Алғашқы ғимаратқа мемориалдық тақта орнатылды
Алғыс айту күні мерекесі аясында Өскемендегі Достық үйінің алғашқы ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.
Естеріңізде болса, қаладағы бұл тарихи ғимаратта ұзақ жылдар бойы елімізде бірінші болып ашылған Достық үйі орналасып келген еді. Оның ашылу салтанатына еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысқан болатын.
– Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Біз үшін осы күннің маңызы ерекше. 1990-шы жылдары болашақ Достық үйінің ғимараты жөндеуді қажет етіп тұрған кезде қала тұрғындары, түрлі этнос өкілдері өздерінің қаражатына оны қалыпқа келтірген болатын. Бұл біздің күшіміздің бірлікте екенін көрсетті, – деді салтанатты жиында түрлі ұлт өкілдерін мерекемен құттықтаған Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубеков.
Этномәдени бірлестіктер өкілдері концерттік бағдарлама ұйымдастырып, өскемендіктерге мерекелік көңіл-күй сыйласа, өңірге жер аударылған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өткен ғасырдағы қиын-қыстау замандарда қолындағы нанын бөлісіп, баспанасынан орын берген қазақ халқына өз ұлтының атынан алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Дәурен Аллабергенұлы