Ақжардағы перзентхана екінші деңгейге ауысады
Осыған байланысты аудан орталығындағы емханаға 280 миллион теңгеге ана мен баланың жағдайын бақылауға көмектесетін керекті құрал-жабдықтар сатып алынған.
Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбеков баяндады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыс әкімі Тарбағатай ауданына жасаған сапар барысында Ақжар ауылындағы емхананың жұмыстарымен танысты. Қазір аталмыш емханада жабдықтау жұмыстары жүргізілген. Соның арқасында аудан тұрғындарына қалаға келіп емделудің немесе диагнозды анықтаудың қажеттілігі азайған. Сонымен қатар Мұндағы мамандар өзге елге барып, біліктіліктерін де арттырып келген.
-Біздің аурухана заманға сай толығымен жабдықталды. Сонымен қатар биыл емхананың ішкі құрылысына, яғни кәріз, құбыр, жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұйырса жөндеу жұмыстары келесі аптада басталады. Өткен жылы біз компьтерлік томография аппараты керектігін айтып, өтініш жазған болатынбыз. Онымыз қолдау тауып, келер жылы ауруханаға қойылатын болды. Аппарат қойылса алтын уақытымызды ұтымды пайдаланып, жүрек ауруларының алдын алу мүмкіндігі пайда болады, -дейді Тарбағатай аудандық емханасының бас дәрігері Елжан Манарбеков.
Айта кетелік, аталмыш емхана республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқандықтан жол апатынан зардап шеккендерге жылдам көмек көрсету үшін де тиімді болмақ. Қазір емхана толығымен заман талабына сай жабдықталған. Маман тапшылығынан да мәселе жоқ
Ынтымақ Толқын