Өнер әлемінің өрнегінде із қалдырып, жұлдызы жанған жандар көп. Бүгінде көгілдір экран арқылы көпшіліктің көңілінен шығып жүрген танамы тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – кино және театр актері Дулыға Ақмолда әріптестерімен бірге оқырмандармен кездесті. Облыстық кітапханада өткен кездесу барысында актер оқырмандар сұрағына жауап беріп, келелі әңгіме өрбітті. Оқырман сұрақтары бойынша еркін отырыста өрбіген сұхбатты газетіміздің оқырмандарына ұсынып отырмыз.
– Өзіңіз түскен фильмдерді қаншалықты жақсы көресіз?
– Мен өзім түскен фильмдерді көп көре бермеймін. Тіпті, тұсаукесеріне де бармауға тырысамын. Өйткені ең әуелі халықтың реакциясының қалай болатынын күтемін. Жалпы халықтың талғамы деген өте қиын ғой. Жұрт қалай қабылдайды, киноның ғұмыры да соған байланысты болады. Ал өзім түскен киноны елден бұрын көрмейтін себебім, рөлдегі аз-маз қателіктерімді өзім ғана білетіндігімнен шығар. Сол бір көңілге қонбай қалған тұстары қалай болар екен деген уайым болады. Мысалы, біраз жұрт ұнатып көрген «Сержан Братан» фильмін бір айдан кейін барып көрдім. Оған дейін елдің құттықтауларын қабылдап, пікірлеріне құлақ түрдім. Жалпы өзім түскен кез келген фильмді елмен отырып көру ауыр, сондықтан да кей-кейде жабық көрсетілімдерге ғана баратыным бар.
– Жұрт қызыға тамашалаған «Сержан Братан» киносы арқылы танымалдығыңыз артқан секілді?
– Бұл кино арқылы жастардың арасында танымалдығым артқаны шындық. Бірақ мен танымалдықты онша ұната бермейтін адаммын. Бұл жердегі айтып отырған танымалдығым суретке түсу немесе автограф беру деген сияқты емес. Осы кинодан кейін жастар менің өнерімді зерттеп, бұрынғы түскен киноларымды тамашалай бастады. Менің спектакльдерімді көретін болды. Тіпті, осы фильмнен кейін қазақ киноларын көре бастадым деген жастар болды. Бұл фильм көрермендерге талпыныс әкеліп, қазақ өнерін жастардың тамашалуына аз да болсын үлес қосты. Ал менің рөліме келер болсақ, сценарий маған арнап жазылғандықтан болар сәтті шыққан секілді.
– Кино және театр актерінің арасында айырмашылық бола ма?
– Менің негізгі өсіп-өнген ортам – театр. Әуел бастан театр актері болып білім алғанмын. Мен және менің жанымдағы әріптестерім Қазақстандағы өнер ордаларының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрынан түлеп ұшқанбыз. Қалай айтсақ та актердің шыңдалатын жері – театр. Актер – адам жанын зерттейтін мамандық. Сондықтан кинодан жылтың етіп бір көрінгеннің барлығына актер деп қарауға болмайды деп есептеймін. Баяғыда менің қолыма бір журнал түсті. Содан парақтап отырсам, өнердің өзегін жағалаған бір жігіт сұхбат беріпті. Әлгі жігітті «әнші-актер» деп таныстырып жазып қойыпты. Содан неге бірінші әнші, одан кейін актер деп жазғанына ойланып қалдым. Бір жағы актерлікті екінші орынға қойғанына намыстандым. Әншілігін зерттеп көрдім, кереметтей әнін таппадым. Актерлігін зерттедім, болмағанда колледжден алған арнайы білімі жоқ. Сөйтсем бір-екі киноның арагідік кадрларына іліккені бар екен. Міне, осындай адамдар актер деген атты еншілеп алып, оны көтере алмай жүретіндері бар. Содан кейін журналдың редакторына хабарласып, әлгі «әнші-актер» кешірім сұрап жөнге келген еді. Өнер жолын қуам деген жастар болса, осындайдан сақтану керек. Кинода бір рөлді сомдап танылғандар ұзаққа бара алмайды. Өйткені ол оқыған актер болмағандықтан бет-әлпетімен немесе әрекетімен алған рөлінен ары аса алмайды. Ал оқыған, театрда шыңдалған актердің ішкі жан дүниесі көзінен көрініп тұрады. Ол кез келген рөлді алып шыға алады.
