Қалаға қатынау мұң болды
Облыс орталығының іргесіндегі 23-ықшам ауданның халқына күнделікті қалаға қатынау мұң болып тұр. Олардың қоғамдық көлік мәселесін көтергеніне де жарты жылдан астам уақыт өткен. Өкініштісі, аталмыш мәселе бұған дейін де облыстық «Дидар» газетінде екі рет жазылса да, қала билігі тұрғындар тілегін қанағаттандыруға асығар емес. Кезекті рет редакцияға хабарласқан ықшам аудан тұрғындарының өтініші бойынша өзекті мәселеге тағы бір айналып соғып, автобус тосқан ағайынның арызын тыңдап қайтқан едік.
Қоғамдық көлік мәселесі былтыр көктемде басталған. Осыған дейін үлкен автобус жүріп тұрған №53 «В» бағыты жолаушылар легі төмен деген себеппен алынып, орнына № 253 «Өскемен бекеті – 23 ықшам аудан» маршруты ашылған. Бұл жөнінде төменде сол кездегі Өскемен қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Ержан Қоңырбаевтың 2016 жылдың 10-тамызында берген жауабын келтіреміз.
«23-ықшам аудан жаққа № 53 «В» маршрутын қайта жаңарту жөніндегі өтінішті қарап, конкурс өткізілгенге дейін жолаушылар легінің төмендігінен № 53 «В» маршруты алынғанын және № 253 «Өскемен бекеті – 23-ықшам аудан» маршруты ашылғандығын хабарлаймын. Маршруттың қозғалыс сызбасы 22-23 ықшам аудандар тұрғындарының өтініштері негізінде екі рет ауыстырылды. Екі жағдайда да маршрут «Колос» және «Автобекет» аялдамалары арқылы өткен. Алайда, осы бағыттардағы жолаушылар легі аз болған.
Тасымалдау көлемін тексергенде 22 және 23-ықшам аудандар жолаушылары негізінен 30 минуттық қозғалыс интервалымен жұмыс істейтін және барлық қалалық автобус аялдамаларына тоқтайтын «Автобекет – Қасым Қайсенов атындағы кент» қала маңындағы маршрутымен жүретіндігі анықталды. Сол себепті де жоғарыда атап өткендей, осы бағыт бойынша өте төмен және маршруттарды ұйымдастыру үшін жеткіліксіз жолаушылар легі қалыптасқан.
Сондай-ақ, жарияланған конкурсқа ешкім өтінім берген жоқ және жолаушылар мен жүктерді тасымалдау маршрутына қызмет көрсету құқығына арналған конкурс болмаған деп танылады».
Дәл осыған ұқсас жауап арада төрт жарым айдай уақыт өткенде газет тарапынан жіберілген сұранысқа ендігі Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаевтың тарапынан 2016 жылдың 26-желтоқсанында екінші рет қайтарылды. Тек 22-23-ші ықшам аудандар тұрғындарынан түскен көптеген өтініштер бойынша енді конкурс өткізілгенге дейін № 253 «Өскемен бекеті – 22-ықшам ауданы – 23-ықшам ауданы» маршруты ашылатыны қосылған. Бірақ нақты уақыты көрсетілмеген.
Алайда, тұрғындар ықшам автобустың қызметіне де, берілген жауапқа да қанағаттанбаған. Олардың өз айтарлары да аз емес.
– Бұрын жүрген №53 «В» бағытындағы үлкен «ПАЗ» маркалы автобустар тұрғындар үшін қолайлы әрі кең болатын, ықшам ауданның ішіне кіріп, көшелерін аралап шығатын. Олар тоқтаған соң ықшам автобустар жүрген еді. Соңғылары жол нашар, батпақ дегенді алға тартып, көшелерге кірмеді. Ол аздай, Қасым Қайсенов кентіне апаратын жолдың бойына ғана тоқтап, қалаға қайтып кетіп жүрді. Артынан олар да тоқтап қалды. Қазір қыс мезгілі, күн суық, жер тайғақ. Балалар мектепке барғанда қиналады. Онсыз да тұрғындар жол бойына дейін 2-3 шақырым жаяу келетін болса, Қ.Қайсенов кентінен сағат сайын жүретін автобусты да тоса алады. Бірақ ол үнемі толы келеді. Бұл күнделікті қалаға баратын жасы үлкен адамдарға, оқушы балаларға өте қиын. Бұл мәселені осымен бірнеше рет көтеріп отырмыз. Өтінішіміз, қала әкімшілігі бұрынғы үлкен автобусты қайта ашып берсе екен. Жолаушылар болмайды емес, болады, оның бәрі бекер сөз, – дейді мұндағы Дробышев көшесі, 123 үйдің тұрғыны Мирас Қасенов.
