«Ақын ағадағы» Абай шәкірттері
Бүкіл саналы ғұмырында саяси қысымнан көз ашпаған жазушы – ол Әуезов… Өткен ғасырдың елуінші жылдары абайтануға, соның ішінде Абайдың әдеби мектебіне жасалған қысымнан М.Әуезовтің «Ақын аға» романы қатты зардап шекті.
Зардабы сол, көркем туынды жарыққа шықпай жатып жөргегінде тұншықты. Абай мектебі тақырыбы «Ақын аға» романының негізгі арқауы болғандығын сол кездегі қырағы цензура қалт жібермеді. Қ.Мұхамедханұлының диссертациясы сыналған кезде-ақ: «…Остальные исследователи доверились ему (Ауэзову – Б.Е.) как знатоку Абая и эти данные считались до сегодняшнего времени достоверными… что Абай Кокпаю сам давал тему и т.д. Это он снова утверждает в романе «Акын ага», который недавно вышел из печати», – деген пікірлер айтылды (Мұхамедханұлы Қ. Мұхтар кешкен қилы заман // Абай. – 1992. – №3. 81-б).
С.Мұқанов «Абайдың шәкірттері туралы» мақаласында: «Ақын аға» атты романда «бұл шәкірттер тағы мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болады. «Абай шәкірттері» деп атаған адамдардың кейбіреулерінің көрінеу көзге реакциялық бағытта жазылған шығармаларын майлап өткізу үшін Абайдың беделді атын жамылып, «бұл темаларды оларға Абай беріп, жазылғаннан кейін Абай түзеп еді» дейді (Шәкәрім мен Мағауияға тел тема – «Еңлік – Кебек», Мағауияның «Шәмилі», Көкбайдың «Абылайы», тағы басқалар)», – деген сын тақты (Абайдың шәкірттері туралы // Абай. – 1992. – №4. 67-б). Сөйтіп, Абайдың ұстаздық ұлағатын көркем әдебиетте сомдаған «Ақын аға» романы сыңаржақ саясаттың қаһарына ұшырады. Бір таңғаларлығы, кезінде аяусыз тәркіленген романмен қауышуға оқырман қауым жарты ғасырдай уақыт дәрменсіз болып келді. Тек араға жылдар салып «Ақын аға» жазушының елу томдығына енді. Әдеби ортаға белгісіз болғаннан шығар, бәлкім, зерттеуші қауым осы бір тағдыры ауыр туындыға қалам тартудан тартыншақтай берді. «Абай» энциклопедиясындағы «Ақын аға» романы туралы: «Жазушының романды былайша атаудағы басты мақсаты – Абайды ақындар ағасы етіп көрсету болатын. Бірақ бұл сөзді орыс тілінде дәл жеткізу қиынға түскендіктен, эпопеяның жалпы атауын «Абай жолы» деп өзгертеді», – деген пікірді (70-б) қисынды деп айта алмаймыз.
1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналының бірнеше санына «Ақындар ағасы» деп басылған туынды біршама өзгерістермен 1950 жылы «Ақын аға» деген атпен жеке кітап болып басылды. Журналдық нұсқа мен кітап арасындағы өзгерістер, алып-қосулар, толықтырулар туралы аталмыш туындыға ғылыми түсінік жазған Т.Әкім былай дейді: «Сол толықтырулардың астарында өңдеп-жөндеудің, жаңартып-жаңғыртудың, жетілдірудің неше алуан қиын асулары мен шытырмандары, жол-соқпақтары бүгіліп жатты, ол бүгіліс кітаптың қандай жол, қандай бейнетпен дүниеге келгендігін елестетіп, бар бітім-болмысы мен келбетін көз алдыға келтіре алады» (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Т.26. – Алматы: Жібек жолы, 2007. 406-б.). Алғашқы шыққан журналдық нұсқадан кейінгі романы жетілдіре түсу үшін жасалған өңдеулер мен толықтырулар, бір сөзбен айтқанда, жазушы мехнаты зая кетті десе де болғандай. 1949 жылғы «Ақын аға» саяси зиянды шығарма ретінде жойылды. «Ақын ағаның» бар кінәсі – Абайдың ұстаздық құдіретін ашып, ақын шәкірттерінің бейнесін өмір шындығының аясында беруінде.
