Қоғам

Академияда 700-ге таяу бала футбол әліппесін меңгеріп жүр

Академияда 700-ге таяу бала футбол әліппесін меңгеріп жүр


Биыл өскемендік «SOXNA» футбол академиясының бір емес, екі бірдей командасы ел чемпионы атағынан үмітті. Атап айтқанда, қазір 2000 және 2001 жылдары туған шығысқазақстандық жас футболшылар өз чемпионаттарында үздіктер қатарында келеді. Енді оларды Тараз және Қарағанды қалаларында өтетін соңғы тур ойындары күтуде. Бұл сыннан іркілмей өтсе, жерлестеріміз ақтық кезең – жартылай финал мен финалға жолдама алмақ.

Естеріңізге салайық, 2015 жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен испаниялық «SOXNA» компаниясы арасында Өскеменде футбол академиясын құру туралы меморандум жасалған болатын. Сол келіссөздерге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен шетелдік компанияның бас директоры Мигель Анхель Эрнандес қатысып, маңызды құжатқа қол қойған болатын. Сәл кейінірек, атап айтқанда, сол жылдың қазан айында облысымызға бір топ испандық бапкер келіп, өңірдің барлық ауданы мен қаласынан талантты жас футболшыларды іздестіру жұмыстарын бастап кеткен еді. Бірнеше айға созылған аталмыш жұмыс барысында 2000-2003 жылдары туған 700-ден астам үміткер іріктеуге қатысқан болатын. Нәтижесінде 100-ге жуық жасөспірім жаңадан құрылған академияға қабылданды.

Осы орайда, футбол академиясына іріктеу сындары биыл да жалғасын табатынын айта кеткен жөн. Ол қараша айында өтеді деп жоспарлануда.
Испаниялық компанияның бас директоры Мигель Анхель Эрнандестің айтуынша, бастапқыда Еуропадан шалғайда орналасқан өңірде футбол академиясын құру идеясына күмән білдіргендер көп болған сыңайлы. Дегенмен, қазақстандық және испандық мамандардың бірнеше ай бойы қоян-қолтық араласып, бірлесе атқарған жұмыстары бүгінде нәтижесін бере бастады.

– Қазір облыс басшылығының тікелей бастамасымен құрылған «Алтай» спорт клубының жанындағы «SOXNA» академиясында 700-ге таяу бала жаттығып, футбол өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Өскемендегі орталықтан бөлек, академияның филиалы Семей қаласында да жұмыс істейді. Жас аяқ допшылар облыс орталығындағы «Восток» стадионында, сонымен қатар, қаланың ірі спорттық нысандарында жаттығады, – деген Эрнандес мырза футбол академиясының басты мақсат-міндеттеріне ерекше тоқталды. – Бүгінде Испания әлемдегі ең үздік футбол державаларының бірі екенін білесіздер. Біздің «Реал», «Барселона», «Атлетико» сынды командаларымызды білмейтін адам кемде-кем шығар бұл жаһанда. Енді, футбол өнеріндегі тәжірибемізді өзгелермен бөліскіміз келеді. Себебі, футбол деген бір орында тұрмайтын дүние.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «SOXNA» компаниясы атышулы мадридтік «Реал» клубы әзірлеп ұсынған бағдарлама бойынша жұмыс жүргізетін футбол мектептерін дамытушы ұйым болып табылады. Компанияның құрамында УЕФА сертификатына ие болған білікті испандық мамандар қызмет атқарады. Қазірде компания мамандары әлемнің 50-ден астам елінде футбол академияларын құру жөнінде тиісті жұмыстар жүргізуде.

