Қоғам

Қала сыртындағы қалашық

Қала сыртындағы қалашық


Кез келген елді мекеннің іргесінде жыл санап ұлғайып келе жатқан кішігірім қалашықтар бар. Қала тұрғындарынан айырмашылығы – ондағылар ештеңеге зәру емес. Өйткені ол жер – адамзат баласының мәңгілік мекені.

Өскеменнен 15-20 шақырым шыққанда, Күршім-Самар бағытындағы күре жолдың сол қапталында ел «Самсоновка» атап кеткен мұсылман бейіті бар. Осыдан он шақты жыл бұрын қала маңындағы бейіттерде кісі жерлейтін орын қалмағасын қалалық әкімдіктің ұйғарымымен сол жер мұсылман бейітіне бөлініп берілген. Содан бері ол жерге жерленгендердің саны 2,5-3 мыңға жетіп қалған көрінеді.

Негізі, Самсоновканың өзге жерлерден ерекшелігі, қашан барсаң да, тынбай соғып тұратын бір желі бар. Қысы-жазы солай. Содан да болар, жергілікті халық ол жерді Желдіөзек атап кеткен.

«Жақсыдан шарапат» деген осы болар…

Бүгінгі сөз етпегіміз – осы Желдіөзектегі мұсылман бейітінің бет-бейнесі. Сол жерде күнделікті қабір қазып, зират жинап жүрген қазақ жігіттерінің тыныс-тіршілігі.

Қазіргі күні аумағы 15 гектар жерді алып жатқан мұсылмандар бейітінің Желдіөзектен бой көтеруіне Бошай Кітапбаев ақсақалдың сіңірген еңбегі зор көрінеді. Жарықтық ерекше атқұмар адам еді ғой. Өзі қалада тұрып жатса да, елден ала келген үш-төрт бас жылқысын сол маңдағы ауылдардың бірінде ұстаған секілді. Соңғы жылдары қаланың ішкі аудандары мен іргесінде орналасқан ескі мұсылман бейіттерінде кісі жерлейтін орын қалмай бара жатқанын байқап жүрген зерделі ақсақал сол жерден арлы-берлі өтіп жүргенінде, «Болашақта Өскеменге таяу маңнан мұсылман қауымын жерлеуге осыдан қолайлы жер табыла қоймас» деген ой түйсе керек. Біріншіден, ол жерге «су жайылып кетеді» дейтін емес, өр жер. Екіншіден, үлкен трассаның бойында, қолсозым
жерде ғана тұр. Ең бастысы, қаладан онша қашық емес. Ол кезде бұл жер иесіз болмаса да, иен жатқан мал жайылымы ғана болатын.

Қала сыртындағы қалашық

– 2005 жылдың жазы болатын. Бір күні қасында екі-үш адамы бар Бошай ақсақал келе қалды. Амандық-саулықтан соң бірден келген шаруаларын айтты. Жер, шынымен де, алғаш тәуелсіздік алған жылдары сол совхозда ұзақ уақыт жұмыс істеген бірнеше адамға, ішінде мен де бар, пайға бөлініп берілген болатын. Мәселенің мәнісін түсініп, келісім беруге тура келді. Содан Бошекең сол кездегі облыстың, қаланың басшыларына барып жүріп, осы жерге рұқсат алып берген. Ақыры, өзі де осында келіп жай тапты ғой, жарықтық, – деп есіне алады бейіттің бас шырақшысы Бауыржан Тоқтарбекұлы.
Баукең өзінің отбасымен Желдіөзек (Самсоновка) бейітінің басында бақандай бес жыл тұрыпты. Не нәрсе айта салғанға ғана оңай ғой. 2005 жылы басталған бұл игі бастаманың өзіндік қиындықтары да, көзге көрінбес кедергілері де болмай қалмаған секілді. Жаңадан ашылмақ бейіттің таусылып бітпейтін құжаттамаларын айтпағанда, 15 гектар жерді әуелі тегістеу, ойпаң жерлеріне қиыршық тас тасып әкеп төсеу, бөлінген аумақты өлшеп, оны темір шарбақпен қоршау, арнайы сызба арқылы асфальт жол төсеу, шырақшы тұратын үй салу, оның гаражы дейсіз бе, толып жатқан жұмыстарының өзі екі-үш жылға созылыпты.