«Ақын аға» тәркіленгенмен ұлы эпопеяның аяқсыз қалуы М.Әуезов үшін де, қазақ әдебиеті үшін де үлкен қасірет еді. Әуезовке тағы амалдауға, дәлірек айтқанда, «соцреализмнің» ыңғайына бойсұнуға тура келді. Кейінгі шыққан «Абай жолының» төртінші кітабында сәтті толықтырулар болды дегенімізбен, «Ақын ағадағы» негізгі идея – Абайдың ақындық мектебі көмескіленді. Мәселен, романға арқау болатын Көкбайдың, Әріптің өлеңдері еріксіз енбей қалды (қараңыз: М.О.Әуезовтің қолжазба мұрасы. – Алматы: Ғылым, 1977. 24-б.). Әсіресе Көкбай бейнесі қатты зардап шекті. Сөзіміз дәлелді шығу үшін қос нұсқаны салыстырсақ, романның басындағы төрттік жырды төрт ақын боп айтатын жарыс үлгісін ұсынатын Көкбайдың орнына кейінгі нұсқада Ақылбай аталса, «Ақын ағада» Еңлік-Кебек жырына таласқан Дәрмен мен Шұбарға билік айтушы Көкбай кейінгі нұсқада Ерболмен алмастырылған. Дәрменнен Еңлік жыры сенікі деп сүйінші сұрайтын да Көкбай болмай, Мағаш болып өзгерген. Тізе берсек, осындай ауыстырулар жетерлік. Анығы, суреткер Көкбайды Абай қасына аса жуытпауға мәжбүр болған. Көкбай тек Абай қасынан алыстатылмаған, социалистік талаптарға сай жағымды жағы сылынып тасталып, ұнамсыз бейне жасалған. «Ақын ағада» жоқ Ерболдың төмендегі ойы кейінгі нұсқада былайша өріледі: «…өз ішінен қасындағы Көкбайға бір үлкен наразылық ойды да ойлап қап еді. Оразбай, Жиреншелерге не сорым, оңаша сөйлеген бір күні жаңағы Абай айтқан жайлар туралы Көкбай да бір суық сөз сөйлеген. «Абайдың бір міні болса – ол аса орысшыл боп кеткені ғой, тек соларға ғана қарап отырмақпыз ба?» деген еді» (Әуезов М. Абай жолы. 2-кітап. – Алматы: Жазушы, 1990. 27-б.).
Сондай-ақ Базаралының айдаудан келгендегі кезіндегі Көкбайға берілген әділ баға кейінгі нұсқада күзеліп қалған. Мәселен: «Көкбай да шабытты ақын… Тынысы кең, боздағандай, зор үні бар Көкбай өз өлеңін ұзақ әнмен айтып отырды. Жақсы тілеу, дат құрмет, қуанышты тағзым – бәрі де үлкен сыпайылықпен тәтті айтылды», – деп жалғаса беретін Көкбайды жағымды жағынан көрсететін тұстар екінші нұсқада кездеспейді (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: Жібек жолы, 2007. – Т.26. 61-б).
Осылайша, түбегейлі өзгеріске түскен Көкбай бейнесі романда Абылай туралы жыр жазар тұста да еріксіз бұрмаланып, құрбандыққа шалынып жүре берді. «Көкбайда Абылай жайын жыр етемін деген ой көптен бар-ды. Қазақ пен қалмақ жаулығы турасындағы ескі сөз атаулыны ол жия жүретін. Абаймен оңаша әңгімесінде өзінің жиған-тергендерінің талайын айтып шыққан. Сол кеңес соңында Абай да бұған қосымша қызық әңгімелер айтқан. «Абылай жорықтарын өлең етсеңші» деп, Көкбайға аға ақынның айтып жүретін ақылы да бар еді. Жалғыз-ақ екеуінің де ұғысып, келіскен бір жайы бар-ды», – деген нағыз шындық басқаша өрби берген (Ақын аға, 225-б). Абай мен Көкбайды жақын ұстаудан сақтанған Әуезов дәл осы тұста Дәрмен аузымен Абай мен Көкбай арасын аша сөйлейді. Абай тапсырмасымен қазақтың Абылайын жырға қоспақ болған Көкбай ақынның ізгі мұраты кейінгі нұсқада «бір жаққа лағып кеткіш қыңырлығы» боп танылып, құрбыларының алдында келекеге ұшырайтыны бар. «Ақын аға» романының «Абылай» жырын шабыттана оқыған аса дарынды ақын Көкбайдың ұстазының алдында есеп беруімен аяқталатыны тегін емес. Көкбай дастанының жазылу тарихынан жазушы алыс кетпеген-тін. Дәл осы «Абылай» дастанының Абай алдында тұсауы кесілуі түзетілген нұсқада алынып тасталмағанымен, цензураның ықпалына жығылды. Жығылғаны сол – Көкбайдың «Абылайы» Базаралы аузымен бауыздалады: «Айтсам, Көкбай «алдияр» дедің, «асыл ханым» дедің, «әруағыңнан айналайын» деп те жалбарынып жатырсың. Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне де тауап қылар түрің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған, Көкбай, мұның. Осы хан-сұлтанды көксеп, маңырап талай ақын, баяғының өзінде тоздырып болмады ма, Абай?!» – деген сөздерді Абай бас изеп қостап әкететіні тағы бар (Абай жолы, 289-б).