– Біздің Қытай, Мексика, Италия, АҚШ, Канада, Камерун сияқты елдерде орталықтарымыз бар. Ерекше айта кетерлік жайт, «SOXNA» өз жаттығулар әдістемесі мен ойын моделін, тактикасын әзірлеп шығаруға зор мән береді. Футболдан хабары бар адамдар испандық командалар допқа иелік ету жағына көп көңіл бөлетінін біледі. Испаниядағы кез – келген футбол командасы комбинациялық, шабуылдаушы ойын өрнегін көрсетуге тырысады. Біз де академиямызға қабылданған балаларды осыған үйретудеміз. Бірер жылдан кейін бізден түлеп ұшқан қазақ жастары кәсіпқой футбол клубтарында өнер көрсетіп, жасындай жарқылдап жүрсе, еңбегіміздің өтемі осы деп білеміз, – дейді компанияның бас директоры.

Осы тұста, облыс басшылығы мен «SOXNA» компаниясы арасындағы келісім аясында Өскеменде келешекте төбесі жабық футбол манежі пайда болатынын да атап өткен орынды. Мұнда жас футболшылар қысы-жазы жаттығатын болмақ.

Әрине, мұндайда жастарға тәлім-тәрбие беретін жаттықтырушылардың рөлі орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Қазір Өскемендегі футбол академиясының жаттықтырушылары құрамында Исмаэль Диас Галан, Давид Родригез Кортес, Пабло Венесуэла Молино, Хосе Луис де Кастро Мосас сияқты білікті испандық мамандармен қатар, кезінде мәскеулік ЦСКА командасында ойнаған, кейін «Локомотив» (Мәскеу), «Зенит» (Санкт-Петербор) футбол клубтарында қызмет атқарған Ильшат Файзуллин сынды белгілі футболшы-бапкерлер де бар. Бұдан бөлек, бүгінде академияда 18 қазақстандық бапкер қызмет атқаруда. Оның сегізі УЕФА-ның «В» санатты жаттықтырушысы болса, бірі ең жоғары «А» санатындағы бапкер екен.

Испандық жаттықтырушылардың бірі, Өскемендегі «SOXNA» футбол академиясының бас бапкері Исмаэль Диас Галанды сөзге тартқанымызда шетелдік маман Қазақстанда да кейін халықаралық аренада жұлдыздай жарқырап өнер көрсететін футболшыларды табуға болатынын жеткізді.

– Қазақстандық футболда күш жағына көп көңіл бөлінеді. Ал біз балаларды допқа иелік етуге, көбірек паспен ойнауға үйретеміз. Футбол деген жай ғана ойын емес, бұл жасыл алаңдағы шахмат сайысы деуге болады. Бұл жерде аяқпен ғана емес, баспен де жұмыс істеу керек. Кез келген ойыншы бірінші кезекте команданың мүддесін ойлауы керек. Міне, академиямызға қабылданған жас футболшыларды осыған баулимыз, – дейді бас бапкер.

Бұл орайда, Галан мырзаның өзіне де тоқтала кеткеніміз абзал. Кезінде өз еліндегі «Спортинг», «Малага», «Гранада» сияқты клубтарда, сонымен қатар, Португалия мен Эквадорда қызмет атқарған маман кейін алматылық «Қайрат» футбол клубында бас бапкердің көмекшісі де болған екен. Тіптен, атақты футболшы Хуан Матамен әзіл-қалжыңы жарасқан дос екенін де жасырмады. Сондай-ақ, ол бүгінде өз қанатының астына алған кейбір ойыншыларды ерекше атап өтті.

Соның бірі – 12 жасар Ержан Кәрменов есімді жас футболшы Өскеменге Аягөзден келіпті. Ол мұндағы жаттығу үрдісінің бұған дейін болғандарына мүлдем ұқсамайтынын айтады. Оның сөзін 13 жасар семейлік Кәрім Смақов та қостап отыр. Жалпы, «Восток» стадионының жасыл алаңында доп теуіп, жаттығып жүрген балалардың қай-қайсысының да шетелдік мамандардың жұмысына ерекше көңілі толатындай. Мұны балақайлардың қара терге малшынып, бір-бірінен қалыспай жаттығу жасап жүргендерінен-ақ аңғаруға болады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button