бірегейі ол – жол проблемасы. Облыс орталығынан Алакөл жағасына дейінгі 600 шақырымдық жолды еңсеру бүгінде қиынның қиыны. Мамандар көл жағасына келетін туристер санының еселеп артуына дәл осы жайт та едәуір тосқауыл болуда екенін айтып отыр. Сол себепті, соңғы жылдары осынау түйткілді мәселенің түйінін тарқату бағытында біршама жұмыс қолға алынған. Атап айтсақ, жоғарыда сөз болған Барлық-Арасан – Алакөл және Мақаншы – Жалаңашкөл автокөлік жолдарын жөндеуге 1 262 миллион теңге бөлінген. Биыл Мақаншы мен Жалаңашкөл ортасындағы жолды орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 518 миллион, ал Қарабұлақ – Қабанбай тасжолын (16 шақырым) қалпына келтіруге 308 миллион теңге қарастырылған.

Жолаушы жол азабын тартпауы үшін биылдан бастап Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл стансасына дейін пойыз қатынай бастайды. Бұл бағыттардағы билеттердің құны да ақылға қонымды – 2 800 теңге. Осы орайда, Жалаңашкөл стансасына жеткен демалушылар көл жағасына дейінгі қалған жолды арнайы автобустармен және таксимен жүріп өтетінін айта кеткен орынды.

Сонымен қатар Үржар ауданына Астана, Алматы, Өскемен мен Семей қалаларынан әуе рейстері де қатынайтынын ұмытпаған абзал. Мұның ішіндегі Астана мен Алматы рейстері республикалық, ал Семей және Өскемен бағыттары облыстық бюджеттен қаржыландырылатыны белгілі. Өскемен мен Семейден ұшатын ұшақтың билеті 10 мың теңге тұрса, Астанадан 19 500 теңге, Алматыдан 16 мың теңге төлеп жетуге болады.

Алакөл-2018: демалушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Сол жағалау да түрленеді

Алдағы уақытта Алакөлге келушілер назарына ұсынылатын ерекше дүние деп іргедегі Қабанбай ауылында ашылатын тарихи мұражай кешенін айтуға болады. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолға алынған бұрынғы ауылдық мәдениет үйі ғимаратын музей кешеніне айналдыру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарына 164 миллион теңге бөлінген. Болашақта мұнда бағзы заманнан бергі қазақ тарихының үш мыңнан астам құнды экспонаты орналастырылатын болады.

Көл жағасында да демалушылар үшін жаңалық көп. Атап айтқанда, былтыр басталған Арбатты абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Бұл мақсатқа 467,9 миллион теңге қарастырылыпты. Оның ішінде электр желілерін тарту жұмыстарына шамамен 50 миллион теңге бөлінген. Жер-жерде шағын субұрқақтар мен гүлзарлар, түрлі пішіндегі сәулеттік құрылыстар пайда болуда. Жағажайдың да бет-бейнесі әжептәуір өзгерейін деп тұр. Мұндағы ең басты жаңалық – жағалаудағы пирстің ұшына алып кеме келіп қонбақ. Жоспар бойынша су көлігі ішінде келушілерге заманауи мейрамхана қызмет көрсететін болады.

– Алдағы уақытта Арбаттың сол жағындағы жағалауды абаттандыру жұмыстарына күш салатын боламыз. Бұл мақсатқа 806,6 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Оның ішінде жерге тас төсеніш пен декинг төсеу, 900-ден астам кішігірім сәулет мүсінін, темір жақтаулар мен жүзу алаңының белгілерін орнату, сондай-ақ жасанды бұғаз салу жұмыстары жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, демалыс қалашығы аумағында ақпараттық орталық құрылып, жұмысын бастады, – дейді Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.

Ақпараттық орталық демекші, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев атап көрсеткендей, аталмыш пунктте туристер демалыс базалары және судың емдік қасиеттері туралы толық ақпарат ала алады. Келушілер үшін демалыс қалашығының картасы да қолжетімді. Орталық мамандары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

Алакөл-2018: демалушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Интернет мәселесі шешімін таба ма?

Бүгінде көл жағалауындағы өзектілігін жоғалтпай тұрған мәселенің бірі деп жоғары жылдамдықтағы Интернет желісінің жоқтығын айтуға болады. Қазір демалыс аймағының аумағында 3G, 4G, Теле2 және Altel ұялы байланыс операторларының сигналдары ғана қолжетімді екен. Бұл бағытта да оң өзгеріс бар сияқты.

Аудан басшылығы хабарлағандай, келер жылы Мақаншыдан Қабанбай ауылына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстарын бастау жоспарлануда. Аталған мақсатқа жалпы сомасы 268 миллион теңге көлемінде қаражат қажет.

– Алакөл жағалауын абаттандыру барысында 171 миллион теңгеге бағаланған қалашық ішіндегі көше жолдарын жөндеу мен жарықтандыру жұмыстарының қажеттілігі туындады. Әрине, бұл көпшілік демалатын орын болғандықтан, қауіпсіздік жағын да назардан тыс қалдырмаудамыз. Әсіресе, жағалауды бекіту проблемасына ерекше ден қойылуда. Аталған мәселені шешу үшін облыстық құрылыс басқармасымен толқын басқылар салу жөнінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту мақсатында құны 30 миллион теңгені құрайтын ангар мен 7,8 миллион теңгелік өртке қарсы резервуар қажет, – деген аудан әкімі С.Зайнулдин өз сөзінде санитарлық талаптар мәселесін де айналып өтпеді. Оның айтуынша, биыл жоспарға сәйкес, 61 демалыс нысанын тексеру жоспарланған.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл жағасына жасаған соңғы іссапары кезінде аталмыш туристік аймақты халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керектігін айтып, ол үшін биыл кешенді жұмыстар қолға алынатынын жеткізген болатын. Ең басты жаңалық – биыл демалыс қалашығының бас жоспары әзірленуі тиіс. Демек, енді туристік әлеуеті зор аймақты дамытудың кешенді жоспары жасалып, бұл өз кезегінде жалпы облыс туризміне де жаңа серпіліс әкелері сөзсіз.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button