Көркем туындыдағы шындық осылайша еріксіз шырмалып, батыр Базаралы большевиктің сөзін сөйлейді. Абайға айтпаған сөзін айтқызды. Осының бәрі романды аман алып қалу үшін жасалған жазушының жантәсілім амалдары еді. Абайды әлемге таныту үшін Құнанбайды ғана емес, романда аты аталмай кеткен Шәкәрім, Турағұл сынды Абайдың туыс-балаларын да құрбандыққа шалды. «Ақын аға» романында Абай мектебі деген негізгі идеяның салмағын Көкбайға қарай аударып амалдаған Әуезовтің жанкешті жоспары да іске аспай қалды. Ақыры Абайдың ең жақын досы, ақын шәкірті Көкбай да жағымсыз кейіпкердің шапанын жамылып шыға келді. Құнанбай сынды Көкбай да Абайға қарсы таразының екінші басында қалды. Сөйтіп, шәкіртсіз тұл қалған Абайдың қасына дәрменсіз жазушы еріксіз қолдан жасалған кейіпкер Дәрменді қосты. Кейінгі нұсқада Көкбай ысырылып, Абайдың қасынан Дәрменнің орын алуы – суреткердің лажсыздан барған тәсілі.
Романдағы Көкбай бейнесіне үңіле назар аударуымыздың себебі – Абайдың аяулы шәкіртінің есімі бүкіл бір романның тағдырына қаншалықты әсер еткенін аңғарту. Құнанбайды тарихи тұлға ретінде сомдаса, эпопеяның алғашқы кітабымен қауышпас едік десек, Шәкәрім, Көкбайларды құрбандыққа шала отырып, Әуезов «Абай жолын» абыроймен аяқтап шықты. Қиыспас жерінің қисынын келтірді, айтылмайтын тұстан амалдап жол тапты, әйтеуір, кеңестік идеологияның қайраулы қылышы кеңірдектен алып тұрған шақта ұлттың тарихы мен болашағын жалғастыратын ең таңдаулы туындыны дүниеге әкеле білді.
Ұлы шығарманы жазуда әр сөзін бақылауға алған сол кездің сынына қырағы жазушы аса бір сақтықпен қарады десек, көлемді туындыда «Абайдың ақын шәкірттері» деген тіркес атымен жоқ. Орнына «Абайдың жас достары», «Абай жанындағы өнерлі жастар» дегенді қолданады.
Әсілі, Абайдың ақындық құдіреті өз ортасына әсер етумен құнды. Абай дара тұрғанмен, өнер іздеген, өлең іздеген ықыласты жандарды маңына үйірді. Ақын шәкірттер – Абай құдіретін аспандата, асқақтата түсетін құбылыс. Амал не, жазушы ұлы ақынның осы бір өлең өнеріндегі ұстаздық қарекетін ашып көрсете алмады. Роман Абай шәкірттерінсіз дүниеге келді. Романға баға бере келіп академик З.Ахметов былай дейді: «Тарихи тақырыпта жазылған көркем шығарманы бағалағанда әдебиеттің теориясы тұрғысынан қарасақ, үш түрлі көркемдік уақыт мөлшерін есте тұту шарт болды. Бірінші, эпопеяда бейнеленген Абай заманы – тарихи уақыт, екінші, эпопеяның жазылған уақыты – М.Әуезов заманы, үшінші – бүгінгі оқырмандардың, сын айтушылардың заманы – солардың позициясын, дүниетанымын, көзқарасын белгілейтін уақыт мөлшері» (Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі // М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі. – Алматы: Ғылым, 1997. 34-б.). Демек, эпопеяны талдауда, әсіресе ақын шәкірттердің бейнесін сөз қылғанда шығарманың жазылған уақытымен санасып, сол заман танымын, әсіресе көркем дүниеге қойған талабын ескерген жөн…
Басқасын былай қойғанда, Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті әрі туысы Шәкәрімсіз Абай туралы роман жазу – жоқтан бар жасаумен бара-бар еді. Шұбар – Шәкәрім – Дәрмен. Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған айласы еді. Көкірегі ояу оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі – Шәкәрім. Әуезовке осылай амалдауға тура келді. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежірешісі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өскенбайдың өр тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады» (Ұлылар мекені. – Новосибирск, 2001. 