Қала әкімі сенбілікке қатысты

Өскемендегі Қазақстан көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласы күресінге айналғандай. Әсіресе, ол жер пластмасса бұйымдар мен бөтелкелерді тастауға арналған орын іспетті. Қалың ағаштың іші жайрап жатыр.
Дәл осы жерде жарыс өтуде. Қандай жарыс дейсіз ғой? Сенбілік жарыс. Жастар мәслихатының депутаты Александра Осипова бас болып, шаһар тарихындағы тұңғыш экосенбілікті сайыс түрінде ұйымдастырған.
– Қаланың қақ ортасы, оған қоса мектепке таяу жердің бұлайша қоқсып жатқаны өте қолайсыз. Ұстаздар мен осы ауланың тұрғындарын бұл жай көптен бері алаңдатып жүріпті. Бірақ өкінішке қарай, ауланы тазартуға ешқандай амал істелмеген. Мәселеден шығар жолды біз таптық-ау деп ойлаймыз. Бұл жарысқа алты топ түсетін болды. Әр топқа үш контейнер бөлінген. Екеуі – пластмасса, қаңылтыр қалдықтарға, ал үшіншісі шыны заттарға арналған. Қазылар алқасы контейнерді тез толтырған топты анықтайтын болады, – деді жас депутат.
Иә, бұл жарыста тұрғындармен бірге қала әкімі де қалдық заттарды теріп, контейнерлерді толтырысты.
– Мұндай игілікті істі бастаушылар табылса, біздің тараптан міндетті түрде қолдау болады. Әлбетте, сенбілік деген ешкімге таңсық емес. Десе де, бұл жолғы шараның бұрынғыдан өзгерек екенін көріп тұрсыздар. Жалпы, айта кету керек, осындай қала көлемінде ұйымдастырылып жатқан сенбіліктердің арқасында 10 мың тонна қоқыс тазаланған екен. Ал оларды шығару үшін жеті мыңдай адам күші жұмылдырылып, 50-дей техника пайдаланылған, – деді Жақсылық Омар.
Сонымен, сайыстың бірінші орнын иеленген топ 100 мың теңге көлемінде жүлде алып, оны өзара бөліске салды.
Иә, сенбі күнгі тазалық қаланың әрбір түкпірінде өтіп жатты. Мәселен, Тәуелсіздік даңғылы, Комсомол көшесі бойындағы үйлердің тұрғындары да аула тазалығына шықты. Защита ықшамауданының халқы да Теміржолшылар саябағын қоқыстан арылтты. Біз солардың бірін ғана сөз қылдық.
Тасқын Болатұлы