– Мықты актер болу үшін не істеу керек?
– Бүгінгі кездесуге балаларды алып келген ата-аналарға риза болып отырмын. Біз баламыз тілді білсе, қазақ болды, адам болды дегенмен ғана шектеліп жатамыз. Алайда бала болмысының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, осындай рухани орта арқылы қалыптасатынын есте сақтаған жөн. Сондықтан бүгінгі кездесуге келіп отырған балалардың рухани байып, осы кездесуден ой түйіп қайтатынына күмән жоқ. Ал енді баланы актерлікке баулу туралы тілге тиек еткенде бір дүниені ескерген жөн дер едім. Мен балаларды актерлікке баулығанға, сахнаға дайындайтын үйірмелерге бергенге еш қарсы емеспін. Бірақ баланың өзінің табиғи болмысын жоғалтып алмауға тырысу керек. Өйткені көптеген үйірмелер баланы жасанды ойнауға, күлуге, жылауға тәрбиелеп жібереді. Бұл оның табиғи болмысының бұзылуына алып келеді. Сондықтан сұрақ қойып отырған балаға айтарым актер болуға талпын, алайда алдымен табиғи болмысынды қалыптастыр. Одан кейін барып актер болу үшін ән айтуды, би билеуді, әртүрлі аспапта ойнауды үйрен. Қазақтың тарихы мен мәдениетін біл, қазақ және шетел әдебиетін оқы. Әсіресе әдебиетті оқымаған адам актер бола алмайтынын айтқым келеді. Осының бәрін үйреніп, өз болмысынды қалыптасыра білсең, актер болуға бетбұруға болады. Қалғанын алған білімің мен талантың көрсетеді.
Ой іздесең Оралханды оқы
– Білімнің көзі кітап екенін айттыңыз. Қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?
– Өмірдің мәні мен мағынасын іздеген адам кітапханадан таба алады. Әсіресе қазіргі материалдық құндылық алға шыққан заманда кітапты көп оқуымыз керек. Қазақтың классик жазушыларын оқуымыз керек. Анау ел айтып жүрген Нобель сыйлығын алған жазушылардан біздің қаламгерлердің ешқандай кем түсіп тұрған жері жоқ. Өздеріңіздің жерлестеріңіз Оралхан Бөкей қаншама фәлсафалық, көркем шығармаларды жазып кетті. Ой іздеген адам Оралханды оқысын. Қара сөздің зергері Қалихан Ысқақ толғамаған тақырып жоқ. Бала десең балаға, дана десең данаға арнап жазды. Қаншама киносценарий, драмалық, көркем шығарма жазып кетті. Сондықтан оқитын адамды алыстан іздеп қажеті шамалы. Көркем дүниені кестелеп кеткен ақындарымыздың жыры да жеткілікті.
– Өнердің өрісіне жол салар шәкірттеріңіз бар ма?
– Осыдан он шақты жыл бұрын шәкірт тәрбиелеңіз деп академияға шақырған болатын. Бұл ұсыныстан біраз жыл қашып жүрдім. Өйткені ұстаздың жауапкершілігі өте жоғары ғой. Оған іштей дайын болу керексің. Ақыры биыл 1 курстан бастап студенттер қабылдап алдым. Он бес студентті өзім сыннан өткізіп қабылдап алдым, енді бір 15 студентті төлеп оқып жатқандары үшін қосып берді. Қазіргі кезде оларға білгенімді үйрету үстіндемін. Біз өзіміз де кезінде театр сахнасында жүрген майталмандардан білім алып өстік. Бұл үрдіс кейін келе үзіліп қалған болатын. Қазір қайта қолға алынып, театр актерлері оқу орындарында сабақ беріп жүр. Бұл болашақта өзінің жемісін береріне мен сенемін.
