Қоғам

Қала әкімі қоқыспен күреспек

Қала әкімі қоқыспен күреспек
Өскемен тұрғындары пәтер иелері кооперативтеріне 241 млн. теңге қарыз. Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омардың кезекті рейдінде мәлім болды.
Өскеменде барлығы 946 аула бар. Сол аулалардағы тазалық мәселесімен қала басшысы өзі айналысуға бел байлапты. Қасына шаһар шаруашылығына жауапты мамандарын ертіп, ғаламторда ластығымен танымал болған аулаларға бас сұқты. Әлеуметтік желіде әңгіме өзегіне айналған ауланың бірі Қабанбай көшесінің 126-үйіне жақын тұрған күлтөгер екен. Жаз бойы пәтеріне жөндеу жүргізген тұрғындар құрылыс материалдарын тау төбе етіп үйген. Қалың қоқыстың үстіне жабайы ағаштар қаулап өсіпті. Бұл маңға жауапты №4 өзін-өзі басқару комитетінің қолында ауыр техника болмағандықтан, көмекке «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің мамандары келіпті. Ет асым уақытта қоқыстан көз ашпай жатқан аула жылан жалағандай жалтырап шыға келді.
Әкім келгенін көріп аулаға шыққан тұрғындар қоқысты бір рет тазартып кеткенмен мәселе шешілмейтінін, тұрғындарға арналған күлтөгерге кім көрінген қоқыс тастайтынын айтып, мәселені жүйелі түрде шешуді өтінді.
– Шынымен де, қоқысты бір рет тазалағанмен мәселе шешілмейді. Оның үстіне қаладағы 946 ауланың барлығына «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің техникасы жетпейді. Оларды үнемі шақыра алмаймыз. Сондықтан бұл жерде жүйелі шешім қажет. Сол үшін бүгін тұрғындармен көзбе-көз сөйлесіп, арыз-ұсыныстарын тыңдау үшін шықтық. Қоқыс алаңдарына рұқсат етілмеген қалдық тастайтын адамдарды тезге салу үшін бейнебақылау орнатуға болады. Осының барлығын қадағалайтын әкімдіктің бөлімдері бар. Олардың да жұмысын ширатамыз. Бірақ тұрғындар жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарымен бірлесіп, өз аумақтарыңызда тәртіп орнатуларыңыз қажет, – деді Жақсылық Омар.
«Заречный» базарының артындағы көше саудасына арнап жабдықталған арнайы алаңқай да пәтер иелеріне кедергі келтіріп тұрған көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша көше саудасын санитарлық талаптарға сай ету үшін арнайы жер бөлініп, жабдықталған алаңқай қоқыс таситын көліктердің жолына кедергі келтіріп тұр деген уәж айтылды. Іргедегі ауылдардан таң ағара жетіп, сауда көрігін қыздыратын ақ тағам сатушылар кейбір тұрғындардың ұйқысын бұзатын көрінеді.
Қала әкімі қол астындағыларға алаңқай орналасқан аумақтың қандай жолмен жалға берілгенін анықтау үшін тиісті құжаттарды қайта қозғауға тапсырма берді.
Бұдан былай қаладағы кәрі ағаштарды кесу тәртібі де бір ізге түсетін болды. Бұған дейін пәтер иелері кооперативтері тиесілі аумақтағы кәрі ағаштарды отын сатушыларға кестіріп келген. Маманданған ұйымдардың қызметін кооперативтердің қалтасы көтермейтін көрінеді. Отын сатушылар кәрі ағашты тегін алғаны үшін маңайын тазалап кетуі керек. Екі арада ешқандай келісімшарт жасалмайтындықтан, ол уағда үнемі орындала бермейді екен. Отын сатушылар ағаштың діңін ғана алып, бұтағын шашып кете береді. Сондай жауапсыздықтың салдарынан Ғарышкерлер көшесінің аулалары теректің бұтағынан көз ашпай қалған.
Ал Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан аулалардың тұрғындары күлтөгерге қаптаған егеуқұйрықтар мазаны алып тұрғанын айтты. «Спецкоммунтранс» мекемесінің директоры Қазез Махамбетов қаржы тек зиянкес жәндіктерді улауға ғана бөлінетінін айтады.
Бұдан кейін Әуезов және Сәтпаев даңғылдарының, Өтепов көшесінің аулаларын аралаған Жақсылық Омар пәтер иелері кооперативтері мен өзін-өзі басқару ұйымдарының басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Өз кезегінде пәтер иелері кооперативінің басшылары коммуналдық қызмет ақысын төлеуге құлықсыз тұрғындардың саны азаймай тұрғанын мәселе етіп көтерді.
– Қала бойынша 946 аула болса, оларға 170 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Пәтер иелерінің 67 пайызы ғана қоқыс шығару қызметі үшін келісімшартқа отырған. Соның өзінде тұрғындардың берешегі 241 млн. теңгені құрап отыр. Бұл жерде әр үйдің белсенді тұрғындары қарыз мәселесін жоюға атсалысуы тиіс. Өйткені, борышкер өз көршілеріңіз. Көрсетілетін қызмет ортақ болғандықтан, барлығы ақысын төлеуі керек, – деді қала әкімі.
Қаланың сыртқы келбетін жақсарту үшін әлі 300 ағаш кесіліп, 298 заңсыз дүңгіршек алынбақ. Тиісті бөлім басшылары қыркүйектің соңына дейін барлық заңсыз сауда дүңгіршектерін сүруге міндеттелді.
– Бүгінгідей жағдайларды біздің инспекторлар күн сайын анықтауда. Анықталған кемшіліктердің жойылуын өзім қадағалаймын. Аулалардың тазалығы мен қоқыс шығару саласына ортақ ереже жасаймыз. Техника мен жұмыс күшіне жауапты ұйымды тағайындаймыз. Әкімдіктің, «Өскемен-Тәртіп» мекемесінің, өзін-өзі басқару ұйымдары мен пәтер иелері кооперативтерінің, дүкен иелері мен сауда орындарының міндеті нақтыланады. Сондай жүйе болғанда ғана кемшіліктер жойылады, – деді Жақсылық Омар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button