Қоғам

Алға басқан Аягөз

Алға басқан Аягөз


Аягөз қаласында құрылыс соңғы 30 жылда болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов атқарылған шаруаларға осындай баға берді.

Аудан орталығында 600 орындық екі мектеп бой көтермек. Оның бірі биыл, екіншісі келесі жылы қолданысқа берілуі тиіс. «Фирма Азия» ЖШС «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысанды қазан айында аяқтамақшы.

-Жоба бойынша мектеп-лицей желтоқсанда ел игілігіне берілуі керек болған. Бірақ біз суық түспей барлық жұмысты аяқтасақ деп отырмыз. Оған толық мүмкіндік бар. Құрылыс басында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Оның тең жартысы жергілікті тұрғындар, – дейді серіктестік директоры Сәуле Досқұжанова.
Ал қаланың оңтүстік бөлігінен бой көтеретін мектеп келер жылдың шілдесінде есігін айқара ашпақ. Осы нысандардың арқасында Аягөз ауданы үш ауысым мәселесін біржола шешеді.

Байырғы тұрғындардың айтуынша, Аягөз қаласында тұрғын үй салынбағалы 25 жылдан асыпты. Осындай игі жаңалықтың үстінен түскен аймақ басшысы жас отбасыларға жатақхана пәтерінің кілттерін табыстады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша салынған 50 пәтерлік жатақхана жас отбасыларға арналған. Пәтер кілтіне ие болған жас жұбайлар бес жыл бойы осында тұрып, тек коммуналдық төлемдерді ғана өтейді. Осы аралықта «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіне» салым жинап, ипотека ресімдеуі тиіс. Тапқанын пәтер жалдауға жұмсап, тиыннан теңге құрай алмай жүрген жастар үшін бұл әжептәуір көмек.

-Бұл пәтерде қарындасым екеуіміз тұрамыз. Өзім балалар үйінен түлеп ұшқаныммен, жұмысты да сол ошақтан тапқанмын. Ата-ананың қамқорлығынан айырылған жандарға мемлекеттің осындай қолдау көрсетіп жатқанына ризамыз, – дейді Жандос Сейітқазин.

Ауданда «Туған жер» бағдарламасы да жеміс бере бастапты. Қаланың орталық алаңынан ашылған жаттығу алаңқайы демеушілер көмегімен жабдықталған. Аудан әкімі Бақытжан Байахметов атлетикалық жаттығуға арналған шетелдік құрылғылар мен қауіпсіз төсенішке 12 млн. теңге жұмсалғанын айтты.

Аягөз ауданында соңғы жылдары білім сапасы артып келеді. Биылғы түлектер тестілеу кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, бұған дейінгі жетістіктердің жай ғана сәттілік емес екенін дәлелдеп отыр. Еліміз бойынша сегіз бала ғана 138 балл жинаса, соның екеуі – осы ауданның түлегі. Ал қаладағы №9 мектепті бітірген 36 түлектің 30-ы 110 баллдан жоғары нәтиже көрсеткен. Биыл бұл мектеп 197,3 млн. теңгенің күрделі жөндеуінен өтті. Ағылшын тілін дендеп үйрету үшін білім ошағы Нигериядан арнайы маман алдырыпты. Ауданның білім саласындағы жетістіктерін жоғары бағалаған аймақ басшысы педагогтарды жақсы жаңалықпен қуантты.

-Сапалы білім Өскемен, Семей сияқты қалаларда ғана бар деген түсініктің түбірімен қате екенін биыл Көкпекті, Аягөз сияқты аудандар көрсетіп берді. Олардың материалдық-техникалық базасын неге қала мектептерімен теңестірмеске? Осы мақсатпен біз «Туған мектеп» деген жобаны қолға алмақпыз. Ауылдағы толымды мектептердің бәрі Назарбаев зияткерлік мектебіндей заманауи базамен жабдықталуы керек. Аймақ бойынша 297 мектеп арнайы пән кабинеттерімен жабдықталып, 190 робот техникасының сыныбы жасақталады. Оған шамамен үш миллиард теңге қажет. Бұл тұрғыда жергілікті кәсіпкерлердің қолдауына сүйенеміз, – деді облыс басшысы.

Бұдан кейін аймақ басшысы орталық стадионда спортшы балалармен кездесті. 650 адамға шақталған стадионның футбол алаңына жасанды шалғын төселіпті. Ал қыста бұл стадион мұз айдынына айналады.

