Қала ортасындағы «трущоба»

Биік-биік мұржалардың дәл түбінде орналасқан бұл барақтарда сырттай қарасаң ешкім тұрмайтындай көрінеді. Жақтаулары қисайған, шынының орнын қаңылтыр, шүберек алмастырған терезелер, ашық-шашық есіктер…Күн санап шөгіп бара жатқан бұл үйлерде біршама отбасы жан бағып отыр. Олар да – «Ақылды қалаға» айналып келе жатқан шаһардың тұрғындары. Бірақ мұңы басқа…
Өле-өлгенше көртышқанмен алысты
Бірінші қабатта тұратын Артемның айтуынша, көзін ашып көргені осы – қабырғасы сөгіліп, төбесі тесілген баспана, бұрыш-бұрыш пен саңылауларды мекендеген көртышқан мен тарақандар. Бұл үйде кезінде әжесімен тұрған. Балалық шақтан көз алдында қалғаны – үйдегі қақпандар мен әжесінің үнемі көртышқандармен алысып жүргені. Алайда әжесі барда, бұл үй оған хан сарайындай еді. Оның қайтыс болғанына біраз жылдың жүзі болыпты. Бөлме-дала-бөлме. Оның пәтерінің қазіргі көрінісі осындай. Жатын бөлме мен асүйдің ортасында бір кезде зал болған. Өткен қыста оның көше жаққа қарайтын қабырғалары шытынай бастаған. Қаңтардың қақаған аязында қырау басып, көктемде көгере бастаған қабырғаларды қанша сылағанымен сырттағы суық пен ылғалдан сылақ опырылып түседі дейді үй иесі. «Жылуды қиып тастаса, бұл қабырға құлап түсетін де шығар», – дейді ол. «Өскемен жылу жүйелері» қарызға белшеден батқан тұрғындарға одан құтылып, жертөледегі тозығы жеткен құбырларға жөндеу жүргізбесе, үйді толықтай жылудан ажыратамыз деп жылда ескертетін көренеді. Алайда жөндеу жұмыстарын жасап, үйді таза ұстауға мұндағылар құлықсыз. Өйткенібұл үйді паналап отырғандардың басым көпшілігі – заңсыз тұрғындар. Тіпті бұл үйді жылудан толықтай ажыратып тастаса да, олар темір пеш орнатып, одан қалса жылытқыштарды іске қосып, өмір сүре береді. Апатты жағдайдағы үйдің апатты сымдары тұйықталып, өрт шықса да, олар ешқайда кетпейді. Өйткені олардың басқа барар жері жоқ.
Үйде легенге жуынамыз
Осы үйдің тағы бір тұрғыны Татьяна Кочарова айтады:
– Жұбайым кезінде осы іргеміздегі зауытта жұмыс істеген. Кеңес үкіметі құлаған тұста қысқартуға ілініп, жұмыссыз қалды. Үй де ала алмадық. Тұрмаған жеріміз жоқ. Жұбайым қайтыс болған соң, оның досы осы жерден пана тауып берді.Бұл екі мыңыншы жылдардың басы болатын. Содан бері осындамыз. Қызым бар. Қазір мектепте,-деп ол көзін төмен салды.
Бұрышта екі қабат қылып қолдан жасалған темір кереует тұр. Олар осы жерде ұйықтайды. Екі төсекті қатар қоюға орын жоқ.Қолжуғышты дәл есіктің жанына орналастырыпты. Өйткені шағын бөлмедегі әр сантиметр қымбат.
-Үйде легенге жуынамыз. Көшенің арғы бетінде құдық бар. Суды сол жерден тасимыз. Жақсылып жуыну керек болғанда таныстарымыздың үйін жағалаймыз. Моншаға баруға кейде ақшамыз болмай қалады,-дейді ол мұңын шағып.
Ол өзін де, үйін де суретке түсірмеуді өтінді. Ұяламын дейді. Көптен бері жуылмай, майланып кеткен шашы үшін, су аға-аға сарғайып кеткен төбе үшін, қанша жабыстырсаң да. ылғалдан ашылып қала беретін тұсқағаздары үшін… Науқас қызына бұдан артық жағдай жасай алмай отырғаны үшін… Ол газет бетінен оқырманға құрғақ уәдеден, өмірден шаршаған мұңлы әйелдің қарап тұрғанын қаламайды.
Осы үйдің барына да тәубе
Ал алты баласы бар Баян Жураева осы үйде он жылдан астам уақыт тұрады. Көпбалалы ана ретінде үйдің кезегіне тіркелген. Айтуынша, қазір алдында 184 адам бар. Екінші қабаттағы олардың пәтеріне күзде ағаш құлаған. Пәтер иелері кооперативі болмаған соң, төбені өз күшімен жөндеуге тура келді.
– Бұл үйлердің төбесіне көтерілуге ешкімнің дәті бармайды. Төбеде бейберекет жатқан токтың сымдарынан сескенеді. Жаңбыр жауып тұрса да, жанымызды шүберекке түйіп, өзіміз көтерілдік. Төбені жапқан болдық, бірақ жаңбыр жауса, бұрыштан су сорғалайды. Күзде үш күн қатарынан жауын жауғанда бұл үй бізге пана болмады. Ылғалдан балалар да ауырып қалды,-дейді ол.

