Акцияны пайдаланып, мәселесін шешіп алды

Мемлекеттік кірістер департаменті арқылы 2015 жылдың желтоқсан айынан бері облыста тұратын екі азамат 308 млн. теңге қаражатын жария еткен. Ал Зайсан ауданының тұрғыны мүлік пен ақшаны жария ету акциясын пайдалана отырып, көп жыл бойы заңды түрде тіркей алмай келе жатқан балабақша ғимаратын тіркеп, ең басты мәселесін шешіп алды.
Облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Роза Сейілханова аймақта мүлік пен ақшаны жариялау науқанына өңір тұрғындарының белсене қатысып жатқанын, тіркеліп жатқан мүліктердің ішінде коммерциялық бағыттағы нысандардың да айтарлықтай екенін атап айтты.
– Жуықта Аягөз ауданында да бір азамат коммерциялық нысанын тіркеуден өткізіп, жария етті. Мұндай нысандар жаңа кәсіпорын, қызмет түрін құрып, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Халыққа мүлік пен ақшаны жариялау науқанының тиімділігін түсіндіру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ақпараттық шаралар жүргізіп жатырмыз, – деді мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Роза Сейілханова.
Жанаргүл Мұқатай