Қоғам

Алаңда сарбаздар сап түзеді

Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай Республика алаңында мерекелік концертпен қатар, сарбаздарымыздың салтанатты шеруі, әскеріміздің қару қуаты халық назарына ұсынылды.

Алаңда сарбаздар сап түзедіМерекелік әскери қойылымдарды облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев, Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаев, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының басшылары, ардагерлер және басқа да қонақтар тамашалады.

Ең алдымен алаңға әдемі мерекелік көйлек киген сұлулармен жарасқан 50 әскери жұп шықты. Олар шыр көбелек айнала вальс биледі. Қимылдары көз сүйсіндірер сарбаздардың саптағы аяқ алыстары мереке айшығын аша түскендей.

Сарбаздардан соң алаңға ЗУ-23-2 зениттік қондырғылы техникасы шықты, аға сержант Қанат Қойбағаров басшылық жасайтын жойқын қарудың барлық мүмкіндіктері жұрт алдында толықтай көрсетілді. 23 миллиметрлі зениттік қару әуе шабуылдарын тойтаруға арналған. Ол 2500 метр қашықтыққа дейін оқ атып, 1500 метрге дейінгі әуе нысандарына шабуыл жасай алады, сонымен қатар қуатты қару ашық алаңда топталған тірі күштерді құртуға арналған. Техниканы жол жағдайынан соғыс жағдайына ауыстыру үшін бар-жоғы 15-20 секунд жетіп жатыр. Аузынан ажал бүркетін ЗУ-23-2 (екі автоматтан) минутына 1600-ден 2000-ға дейін оқ жаудыра алады.

БМ-21 град соғыс техникасының күш-қуаты да жұрт алдында жан-жақты көрсетілді. 122 миллиметрлік дала қаруының түпкі нұсқасы Ұлы Отан соғысы жылдарында шыққан БМ-13, яғни, атақты «Катюшадан» басталады. Реактивті жүйе арқылы от шашатын қару еліміздегі құрлық әскерлеріне арналған.

122 миллиметрлік Д-30 гаубицасын алаңға артиллерия дивизионының капитаны Серік Жақыпов бастап шықты. Аталмыш құрал жаудың артиллериялық қаруларын және танктерін құртуға арналған. Ол 15 400 метрге дейінгі қашықтыққа жарықшақты-фугас снаряды арқылы соққы бере алады. Ал белсенді-реактивтік снарядтар арқылы соққы беру қашықтығын 21 900 метрге дейін ұлғайтуға болады екен. Соңғы 10 жылда мұндай қаруды әлемнің 47 елі әртүрлі соғыс қимылдарына қолданып келеді.

Еліміздегі Қарулы Күштердің басты міндеті – әскери күшті жауынгерлік даярлықты қамтамасыз етіп, ел ішіндегі қақтығыстарды, еліміздің шекара аумағында орын алған кез келген заңсыз қимылдарды тұмшалап, тойтара ұстау.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button