Ауылдасының айтқанына Түгелбай Қанафин, Зейнолда Ілиясов, Марат Қабылбаев секілді азаматтар да қосылады.
– Мұндағы адамдардың көбі – зейнеткерлер мен оқушылар. Олардың бәрінде жеке көлік жоқ. Дәрігерге барарда, қаладан арзан азық-түлік алуға келгенде қиналамыз. Жедел жәрдем, таксилер де келмейді. Өзімізді орталықтан бөлініп қалғандай сезінеміз. Әсіресе, оқушыларға қиын. Ләйлә, Ақылжан атты екі оқушы немерем бар. Екеуі де Жібек маталар комбинаты ауданындағы №45 мектепке қатынап оқиды, – дейді ықшам ауданда 25 жылдан артық тұрып келе жатқан зейнеткер Зейнолда Ілиясов.
– Менің де 6 және 0 сыныпта оқитын екі балам бар. Қалада №1 мектепте оқиды. Кеш қайтқанда алаңдап отырамыз. Қарлы-боранды күндері жолдың шетіне дейін жаяу келу қиын. Оның үстіне көшеде жарық та жоқ, бос жүрген иттер де көп. Күнде кешкісін үлкен тас жолдан тосып аламыз. Сұрайтынымыз мүмкіндік болса, таңертең және кешкі уақытта 2-3 рет, түсте 1 рет қатынап тұрса. Әйтпесе, ешкім де 15, 30 минут сайын жүріп тұрсын деп талап қойып отырған жоқ, – дейді осы жердің 15 жылдан бергі тұрғыны Марат Қабылбаев.
Байқағанымыздай, ауылдың орталығында қысқы жол сайрап жатыр. Көшелерді де жеңіл көлікпен аралап шығуға мүмкіндік бар. Тіпті, орталықтағы «Нұрай» дүкенінің жанына аялдама да қойылыпты. Жиналған адамдар қарасын байқаған оқушылар да үлкен жолдан бері бұрылып, қасымызға жақындады. Олар да қалыптасқан мәселені жасырмай ортаға салды.
– Қаладағы №16-мектепте 9-сыныпта оқимын. Автобус жоғы қиын болып тұр. Күнде үлкен жолдың шетіне жаяу шығып тосамыз. Ол кейде толып келеді. Кейде, тіпті тоқтамай кетеді. Сабақтан соң түрлі қосымшаларға қатысып, кеш қайтқанда қорқамыз. Қалаға күнделікті 20-дан астам оқушы тұрақты қатынаймыз. Егер жаңа маршрут ашыла қалса, жүретін уақыты Қ.Қайсенов кенті автобусымен бұрынғыдай қатар болмаса, содан соң іргелес Меновное ауылын араламай тікелей өзімізге қатынап тұрса, нақты уақыты көрсетілсе, автобус күнделікті толады, жолаушыларды ұйымдастыруға болады, – дейді оқушылардың бірі Далина Сайлаубекова.
Аудан тұрғындары бұл мәселені биылғы қаңтар айында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда Парламент Мәжілісінің депутаттары Василий Олейник пен Александр Сусловқа да арнайы келіп қойған болатын. Бұл жолы тұрғындардың әлеуметтік проблемаларын аудан тұрғыны Мариза Хамзина көтерді. Депутаттар мәселені тиісті органдарға жолдап, шешілу барысын жеке бақылауға алатындарын, облыс басшысына да жеткізетіндерін айтқан.
Аталмыш мәселені жуырда қалалық қоғамдық көліктердегі жол жүру тарифіне қатысты өткен арнайы брифингте кезекті рет қала басшылығының алдына қойдық. Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Асқар Жақсылықов жақын уақытта 22-23-ықшам аудандар бағытына қайтадан ықшам автобустар қатынай бастайтынын мәлім етті.
Алайда, бөлім басшысының айтуынша, егер шығын ақталмаса, олар да көп ұзамай алдыңғыларының кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде жолаушы тасымалдаушылар мен тұрғындар өзара бірлесе әрекет еткенде, жоғарыда айтқан жағдайлар ескерілгенде ғана мәселе біржақты оң шешімін таппақ.
Р.S. Материал газетке дайындалып жатқанда ауыл тұрғындары редакцияға хабарласып, орталықтағы аялдамаға ағымдағы жылдың 25-қаңтарынан бастап №253 «Өзен вокзалы – 23-ықшам аудан» бағытында тек жұмыс күндері ғана таңертең және кешке ықшам қоғамдық көлік жүре бастайтындығы туралы құлақтандыру ілінгенін хабарлады.
Дәурен Аллабергенұлы