Қоғам

Ақшиден шыққан «Арлан»

Хасен ЗӘКӘРИЯ, Күршім

Ақмола облысының Щучинск қаласында қоян-қолтық айқастан Қазақстан чемпионаты өтті. Жасы 60-тан асқан  жекпе-жек шеберлері атсалысқан бұл дүбірлі додада ерлер мен әйелдер бірдей топқа түсіп, күш сынасқан еді. Барлығы 406 үміткер қатысқан айтулы сайыс өте тартысты өтті. Осы бәсекеде  Астана қаласының 68 жастағы тұрғыны, белгілі спортшы, жекпе-жек шебері, Күршім ауданындағы Ақши ауылының тумасы Дәулет Темірханов қарсыластарын шақ келтірмей ұтып, бас жүлдені жеңіп алды.

  • Биыл 14-19 маусым аралығында Астанада Әлем чемпионаты өткізіледі, – деді Дәулет Әмірханұлы телефон арқылы сөйлескенімізде. – Мына бәсеке – сол чемпионаттың алдындағы іріктеу сайысы. Бұл айтулы сайысқа Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік барлау басқармасы, ІІМ «Сұңқар» арнаулы жасағы және тағы басқа әскери құрамалар мен ведомстволар аттандырған кіл мықтылар еліміздің барлық облыстарынан келіп қатысты. Олардың арасында 75 спорт шебері, 33 халықаралық деңгейдегі спорт шебері және спорт шеберіне үміткерлер бар. Бұл бәсекенің негізгі мақсаты – жастарды спортқа баулу және жүйріктерді Әлем чемпионатына іріктеу.

Осы кілең «сен тұр, мен атайын» тарландардың арасынан жарып шығу тым қиын екені айтпаса да түсінікті. Дәулет Әмірханұлы сайыстың «Тәртіп» пен «Өзін-өзі қорғау» бөлімінде бес адаммен жекпе-жекке шығып, таза жеңіске қол жеткізді, сөйтіп, күрделі сыннан сүрінбей өтіп, чемпионаттың алтын медалін тақты. Ес білгелі спорттың бокс, күрес сияқты түрлерімен жалықпай айналысып, көптеген жетістікке қол жеткізген запастағы полиция полковнигі  Д.Темірханов жасы жетпісті алқымдаған шақта да өзінің әлі бабында екендігін дәлелдеді.

Дәулет Темірханов 1955 жылдың 3 сәуірінде Күршім ауданының Ақши ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Мектепті жақсы бітіріп, 1976-78 жылдары әскери борышын өтеп оралған жас жігіт 1978 жылы Алматы қаласына барып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түскен. Ол бұл оқу орнын 1983 жылы бітіріп шықты.  Сол бетпен ішкі істер бөліміне қызметке келген азамат қоғамдық тәртіпті сақтау саласында 2011 жылға дейін абыроймен еңбектенді. 1988 жылдан 1993 жылға дейін Алматы қаласындағы айрықша маңызы бар милиция бөлімі (ОМОН) бастығының орынбасары міндетін мінсіз атқарған Дәулет Темірханов 1993 жылдан 2011 жылға дейін Алматы және Астана қалаларындағы арнайы мақсаттағы жасақтың командирі қызметінде де өзін тек жақсы жағынан көрсете білді. 2003 жылы Астанадағы Д.Қонаев атындағы университетке түсіп, оны заңгер мамандығы бойынша тәмамдады.

Осы аса жауапты қызметтерде жүріп, өзінің шеберлігін шыңдауды бір сәтке де назардан шығармаған қайсар азамат қоян-қолтық айқастың еңбек сіңірген жаттықтырушысы, осы саладағы ұлттық және халықаралық деңгейдегі төреші дәрежесіне қол жеткізді. Сонымен бірге ол Қазақстан Республикасы Қоян-қолтық айқас ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Джиу-джитсу ассоциациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Еңбек сіңірген денешынықтыру және спорт қызметкері атақтарына ие болды.

Д.Темірханов – қоян-қолтық айқас пен самбо күресінен оннан астам спорт шебері мен халықаралық деңгейдегі спорт шеберін даярлаған көрнекті тұлға. Ол спорттың қоян-қолтық айқас түрін дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін жауапты министрліктің дипломдарымен және Құрмет грамоталарымен неше мәрте марапатталған. Отбасылы, зайыбы екеуі екі ұл тәрбиелеп өсіріп отыр.

Осы айдарда

Back to top button