Қаладағы үйлер жылыту маусымына дайын ба?
Өскемендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандар жылыту маусымына 88 пайыз дайын. Бұл туралы қаладағы жылу электр орталығының жұмыс барысымен танысқан шаһар басшысы Жақсылық Омар мәлім етті.
Енді апта сайын қалалық әкімдіктің жанынан құрылған арнайы штаб өкілдері алдағы қысқа әзірліктің қалай жүріп жатқанын тексереді. Сондай-ақ рейдте мамандар көмір тапшылығы мәселесінің туындамауын да қадағалайтын болады.
– Жалпы, жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүруде. Қазан айына дейін әзірлік деңгейі 100 пайызға жетеді. Жуықта Стрелка ықшам ауданындағы жылыту құбырларын тексеріп көрдік. Бәрі ойдағыдай. Енді Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы қысқа әзірлік жұмыстарын пысықтайтын боламыз. Ал көмір қоры жеткілікті. Алаңдауға себеп жоқ. Біз әзірше жылыту маусымына 18 мың тонна көмірді дайындап қойдық, – деді «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның бас директоры Ринат Уразбаев.
Айта кетейік, қысқы маусымда өскемендіктерді жылыту үшін 36 мың тонна көмір қажет. Ал бүгінде қаладағы электр станциялары мен жылыту қазандықтары 12 мың тонна қатты отынмен қамтамасыз етіліпті. Қалалық әкімдік өкілдерінің сөзіне сенсек, алдағы қыста көмір тапшылығы мәселесі туындамайды. Сондай-ақ суық түсе салысымен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу дер кезінде беріледі деп күтілуде.
– Қала әкімдігі «Қаражыра» АҚ мен «Майкөбе» кен орнынан арзан бағамен көмір сатып алу жөнінде келісімшартқа қол қойған еді. Соған орай әлеуметтік көмірді облыс орталығының Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылары, бірінші және екінші топтағы мүгедектер ала алады. Төмендетілген бағамен көмір алу жөніндегі өтінішті жергілікті өзін-өзі басқару комитеттеріне тапсыру қажет. Бүгінде күн сайын аталмыш кен орындары Өскеменге 20 вагон көмірді жеткізумен айналысуда, – деді Жақсылық Омар.
Рейд барысында шаһар басшысы «Өскемен жылу жүйелері» АҚ мен қалалық жылу электр орталығының басшыларына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Ажар Сағатбекова