Алайда Баян бұл үйдің барына да тәубе дейді. Жалғыз асыраушысы жұбайы өзбек елінің азаматы көрінеді. Бұл үйдің тұрақты табысы – кәмелетке толмаған бес баласына алатын он мың теңге жәрдемақысы ғана. Апатты жағдайдағы бұл үй сүрілсе, заңсыз тұрғынның бірі Баян алты баламен далада қалары анық.
Қонақ шақырғанға ұяламын
Ал жиырма жылға жуық осы үйді паналап келе жатқан Шынар Асылжанованың айтуынша, бұл барақтар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында-ақ апатты деп танылып, сүрілуі тиіс болған.
-Бос пәтерлерге өздігімен кіріп алып, заңсыз тұрып жатқандармен алысқаныма талай жыл болды. Олар жылуға ақша төлемейді, подъезді таза ұстайық, жөндейік десем, ешқайсысы құлақ аспайды. Мұнда тұрғындар жиі ауысады. Көбісі ішкіштер,-дейді ол.
Оның айтуынша, қаз-қатар орналасқан бірнеше барақтардың тек осы Шынар тұратын үйдегі үш пәтердің тұрғындары ғана заңды тіркеліп, пәтердің ресми иелері болып табылады. Қалғандарының барлығы – заңсыз тұрып жатқандар. Олар осы үш пәтердің тұрғындарын жанындағы Гастелло көшесіндегі үйлерге көшіреді деген сыбысты естігендерін айтады.

-Әрине, ол үйдің де жағдайы мәз емес. Бірақ онда құрығында жуынатын бөлме мен дәретхана бар. Мұнда жалғыз тұратындықтан, маңайымдағылардан қорқатын кездерім болады. Жалпыға ортақ дәретхана далада. Кеш қарайғанда оған бару да мұң. Небір адамдар тұрады мұнда. Қонақ шақыруға да ұяламын. Өйткені, шыны керек, «трущобада» тұрып жатырмын,-дейді ол.
Шынар Асылжанова жағдайын айтып, шенеуніктердің табалдырығын тоздырғалы да біраз жылдың жүзі болыпты. Жуықта Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың қабылдауына да жазылған көрінеді. Елуді еңсерген жалғызбасты әйелдің соңғы жылдары денсаулығы да сыр бере бастаған. Әйтпесе осы тұрып жатқан үй мен подъездің тазалығын бір өзі қадағалап, құлаған жерін сылап, айналасына гүл егіп, барақтың ғұмырын ұзартумен келген.
Тағдыр, керенаулық, жалқаулық, жігерсіздік – мұның бәріне кінәлі осылар дерміз. Бірақ…
Шынар айтпақшы, осы «трущобалардың» мәселесіне байланысты Өскемен қаласы әкімдігіне хат жолданған. Өскемен қалалық тұрғын үй инспекциясы бізге берген жауапта қала ішіндегі Куйбышев көшесі 57,59, 65 үйлері 2004 жылдың 13 маусымында апатты жағдайда деп танылғандығын хабарлады. «Бұл үйлер қашан сүріледі және заңды тұрғындарына пәтер беріле ме?» деген сауалға «ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғындар көшірілген жағдайда, авариялық үйлерді бұзу жұмыстарын жүргізеді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезекте тұрғандарға кезек ретімен беріледі», – деп жауап берді. Ал «Гастелло көшесіндегі үйлерге көшіріледі деген ақпарат қаншалықты рас?» деген сауалға, өкінішке қарай, жауап алынбады.
Лаура Тілеубайқызы