Спортшы жеткіншектердің Аягөз қаласында жабық мұз айдынын салса деген өтініші жерде қалмады. Ол үшін аудан әкімі жоба әзірлеп, сараптамадан өткізуі қажет.

Бұл ауданда құрылыстың қарқын алғанын сөз басында да айтқанбыз. Осыны ескерген «СМУ-Шығыс» ЖШС темірді қызған кезде соғуға бел шешіпті. Құрылыс комбинатының құрылысын қолға алған серіктестік қаңырап қалған ескі базаға инфрақұрылым тартып жатыр. Оған бюджеттен 393 млн. теңге бөлінген екен. Жоба бойынша құрылыс жыл аяғына дейін бітіуі керек. Облыс басшысы мұндағы жұмыстарды ширата түсу керектігін ескертті.

Өткен жылы бұл өлкеге сонау Пиреней түбегінен инвестор ретінде келген Альфредо Бруноға да ескерту айтылды. Португалиялық кәсіпкер 60 пәтерлі тұрғын үй салатынын айтып, инфрақұрылым тартуға көмек сұраған болатын. Инвестордың ол тілегі орындалып, 150 млн. теңге бөлініпті. Алайда, «СМП-610» ЖШС бюджет қаражатын ғана игеріп, өзі бұл іске ешқандай қаржы құймаған.

-Алдағы екі айда жағдай өзгермесе, компанияларыңызбен келісімшарт үзіледі. Бұл жоба инвестордың қаржысына қарап тұрған жоқ. Салымшылар шотында 800 млн. теңге қаржы жатыр. Осы сұранысты орындау үшін тағы екі тұрғын үй саламыз. Ал сіздерге «Дамудың» көмегіне жүгінуге болады, – деді аймақ басшысы.

Биыл Аягөз халқын ауызсумен қамтудың төртінші кезеңі, кәріз жүйесін жаңалаудың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл жобаларға алты миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Соның арқасында алдағы екі жылда Аягөз қаласының ең қордалы мәселесі шешімін табуы тиіс. Осы жобаның игілігін Мамырсуды мекендеген 2,5 мың тұрғын да көретін түрі бар. Жалпы ұзындығы 21 шақырым болатын су құбыры жаңалануда. Бұған дейін мамырсулықтар тіршілік нәрін көшедегі құдықтардан алса, енді әр аулаға желі тартылған.

Алға басқан Аягөз

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Кәсіпкер Санам Мамашева қарызға белшеден батқан орталық жылу қазандығының мәселесін көтере келіпті. Қаладағы 20 көпқабатты үйге жылу тарататын мекеме көмір алатын қаржы таппай отырса керек. Банктер несие беруден бас тартқан екен. Әкімдіктің араласуымен 2500 тонна көмірді Қаражыра кеніші қарызға беруге келісіпті. Облыс басшысы қазандықты әкімдік балансына алу керектігін айтып, құжаттарын реттеуді тапсырды.

Ал «Аягөз-Тазалық» ЖШС директоры Ербол Дүйсембеков қаланы қоқыстан тазартудың күн сайын қиындап бара жатқанын айта келіпті.

-Үкіметтің қалдықтарды сұрыптап төгу туралы бұйрығы жаңа жылда күшіне енбек. Ал бізде қалдық сұрыптайтын қондырғы жоқ. Оны алу үшін тағы қаражат керек. Жеке сектордан қызмет ақысын жинау қиын. Оның үстіне соңғы кездері тексерулер көбейіп кетті, – дейді кәсіпкер. Бұл мекеменің 49 пайыз үлесі әкімдіке тиесілі. Болашақта оны түгелдей бәсекелік ортаға жіберу жоспарланған.

Жұмыс сапарын қорытындылаған аймақ басшысы Аягөздің даму қарқынына көңілі толатынын жеткізді.

-Алдағы екі жылда аягөздіктер ауызсу мен кәріз мәселесінен құтылады. Ол үшін алты млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Үш ауысымды сабақ жүйесі де жойылады. Қажет болса үшінші мектептің құрылысына ақша бөлеміз. Өйткені, бұл ауданда білім беру жүйесі дұрыс жолға қойылған. Өзге аудандар, әсіресе, Өскемен мен Семей Аягөзден үлгі алсын, – деді облыс әкімі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button