Қоғам

Алға басқан «Алғабас»

Алға басқан «Алғабас»


Өңірімізде еңбегімен өзіне де, елге де пайдасын тигізіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Мәулітбек Қалиев.

Мәкең 2003 жылы жер алып, жеке қожалық құрды. Сол кезде небары 200 гектар жайылымы, 35 гектар егістігі ғана болған шағын шаруашылықтың ісі оңға басып, алға өрлей берді. Бастаған ісі баянды болған Мәулітбек тіпті қожалықтың атын «Алғабас» қойғанына да қуанды. Аздаған малы өсіп, 2007 жылы, бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде «асыл тұқымды» мал фермасы мәртебесін алды. Өзінің дүниесін кепілге қоя отырып, екінші деңгейдегі банктерден несие алып, уақытымен жауып, ісін одан әрі дамытты.

Алғашында небары 10 адамға жетпейтін шаруашылық мүшелері бірте-бірте 60-тан асты, науқан кезінде 100-ге дейін жетеді. Ал жер көлемі 16621 гектарға дейін өсті. Оның ішінде 2500 гектар жерге егін салады. Егетіні – бидай, арпа, күнбағыс. Әсіресе қожалық ірі қараны өсіруге ден қойып, оны 1200 басқа дейін жеткізді. Тиісті келісімшарттар негізінде шет елден де асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Франциядан 226 бас «Шароле» асыл тұқымды малын әкелді, оған қоса 475 бас «Ангус» асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Бұл 2013 жыл еді. Қой шаруашылығын да асылдандырып жатқан шаруашылық қазір 1228 бас «Байыс» асыл тұқымды қой өсіріп отыр. Қожалықта 1668 бас жылқы бар. Сонымен қатар, 2013 жылы мал бордақылау алаңын ашты. Осылайша, санаулы жылдың ішінде «Алғабастың» шаруасы алға басып отыр.

Мәулітбек Құсманұлы – тек іскер жан емес, үнемі заман талабына сай ойлай білетін ізденімпаз азамат. Қожалықтағы орташа айлық еңбекақы 60 мың теңге. Оның сыртында сыйақы, әлеуметтік көмек, тағы басқасы бар. «Алғабас» атқаратын жұмысына байланысты мемлекет тарапынан субсидия алады. Жылына 90 тонна ет өткізіп, 100 бас асыл тұқымды мал сатады.

Осы шаруашылықты ұйымдастырған, әрі ауданымызға әйгілі еткен Мәулітбек Қалиевтің алға қойған мақсаттары айқын.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button