Қоғам

Ақжарлық дәрігерлер күрделі оталар жасап жүр

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде ілкімді бастамаларды алға тартып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын атап көрсеткен болатын. Өзге өңірлермен қатар, шекара шебіндегі Тарбағатай ауданы да бұл бағытта оң өзгерісті биылдан сезіне бастады.

Атап айтсақ, Ақмектеп, Ахметбұлақ, Шолақорда, Шорға, Жаңаталап, Қазақстан елді мекендерінде медициналық пунктер құрылысы қарқын алды. Сонымен қатар Құйған, Тәуке ауылдарындағы медициналық пунктерге 169,6 млн теңге қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу жасалуда. Ақжардағы аудандық аурухана ғимаратының кәрізі, жылумен, сумен жабдықтау желілері 128 млн теңгеге, перзентхана бөлімшесі 155,5 млн теңгеге күрделі жөнделуде. Алдағы уақытта компьютерлік томограф аппаратын алу жоспарда тұр.

Тағы бір айта кетерлігі, Тарбағатай аудандық ауруханасында бір науқасқа аса күрделі ота жасалған. Ақхалаттылардың айтуынша, Ақжар ауылының тұрғыны Нәзгүл Қабылбаева біршама уақыт бойы өзін жайсыз сезініп, денсулығына шағымданып жүрген. Кейін ішінің оң жақ бөлігіндегі ауырсыну үдей берген соң аудандық ауруханаға жүгінеді.

– Пациентке қандай кесел жабысқанын анықтау үшін еш жерге сабылтпай, өз ауруханамызда барлық тиісті зертханалық тексерулер, УДЗ жасалды. Әйелдің аналық безінде гормоналдық өскін (киста) бар екені және оның көлемінің аса қауіпті деңгейде, үлкен екені анықталды. Оның үстіне бұл кесел бір жағында ғана емес, аналық бездің екі жағында да бар болып шықты, – дейді гинеколог-дәрігер Іңкәр Мұхаметқалиқызы.

Мамандар бірден ота жасауға шешім қабылдаған. Құрамында аудандық аурухананың анестезиолог-дәрігері Думан Жайлауханұлы, Зайсан қаласының акушер-гинекологы Іңкәр Мұхаметқалиқызы, хирург Самат Кайратұлы бар дәрігерлер тобы шұғыл түрде ота жасады. Ота барысында оң жақтан көлемі 10 см, сол жағынан 8 см болатын өскін алынып тасталған.

Мамандар ешқандай қателікке бой алдырмай екі жақтағы кистаны да байыпты түрде алып, аналық безді толық сақтай отырып, отаны сәтті аяқтаған.

– Қатты уайымдап, денсаулығыма алаңдадым. Әсіресе шұғыл ота жасаймыз деген кезде. Алайда біздің дәрігерлер өз шеберліктерін дәлелдеп, мені аяққа тік тұрғызды. Алғысым шексіз! – дейді 41 жастағы әйел.

– Бұл аурухана мамандарының біліктілігі мен жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Аудандық ауруханада ем қабылдауда. Қазіргі уақытта біздің хирургтер МӘМС аясында жоспарлы оталардың бірқатар түрін де жасайды. Ең бастысы аудан тұрғындары, ем алушылар облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде қажетті медициналық көмек алады. Жыл басынан бері аудандық ауруханада 200-ден астам ота жасалды. Олар шүғыл түрде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және жоспарлы МӘМС шеңберінде атқарылды, – деп атап өтті аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбекұлы.

Автор: Ерлан БАПАНОВ

ТАРБАҒАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button