Бұл жұмыстардан соң «Енді бұл жерге кісі жерлеу мәселесі қалай болмақ?» деген мәселе бой көтереді.

– Сол кездерде, шынымен де, біраз қолайсыз жағдайларға тап болғанымыз бар. «Осындай-осындай жерде жаңа бейіт ашылды, болашақта қайтыс болған туыс-туғандарыңды осында әкеліп жерлеңдер!» деп, халыққа хабарландыру бергеннің өзі біртүрлі, құлаққа түрпідей тиеді екен. Бұл жағынан мешіт қызметкерлері өз тараптарынан зор үлестерін қосты. Сөйте-сөйте жұрт бір-бірінен естіп, біртін-біртін осы күнге жетіп отырмыз ғой. Ең алғаш осы бейітке өзімнің таныс досымның әпекесін жерлегеніміз әлі есімде, – дейді шырақшы.

Өзге елге үлгі болған Желдіөзек

Қазір Самсоновкадағы бұл бейіт өзінің күн сайын бой көтеріп келе жатқан біркелкі келбетімен, реттілігімен, халыққа қызмет көрсету үлгісімен және өзіне тән тазалығымен ел аузындағы әңгімелерге арқау болған. Арқау болғаны сол, мына тұрған Семей мен өңіріміздегі қайсыбір аудандарды айтпағанда, сонау Павлодар, Астана, Қарағанды қалаларынан әкімдіктің арнайы адамдары келіп, суретке түсіріп, бас шырақшы Баукеңнің бейітті ашу жұмыстарына қатысты біраз ақыл-кеңесін тыңдап кетіпті. Айтуларынша, болашақта өз елдерінде де дәл осындай үлгімен жаңа мұсылман бейітін ашатын жоспарлары бар көрінеді.

Самат, бүгінгі бейіттің шырақшысы әрі қабір қазушы:

– Отбасыммен осында тұрып жатырмын. Негізгі жұмысым – қабір қазу. Үш-төрт жігіттен жасақталған үш бригадамыз бар. Бір күнде төрт қабір қазған кездеріміз де болған. Жалпы, орта есеппен айына 20 қабірдің о жақ, бұ жағында қазамыз. Мысалы, желтоқсан айында 23 адамның қабірін қаздық. Әсіресе қыс мезгілінде қабір қазған өте ауыр. Жердің беткі қабаты 100-120 сантиметрге дейін тоң болып қатып қалады. Отбойный молотоктың өзі шыдас бермей, бірінен соң бірі сынып қап жатады.

Желдіөзек бейітінің көпшілікке қызмет көрсетуде белгіленген бағалары бар. Оны біреу білсе, біреу біле бермейді. Ең бастысы, кез келген адамға жер саудаланбайды, яғни тегін беріледі. Ол жайында еліміздің Конституциясында айқын көрсетілген. Қайтыс болған адамын жерлеу мәселесімен келгендер бейіт шырақшысының көрсеткен жерінен қабір қазуларына болады. Алайда күнде қабір қазып жүрмеген адамға бұл оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан келген адамдардың барлығы дерлік бейіт басында арнайы қабір қазатын бригаданың көмегіне жүгінгенді жөн санайтын секілді.
Бейіттің тұрған жері жеке кәсіпкер ретінде Бауыржан Құсайыновтың атына тіркелгендіктен, қайтыс болған адамдардың қабірін қазу да, бейітінің басын көтеру жұмыстары да осы кісінің құзырында. Бірақ ол тапсырыс берушілерге ұсынып отырған қызмет түрлерінің бағасын өз бетімен белгілей алмайтын көрінеді.

– Ол баға жыл сайын қалалық әкімдіктің, ақсақалдар алқасының келісімімен бекітіліп отырады, – дейді Бауыржан Тоқтарбекұлы.

