Қоғам

Қала күні 17 сәби дүниеге келді

Семейде қала күні мерекесі  Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әлихан Бөкейханов,  Қайым Мұхамедханов сынды көрнекті тұлғалардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою салтанатымен басталды.

Бұл күні Семейде 17 сәби дүниеге келді. Олардың тоғызы ұл, сегізі қыз. Жаңа босанған аналарды қала әкімі Ермак Сәлімов арнайы құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Бұдан соң шаһар басшысы осы күні шаңырақ көтеріп жатқан  Ержан мен Әсем Қожабековтерді құттықтады. Жас жұбайлар отау тіккен тойларын ақылдаса келе Қала күніне орайластырып істепті.

Айтулы мерекеге орай семейліктерді Анна Казаченко құттықтады. Жақында 103 жасқа толған  әжейдің айтуынша, ұзақ жасау әулеттерінде бар көрінеді. Әжесі 114 жасқа дейін жасаған екен. Анна Федоровна 1916 жылы Алтай өлкесінде көпбалалы отбасында дүниеге келген.

Кейуана сыртта серуендеп, демалғанды ұнатады. Қарттығына қарамастан, ол өзінің туысқандарының телефон нөмірлерін жатқа біледі. Немере-шөберелерінің әр жеткен жетістігіне қуанып отыратын Анна әжейдің ғибратты ғұмыры өнегеге толы.

Бұл күні қаланың орталық алаңында негізгі мерекелік шаралар өтті.  Мұнда түрлі алаңдар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары арасында ең танымал «Шежірелі Семей» алаңы болды. Бұл жерде көпшілікке тарихи жәдігерлер ұсынылды. Әлдеқашан қолданыстан шығып кеткен ескі теледидарлар, телефондар, радиоқабылдағыштар және басқа да заттар экспонат ретінде қойылды. Сондай-ақ көне көліктердің көрмесі де өтті. Қонақтар автокөліктердің тарихымен танысып, ескі мәшіндермен естелік суретке түсіп жатты.

Ал  нағыз әуесқойлар үшін суретке түсетін жеке алаңдар жұмыс істеді. Келушілер аспалы көпірдің макетінде естелік кадрлар жасады.

Балалар мен олардың ата-аналары үшін «Мейірімді Семей» отбасылық фестивалі ұйымдастырылды. Балалар сурет салып, пазлдар жинап, қызықты ойындар ойнады. Жас қонақтарға қаланың шығармашылық ұжымдары ән салып, би де биледі. Ал алаңның басты сахнасында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.  «Smart-TV» атты алаңда мерекелік кештің тікелей көрсетілімі жүріп жатты.

Сондай-ақ ойын-сауықтан басқа денсаулық аймағы да жұмыс істеді. Онда дәрігерлерден құрылған мобильді топ тұрғындарға кеңес беріп, тілек білдірушілердің  қан қысымы мен қант деңгейін тегін өлшеп берді.

Мерекелік кеш барысында өз саласының үздіктері марапатталды. «Үздік спортшы» атағын  жеңіл атлет Надежда Дубовицкая, «Үздік жылу энергетик» атағын Медет Әлпиев, «Сумен жабдықтау саласының үздік қызметкері» атағын Ризабек Елекен, «Үздік құрылысшы» атағын Серік Сейілжанов иеленді.  Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар шет қалмады. Олардың арасында облыстық балалар биологиялық орталығы, «Жұлдыз Ардақ» балабақшасы және үш тілде оқытатын көпбейінді Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназиясы бар.

Алаңда бір күн бойы заманауи би байқауы, студенттік фестиваль, ақындар айтысы және өзге де мерекелік сайыстар өткізілді. Қала күніндегі мерекелік шаралар  жастардың би кешімен және отшашумен қорытындыланды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button