Руханият

Көшелері самаладай жарқырайды

 Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы негізінен Семейде өтетіндіктен, құны 9,5 миллиард теңге болатын бірқатар жобалар республиканың бірнеше облыстарының есебінен жүзеге асырылады.

Мысалы, Алматы мен Түркістан өңірлерінің әкімшілдіктері жаңа мешіттің айналасындағы аумақты абаттандырумен айналыспақ. Ал Алматы облысының басшылығы Мұхтар Әуезов даңғылының жаяу жүргіншілер аймағын абаттандырып, көгалдандырады. Мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға кәсіпкерлер де белсене қатысады.

– Біз барлығына қаладағы үлкен көпірді жарықтандыруды ұсындық, – деді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов. – Бұл – бірегей көпір. Сондықтан біз оны ерекше жарықтандырсақ, ол  жаңаша түрге енеді. Бұл – біздің қаланың беткелбеті. Біз болашақ мердігерлерге, облыстарға Затон бөлігінің жағалауын, 24 шақырымды ұсынамыз. Бұл жерде де жақсы алаңдар бар, көркейту қажет.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, Ақсай, Комсомол және Ұшақтар секілді үш тұрғын аудан қазіргі таңда инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Ұшақтар мен Ақсайда жер телімдерін бөлу белсенді жүргізілуде, өйткені бұл шағын аудандарда мектептер, балабақшалар бар және көлік инфрақұрылымы дамыған. Қала әкімі Ақсай шағын ауданындағы мәселелерге тоқталды.

– Ақсайда біз электр желісін жүргізе бастадық. Бұрынғы мердігердің істі аяғына дейін жеткізуге мүмкіндігі жетпеді. Енді жаңа конкурстық рәсімдер жүргіздік. Ақырында, жұмысты аяқтайтын жаңа мердігерді анықтадық, – деді Ермак Сәлімов.

Қазіргі таңда Ақсайда 1700-ге жуық жер телімі бар болса, соның 1200-і берілген. Дегенмен бұл жерде де мәселе бар.

– Адамдарды сол жерге жұртты көшуге ынталандыру үшін бес үй салдық. Үш компанияны сендіріп, оларға: «мұнда салыңдар және бәрі тұрады» дедік. Бірақ бір үйге ғана қоныстанды, қалған үйлерге  әзірге қоныстанушылар жоқ. Заңнамаға сәйкес, біз онда жерді тек кезекте тұрған адамдарға ғана бере аламыз, ал бізде кезекте 24 мыңға жуық адам бар. Бірақ олар сонда тұрғысы келмейді,  – деді қала басшысы.

Жаңадан өткізілген конкурсқа сәйкес, жаңа мердігер Ақсайдағы жұмысты 2020 жыл ішінде аяқтауы тиіс. Айта кету керек, Семейде ағымдағы жылы жүзеге асыру көзделіп отырған жобаның бірі – көшелерді жарықтандыру. Бұл жай ғана жаңа жарық нүктелерін орнату емес, ескі желіні қазіргі заманғы, «ақылды» және технологиялық жабдыққа ауыстыру. Жұмыстар жақын арада басталады, бұл істі Абайдың  мерейтойына дейін аяқтау қажет.

Семей – өзінің бірегей архитектурасы, тарихы және бай мәдени мұрасы бар көне қалалардың бірі. Қаланың негізгі мәселелерінің бірі – көше жарығы. Биыл бұл мәселемен  қалалық әкімдік шұғылданбақ. 2016 жылдан бастап қала әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Жоба іске асқанда, қала көшелері жарықтандырылмақ.  Жақында қала басшылығы мен бас мердігер арасында келісімге қол қойылды. Осы жылдың наурыз айынан бастап көше жарықтандыру желілерін жобалау,  салу басталады.

Жарықтандыру туралы айтатын болсақ, қалада 8200-ден астам жарық нүктелері бар, оның 7,5 мыңнан астамын ауыстыру жоспарланып отыр.

  • «Тайвань» компаниясы жобаны іске асырғаннан кейін осы желілерді жөндеумен, қызмет көрсетумен айналыса ма? Жоқ. Бізді тағы бір байқау күтіп тұр, оның қорытындысы бойынша жергілікті мамандарды тартамыз. Олар алдағы 10 жылда түнгі уақытта көшені жарықтандыруды қадағалайтын болады, – деп атап өтті Ермак Сәлімов.

Жиында көшелерді жарықтандыруға қатысты көп ескертулер де айтылды. Жарық кеш қосылып, ерте өшіп қалады. Осы мәселелердің барлығы әлеуметтік желілерде бірнеше рет көтерілген. Сонымен қатар көптеген жабдықтар, соның ішінде бағаналар мен шамдар ескірген. Қала басшысы  атап өткендей, алдағы уақытта бұл проблемалар толық шешіледі.

Раушан Нұғманбекова

 Семей.

Осы айдарда

Back to top button