Қоғам

Акцияның биылғы қорытындысы Аягөзде шығарылды

Акцияның биылғы қорытындысы Аягөзде шығарылды

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Аягөз қаласында «Туған ел – алтын бесігім» атты облыстық акцияның қорытынды гала-концерті болып өтті. Оған аймағымыздың барлық аудандары мен қалаларынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты.
Концерт басында сахнадағы үлкен экраннан жиналған қауымға «Туған ел – алтын бесігім» акциясының жарқын сәттері көрсетілді.
– Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ел экономикасын өсіп-өркендетудің бірден-бір кепілі – ішкі тұрақтылық, халықтың бірлігі екенін атап көрсетті. Сол ауызбіршлік бүгін қасиетті Аягөз жерінде көрініс тауып отыр. Осыдан алты жыл бұрын басталған бұл шараның дәрежесі, ауқымы жылдан-жылға артып келеді. Былтыр акция аясындағы гала-концерт Жарма ауданында өткен болатын. Биыл міне, іс-шараны Аягөз ауданы лайықты жалғастырып отыр. Осы ретте мен аудан басшылығына, аудан-қалалардан келген көркемөнерпаздар ұжымдарына рақмет айтамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Бұдан соң биыл ұйымдастырылған акцияның қорытындысы жарияланып, жеңімпаздары марапатталды. Осы жылы үшінші орынды Зайсан ауданы, екінші орынды Аягөз, бірінші орынды Жарма ауданы иеленді. Ал акцияның бас жүлдесін Үржар ауданы жеңіп алды.

Акцияның биылғы қорытындысы Аягөзде шығарылды

Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Андасованың айтуынша, акция алты жыл бойы мәдениет пен өнердің дамуына күшті серпін беріп келеді.
– Осы іс-шараның арқасында қаншама өнерлі жанның жұлдызы жанды, салаға қосымша қаржы құйылды. Тек биыл ғана ауданымызда үш мәдениет үйі ашылды. Міне, еңбегіміз жоғары бағаланып, бас жүлдені иемденіп отырмыз, – деді бөлім басшысы.
Екі сағаттан астам созылған концерт қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көшін сүйреп жүрген жалынды жас әншілердің бірі, Аягөз елінің тумасы Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Шегенің термесімен» басталды. Сонымен қатар, сахнада Аягөз ауданының ұлт аспаптар оркестрі, жармалық қобызшы қыздар ансамблі, зайсандық өнерпаздар Айгүл Төлеубайқызы мен Нәзипа Зәкиқызы, тарбағатайлық «Бабалар сазы» этнотобы, абайлық «Өрнек» балалар би тобы және тағы да басқа аудан-қалалардан келген ұжымдар өз өнерлерін паш етті. Концерт соңында сахна төріне жиналған барша өнер иелеріне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТЫҢ атынан ықылас гүлшоғы тарту етілді.
Сондай-ақ, осы іс-шара аясында шаһарда 25 орындық «Ботақан» бөбекжай-балабақшасының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатқа қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Елбасы тапсырмасына сай Шығыс Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көптеп бой көтеріп жатқанын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік нәтижесінде ашылған осы нысан солардың бірі екенін айтты.
2012 жылы іргесі қаланған екі қабатты ғимараттың құрылысы биыл аяқталыпты. Оның құрылысына кәсіпкер Төлеу Баймұхамедова өз қаржысын салған. Қазір мұнда 15 адам еңбек етуде.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button