– Рөлді оңай алып шығудың қандай жолы бар?
– Рөлдің оңайы болмайды. Актер сахнадағы немесе экрандағы әрбір сөздің не үшін айтылып тұрғанын білуі керек. Оқымаған актерлер жаттап алып айта береді, ал оқыған актерлер сөзді жаттап, оны санаға сіңіріп, ішкі жан дүниесінен қайта шығарып көрерменге жеткізеді. Мысалы, рөлің ақсақ адамның образында болса, сен оның неге ақсақ екендігін зерттеуің керек. Ол туабітті кемтар ма, әлде жол ортада сондай жағдайға душар болды ма? Жол ортадан кем болған адам мен туабітті ақсақ адамның жан дүниесі екі бөлек болады. Болмаса соғыста оқ тиген болса, ол адамның психолгиясында соғыстың әсері болады. Міне, осының бәрін меңгергенде барып образ жасай аласың деуге болатын шығар. Образ деген ауыр сөз. Образ жасай алмасаң да, толыққанды кейіпкер жасауға тырысу керек.
– Сіздің сахнадан сырт уақыттағы, отбасындағы болмысыңыз қандай?
– Актер халықтың алдында жүретіндіктен шыншыл болады. Сондықтан өмірде де шынайы ғұмыр кешуге тырысып келеміз. Біздің театрдағы көнекөздердің бірі – Сәбит Оразбаев ақсақал. Театрдың абызы десек те болады. Сол кісі айтады: «Баяғыда театр сахнасында Әбілқайыр ханның рөлін ойнадым. Ойнаған рөлім сәтті шығып халық қошеметпен көкке көтеріп тастады. Өзімді ойыннан кейін де хан сезініп, рөлден шыға алмадым. Содан алшаңдай басып Әбілхайыр хан болып үйіме есіктен кіріп келіп едім, әйелім алдымнан шығып Сәбитжан мынаны төгіп келші деп «мусордың» екі пакетін ұстата салмасы бар ма?! Сол арада көктен жерге бірақ түстім», – деп күліп айтатын әңгімесі бар. Сол сияқты біз де қандай рөлді ойнасақ та артынан жерге түсетінімізді білеміз. Өйткені біз халықтан, отбасымыздан биік емеспіз ғой.
– Есіміңіз ерекше. Мағынасы қандай?
– Дулыға деп атымды атам қойған екен. Бала күнімде ел атымды үш рет айтқанда барып әрең түсінетін еді. Сол үшін кәдімгідей қызарақтап қалатынмын. Жалпы дулыға батырлардың бас киімі екенін ел біледі. Соның ішінде хандардың соғыста киетін бас киімі екен. Дулыға деген батыр болыпты, сол адамға арнайы кигізген бас киім дулыға атанып кетіпті деген де аңыз бар. Қалай болғанда да қазақтың бай тілінен шыққан сөз. Мұны орысшаға аудар десең, мағынасыз, мәнсіз «каска» дей салуы мүмкін. Қазақ тілінің бай болғандығы соншалық анау-мынау тілге аударыла бермейтін сөздер жетерлік. Соның бірі – дулыға.
– Жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?
- Ең қымбат нәрсе – уақыт. Жастар әлеуметтік желіде отырып уақыттарын құртпаса деймін. Қайдағы жоққа тамсанып, оған лайк басып отырудың дәл қазіргі уақытта қажеті шамалы. Мүмкін біреулер солай ақша табатын шығар, бірақ ол ақшаның берекесі бола қоймайды. Сондықтан бос уақытты білімге, бір дүниені болсын білуге арнау керек.
Әзірлеген – Алтай Ғали-Асқар