Қоғам

Қала күні төрт күн тойланады

Биыл Өскеменнің қала күні 13-қыркүйекте атап өтілетін болды. Дегенмен, мерекелік іс-шаралар 10 қыркүйектен басталып кетпек.

Қала күні төрт күн тойланады10-қыркүйекте «Восток» стадионында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен футбол матчы өтеді деп жоспарлануда. Онда Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген мен «МузАРТ», «Ринго», «Нұр-Мұқасан» топтарының жігіттері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің командасына қарсы ойнайды. Ойын соңынан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

11-қыркүйекте қала әкімінің кубогы сарапқа салынатын көңілділер мен тапқырлар клубының республикалық «Жайдарман» ойыны өткізіледі. Оған Қызылорда, Алматы, Павлодар, Семей, Өскемен және Аягөз қалаларының командалары қатысады. Дәл осы күні Өскеменде «көше билерінің» фестивалі де ұйымдастырылмақ.

12-қыркүйекте С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 5 ғимаратында республикалық жас ақындар айтысы өтеді. Оған Астана қаласынан Сырым Әуезхан, Алматыдан Марат Қайыртай, Қарағандыдан Мұхтар Әділов, Қызылордадан Мейірбек Сұлтанхан, Семейден Нұржан Өмірбаев пен Манарбек Сатыбалдинов, Өскеменнен Еділ Майзақов, Қуаныш Еркінұлы, Сая Бірлесбек және Алпыс Жақиянов сынды жас айтыскер ақындар қатыспақ. Жас ақындар айтысына елімізге танымал айтыс өнерінің майталмандары төрелік жасайды деп күтілуде.

13-қыркүйекте Өскеменде көптеген бұқаралық шаралар жоспарланған. Оның ішінде дәстүрге айналған «Алтын-Алтай» фестивалін ерекше айтуға болады. Фестивальға Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, «Аламан», «Мирас» топтары, Клара Төленбаева мен Ерболат Құдайбергенов қатысады. Сондай-ақ, өскемендіктер шетелдік эстрада жұлдыздары «Оттаван» тобы мен әнші Ингридтің де өнеріне куә бола алады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button