Қоғам

«Алғабас» алға ұмтылып келеді

«Алғабас» алға ұмтылып келеді


Өңірімізде еңбегімен елге де пайда келтіріп, өзі де толымды табыстарға жетіп жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Мәулітбек Қалиев.

Сонау 2003 жылы ол жер алып, өз алдына жеке қожалық құрды. Сол кезде небәрі 200 гектар жайылымы, 35 гектар егістігі болған шағын шаруашылықтың ісі оңға басып, алға өрлей берді. Тіпті, атын «Алғабас» қойғанына қуанды да. Аздаған малының басы өсіп, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде «асыл тұқымды» мал фермасы мәртебесін алды. Бар мүлкін кепілге қоя отырып, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, уақытымен жауып, ісін одан әрі дамытты. Алғашында небәрі 10 адамға жетпейтін шаруашылық жұмысшыларының саны 60-тан асты, науқан кезінде 100-ге дейін жетеді. Ал жер көлемі 16621 гектарға дейін өсті. Оның ішінде 2500 гектар жерге егін салады.

Егетіні – бидай, арпа, күнбағыс. Ірі қараны өсіруге ерекше ден қойып, оны 1200 басқа дейін жеткізді. Шетелден асыл тұқымды ірі қара сатып алды. 226 бас «Шароле», 475 бас «ангусты» табынына қосты. Бұл 2013 жылы еді. Қазір 1228 бас «байыс» қойын өсіріп отыр. 1668 жылқысы бар. 2013 жылы мал бордақылау алаңын іске қосқан.

Ал Мәулітбек Құсманұлы – тек іскер азамат қана емес, замана көшіне ілесе білетін, бизнестің қыр-сырын жете меңгерген ізденімпаз азамат. Қожалықтағы орташа айлық еңбекақы – 60 мың теңге. Оның сыртында сыйақы, әлеуметтік көмек, тағы басқасы бар. «Алғабас» атқаратын жұмысына байланысты мемлекет тарапынан субсидия алады. Жылына 90 тонна ет өткізіп, 100 бас асыл тұқымды мал сатады.

Шаруашылық «Алғабас» деген атына лайық күннен-күнге алға ұмтылып, дамып, қанатын кеңге жайып келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button