– Айталық, қабір қазудың белгіленген өз бағасы бар. Ол жаздағыға қарағанда, қыстың күні біршама қымбат. Сондықтан бүгінгі, тек қана қабір қазу бағасы 30 мың теңге. Адамды жерлеу кезінде қажет болатын плиткасын, кірпіштерін, целлофаны мен бас тақтайын барлығын қоссақ, 54 мыңға шығып тұр.
Ал бейіттің басын көтеру жұмыстарының есеп-қисабы бөлек. Ол баға, бізде стандарт деген бар. Алдыңғы жағын арка етіп жинайды да, артқы жағы мен қабырғаларын тұрған адамның белінен сәл жоғары етіп көтереді. Бұл стандарт баға 238 мың теңге. Әрмен қарай тасының размері, оған салынатын суреті, бұрыш-бұрышына қойылатын айы, отыратын орындығы, тағы басқаларының бағасы тапсырыс берушінің қалауына қарай көтеріле береді.

Мұндай жер табу енді оңай болмас

Бейіттің ішкі жолдарының қарын тазалау жұмыстары әкімдікте өткізілетін тендер жеңімпазының мойнында. Былтырдан бері ол жеңімпаздар қар тазалауды мүлдем қойды. Түрлерін де білмейміз. Былайғы жұрт оны білмейді де, қит етсе, «Жолды неге тазаламайсыңдар?» деп, бізден талап етеді.

Егер менің меншігімде қар тазалайтын тым болмағанда бір техника болса, бұл жерде ондай проблема туындамас еді. Қала көшелерінің тазалығын бақылап, қарын күрейтін «Өскемен-тәртіп» мекемесінен күнде техника бөліп тұру мүмкін емес. Оның келіп-кетуінің өзі зор шығын. Ал бұл жердің желінің үздіксіз соғатыны соншалық, боранды күндері бір күнде үш-төрт рет қар тазалауды қажет етеді.

Вырезка: Әттең, қол қысқа, әйтпегенде құны 10-12 млн. теңгенің маңында қар күрейтін жақсы техникалар бар. Солардың бірін сатып алып, тек қана қыс маусымында қар күреуге пайдалансақ, қандай тамаша болар еді.

Қала сыртындағы қалашық

Ендігі бір маңызды мәселе осы мұсылмандар бейітінің жер көлеміне байланысты туындап отыр.

– 2009 жылы алғаш ашылғанда, бұл жерге бар болғаны жеті-ақ адам жерленген болатын. Содан бергі уақытта осыннан тұрақ тапқандардың саны 3 мыңға таяп қалды. Әу бастағы есебіміз бойынша, мына қоршалған жер «15-20 жылға жетеді» делінген болатын. Өлім-жітімнің көбейіп жатқанына қарағанда, бұл жер 10 жылға ғана жететін секілді. Сонан соң қайтадан жер іздеу керек болады, – дейді Баукең. – Бүгінгі таңда қар суының астында қалып қоймайтын, өзі қаладан қашық емес және күре жолдан қолсозым жерде ғана орналасқан дәл осындай қолайлы жер табу оңай болмайды. Сондықтан сіздердің газеттеріңізді пайдаланып, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мырзаның назарын мынаған аударғым келеді. Қазіргі бейіттің арғы жағындағы 35 гектар жерді мұсылман бейітінің аумағына қосып берсе, ол, шамамен, 70 жылға жетіп қалуы мүмкін. Мен ол жер Өскемен қаласы әкімдігіне тиесілі болған соң айтып отырмын.

Баукеңнің жер тарылып барады дегеніне орай, мына бір деректі келтіре кетсек. Жыл сайын өткізіліп тұратын статистикалық дерек бойынша, осыдан төрт жыл бұрын Өскеменде бір күнде қайтыс болған 11 адамның үшеуі қазақ ұлтынан болған болса, бүгінгі күні ол көрсеткіш бес адамға жетіпті.

Бұл аз ба, көп пе? Аз-көбін қайдам, әйтеуір, Самсоновка зиратына анда-санда бара қалғанда, былтыр ғана өз қолыңмен топырақ салған танысыңның басына бір ауыз аят оқиын десең, бейітін таппай табаныңнан таусыларың анық…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button