Қоғам

Аквариумға арналған фотобиореактор құрастырды

Аквариумға арналған фотобиореактор құрастырды


Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Сая Маратова аквариумға арналған фотобиореактор құрастырып шықты.

ХХІ ғасыр – ауа тазалығы, оттегі тапшылығы мәселесі ушыққан заман. Қалаларда ауаны ластаушы көздер көп: ірі өндіріс орындары, жаңа жолдар мен ғимараттар салынуда, автокөліктер саны артуда. Ғимарат ішіндегі ауа сапасына тұрмыстық техника, химия құралдары әсер етеді. Соның кесірінен біз үнемі ластанған ауамен тыныс аламыз.

Осыған байланысты оттегі тапшылығын көрсететін модель ретінде аквариумды алған оқушы шағын оттегі генераторын құрастырды. Ғылыми-зерттеу жұмысы «жасыл технология», «қалдықсыз технология» контекстінде орындалған. Оттегі генераторының негізгі компоненті ретінде хлорелла балдыры пайдаланылды. Фотобиореактордың жұмыс принципі балдырлар ағзасында жүретін фотосинтез процесіне негізделген.

– Фотобиореакторды микробалдырларды өсіруге, сонымен қатар, үй-жайларды оттегімен байытуға арналған қондырғы ретінде де қолдануға болады. Реактордан бөлінген оттегін тек аквариум суын қанықтыруда ғана емес, сонымен қатар, күнделікті өмірде бөлме ауасын байытуда пайдалану жоба болашағының зор екенін көрсетеді, – дейді ғылыми жетекші, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлназ Садықанова.

Зерттеу жұмысының жаңалығы сол, тұңғыш рет аквариумдағы тіршілік иелерін оттегімен қамтамасыз ететін фотобиореактор құрастырылып отыр.

– Бірнеше жыл аквариум балықтарын өсірумен айналысамын. Осы уақытта тап болған қиындықтарымның бірі – балықтарды оттегімен қамтамасыз ету. Ол үшін су өсімдіктерін де өсірдім, аэраторды да пайдаландым. Бірақ мұның бәрі мәселені шешпеді. Түнде жарық сөнген кезде немесе аэраторды өшірген соң, балықтарға оттегі жетпейтін. Осыдан соң аэратор мен балдырларды біріктіріп, аквариумды оттегімен қамтамасыз ететін құрылғы – фотобиореакторды құрастыру ойыма келді. Микробалдырларды өсіруге арналған биореакторлар тәжірибесі бұрыннан мәлім болғанымен, оттегін алуға бағытталған шағын фотобиореактор құрастыру – бүгінгі заманның өзекті мәселесі. Себебі, қолжетімді, шығыны аз, арзан материалдарды пайдалана отырып, энергетикалық және экологиялық мәселелерді шешу – қазіргі ғылым мен экономикадағы басым бағыттардың бірі, – деп түсіндірді Сая.

Фотобиореактор жұмысы нәтижелі, ешқандай шу, жағымсыз иіс жоқ, сонымен қатар, оттегі үнемі бөлініп тұрады. Реактор аквариум суын оттегімен байытып, бөлме ауасының тазаруына септігін тигізеді, электр энергиясын аз шығындайды.

Өткен жылы Сая Өскемен әкімдігіне қарасты «Экобиоцентр» мекемесі ұйымдастырған оқушылардың аймақтық экологиялық-биологиялық конференциясына қатысып, үшінші орынға ие болды. Ғылыми жоба Ресейдің Чебоксары қаласындағы оқушылар мен студенттердің зерттеу жұмыстарының «Магнит познания» ІV халықаралық конкурсына жіберіліп, екінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Алматыда өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсында екінші орын алды. Реактор үлгісі мектепішілік «Open evening» ғылыми жұмыстар көрмесіне қойылып, сертификатпен марапатталды.

Қазіргі уақытта Сая республикалық ғылыми жобалар конкурсының соңғы кезеңіне дайындалып, фотобиореакторды жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button