Қоғам

Қалаға бір рота полиция қажет

Қалаға бір рота полиция қажет
2017 жылдың алғашқы айынан бастап елімізде жол қозғалысы мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты енгізілген өзгерістер, атап айтқанда, жол-патрульдік полицияларының тек автопатрульдік бақылауға көшіп, қолындағы ала таяқтың алынып тасталуы облыс орталығындағы жол-сақшылары қызметінің сапасын жақсартпаса, төмендеткен жоқ екен. Қаңтар айының қорытындылары Өскеменде өткен айда жол жүру ережесін бұзу фактілері 2016 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда 24,3 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр.
– Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальоны құрамымен қаңтар айында қалада 3697 жол ережесін бұзу фактісі анықталды, былтырғы жылдың осы айында ол 4883 болған. Соның ішінде өткен айда көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесу, жылдамдықты асыру, жүргіншіге жол бермеу, жүргіншілердің жол ережесін бұзуы жағдайлары әлдеқайда төмендеді. Жол-көлік оқиғалары да біршама азайды. Осылайша, жезлдарды пайдалануға тыйым салынған ЖППБ құрамының жұмыс нәтижесіне кері әсерін тигізген жоқ , – деді Өскемен қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы Александр Соколовский қала әкімдігінде өткен кеңесте.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы Өскеменде қала көшелерімен бірге тұрғын үйлердің аулаларын бақылау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп отырғанын, бұл ұрлық-қарлық, бұзақылық қылмыстарының бетін көптеп ашуға мүмкіндік бергенін айтты.
– Жергілікті полиция қызметінің Өскемен қалалық жол-патрульдік полициясы батальонында қазір кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Батальон құрамында бүгінде 341 қызметкер бар. Әр ротада 50 шақты полиция жол, көше қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Дәл бүгінгі күні бізге 47 полиция қызметкері керек, осыншама полицияның, яғни, бүтіндей бір ротаның орны бос тұр, – деген Александр Соколовский полиция қатарын толықтыратын жастарды іздеп газетке де, теледидардағы «жүгіртпе жолға» да хабарландырулар беріп келе жатқандарына қарамастан полицияға жұтап отырғанын жеткізді.
Бұрын ала таяғымен айбарлы көрінетін бұл қызметке жастардың жоламауына таяқсыз қалдырған жаңа реформа әсер еткен бе? Жоқ. Жас жігіттердің жол-патрульдік полициясы батальонына бармауына жалақысының аздығы және баспананың болмауы, берілмейтіндігі басты себеп болып шықты.
– Біздегі қатардағы батальон полицияларының еңбекақысы өте мардымсыз, 60 мың теңге. Бұл қызметке тұратындардың басым бөлігі – аудандардан келіп жатқан ауылдың жастары. Олардың қалада тұрып еңбек етуіне баспана қажет. Пәтер жалдауға еңбекақының аздығы мүмкіндік бермейді. Міне, қазір 30-40 адамның жұмыстан кетуге орай жазып берген өтініші алдымда жатыр. Оның бәрін қоя берсек, мүлде мамансыз қаламыз. Пәтер жалдау ақысын төлеуге жеңілдіктер беру жағы қарастырылмай келеді. Қызметке тұру үшін жас жігіттердің әскерде болуы да басты шарт, – дейді басшы.
Қоғамдық кеңес мүшелерінен маман тапшылығы мәселесін, баспанамен қамту мәселесін шешуге көмектесуді сұраған басшының бұл өтініш-тілегі хаттамаға толтырылды. Қайыры болса игі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button