5-б.). Әйтсе де, Әуезовтің сомдағаны бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі – тағы да қайталаймыз, Әуезовтің саясатқа тосқан қалқаны. Академик Рымғали Нұрғалиұлының пікіріне назар аударайық: «Дәрмен – қазақ тіліне «Ләйлі – Мәжнүн» дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға атсалысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характерлеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарының авторын, көп ән шығарған композиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен», – дейді (Жеті томдық шығармалар жинағы.– Астана: Фолиант, 2005. – Т.2. 39-б.). Ұлы туындыны талдаған шақта барлық жағымды кейіпкерлер сияқты Дәрмен бейнесі де, Қодардан қалған жетім, кедей табының өкілі ретінде ғана қарастырылып, оның Абай жанындағы шәкірт – ақын келбетін зерттеушілер екінші сатыға қалдыра бергені белгілі. Романда Шұбар мен Дәрмен Абай алдында «Еңлік-Кебек» поэмасын жазуға талас қылады. Дәрменнің өнері асып, ұстаз сынынан сүрінбей өтіп, поэма жазу бәйгесін жеңіп алады. Әуезов Шәкәрімнің «Еңлік-Кебекті» жазғандығын тайға таңба басқандай беріп отыр. Ал жазушының тақырыпқа ақындардың талас қылғанын суреттеуі – Мағауияның да «Еңлік-Кебек» оқиғасына поэма жазғандығын меңзегені. Романның соңында Дәрменді Абайдың ақындық аманатын арқалап, ұлы ақынның сөзін жалғастырушы, дәстүрін ұстанушы биігінен көреміз. Дәрмен образы – Әуезов романда айта алмай кеткен Абайдың ақын шәкірттерінің жиынтық бейнесі. Ғалым М.Базарбаев Дәрмен образына тоқтала келіп: «…Романның эпилогында Дәрменнің Абай зиратының басына келіп: «Өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата, тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» деп берген антында да көп мағына, терең астар бар», – деген пікірі сұңғыла жазушының негізгі ой астарын дөп басқан (Замана тудырған әдебиет. – Алматы: Ғылым, 1997. 273-б.).
Көкбай мен Шәкәрім бейнелері романда осылайша еріксіз бұрмаланып бейнеленсе, Әріп ақынды шығарманың бір-ақ тұсында, Базаралының айдаудан қайтқан шағында кездестіреміз. Көркем туындыда Абай шәкірті ретінде көрінбесе де, Әуезов Әріптің нағыз бірбеткей, турашыл ақындық кесек келбетін оқырман алдына тартады. Абай мен Әріп арасына «Біржан-Сара айтысын» сына ғып, «Әріп Абайды ұстаз көрмеген» деген дақпыртты желеулетушілер әлі де баршылық. Алайда Әріптің Абай мектебінің талантты шәкірті екендігін алғаш рет осы М.Әуезов айтқандығын зердеде ұстағанымыз жөн.
Романда Абайдың ақын балалары Мағауия, Ақылбай, Турағұлдардың бейнелері саяси сынның уысынан шыға алмады. Әйгерімнің көңіл-күйіне қатысты аты аталып қана қалған омыраудағы екі жасар Турағұлды құбыжық көріп, «кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен, аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі», – деген сорақы сын Турағұлдың атын «Абай жолынан» мүлдем сызғызып тастады. Бір сөзбен айтқанда, ұлы жазушының дәуірнамалық туындысында ең негізгі тақырыпқа айналатын, айналуға тиіс болған Абайдың ақындық мектебі тоталитарлық жүйенің құрбандығына шалынды. Ең бастысы, Абай бейнесі арқылы ұлы эпопеяны дүниеге әкелу үшін Әуезов көп тарихи тұлғалармен қатар Абай шәкірттерін де құрбандыққа шалды. Шәкәрім, Көкбай, Әріп ақындарды кеңестік саясат қажетсінген межеден ғана көрсете алды. Десек те, жазушы өз шеберлігін саяси сынның қылбұрауына тосқауыл ете білді. Эпопея табиғатына сол уақыттың өлшемімен ғана емес, талабымен де үңіле білсек, Әуезов қаламының құдіретін тани түсеріміз айқын.
Бауыржан Ердембеков, «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ-ның басқарма төрағасы – ректор.