ТОП

Ақын жазушыларды аялдамадан табасыз

  Көлік күткен қала тұрғындары енді зерікпейтін болды. Өзі күткен бағыттағы автобус келгенше кітап оқи тұруға мүмкіндік бар. Өйткені   Өскеменнің аялдамаларында электронды кітапханалар пайда болды. Бұл әрбір қала тұрғыны үшін үлкен қуаныш.

Аталған жобаны Өскемен қаласының әкімдігі мен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана бірлесіп іске асырып отыр. Кітапхана мамандары тұрғындардың кітапқа деген құштарлығын арттыру мақсатында қаладағы аялдамаларға QR кодтар жасады. Осылайша жолаушылар телефон арқылы кітап оқи алады. Ерекше жобаның жүзеге асуына себепкер болған кітапхана қызметкерлері алдымен кітапхана жанындағы аялдамаға  Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған QR кодты жасаған екен.

– Біз қала әкімдігімен бірлесіп ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің және елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармашылығын, еңбегін нәсихаттау мақсатында қаладағы әр аялдамада электронды кітапхана аштық. Тұрғындар көрнекілік тақтасында көрсетілген QR код арқылы кітап оқи алады. Сонымен бірге кітап  авторы  туралы да толық ақпарат ала алады, – дейді Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова. Оның айтуынша, электронды кітапхананың QR коды мен дизайнын кітапхана қызметкерлері жасапты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасын таппақ.

– Мақсатымыз – қала тұрғындарын кітап оқуға ынталандыру. Кейде тұрғындардың кітапханаға келуге уақыты болмай жатады. Сол себепті біз осы жобаны іске асырдық. Бұл жоба, әсіресе, мектеп оқушылары мен жастарға тиімді. Уақыттарын үнемдей алады. Осы орайда айта кететіні, жоба тек кітап оқуға ғана емес, қазақтың салт-дәстүрімен де танысуға  мүмкіндік береді. Жоба аясында Өскемен әуежайындағы бірінші аялдамаға қаладағы мәдени ошақтардың картасын жасадық. Сол арқылы туристер іздеген дүниесін оңай тауып алады, – дейді Жанат Жиенбекова.

Енді аялдамада автобус күткен   қала тұрғындары мен қонақтарының іші пысып, зерікпейді.  Тек телефоныңызды алып, QR-кодты сканерлеуге ерінбесеңіз болды. Бір атап айтарлығы, жобаны қала тұрғындары да қолдап отыр.

– Жұмыстан босамағандықтан кітапханаларға көп бармайтынымыз рас. Десе де, бұл жоба бізге өте тиімді болды. Осы жерден бір кітаптің электронды нұсқасын ашып алып, үйге жеткенше оқып барамын. Меніңше қаланың бүкіл аялдамаларына осындай кітапхана керек, – дейді қала тұрғыны Айман Жұмақанқызы.

Сөйтіп Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қалада кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше  атсалысуда.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button