Қоғам

Академик атындағы заманауи кабинет ашылды

Академик атындағы заманауи кабинет ашылды


С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде еліміздің әлеуметтік-экономика дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғылым қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Шоқан Уәлиханов сыйлығының лауреаты, академик Түймебай Әшімбаев атындағы заманауи қаржы ғылымдарының кабинеті ашылды.

Академиктің 100 жылдығына арналған іс-шаралар легі заманауи кабинеттің салтанатты ашылуымен басталды.

– Түймебай Әшімбайұлы ғұмырының соңына дейін еліміздегі экономикалық мәселелерге белсене араласып, Ғылым академиясындағы беделді тұлғалардың бірі болды. Білім-ғылым қуған жастарға үйретуден шаршамайтын, ол үшін алтын уақытын аямайтын. Шәкірттерінің әрбір жетістігіне марқайып отыратын. Ғылыммен айналысу – оның өмірлік ұстанымы болды. Еңбексіз бір күн де отыра алмаған. Ғылым саласында өзі талмай еңбек етті, шәкірттерінен де соны талап етті. Егде жасқа келсе де, жастарға өзінің бай білімі мен тәжірибесін үйретуден жалықпады. Өмірі мен қызметі, адамгершілік қасиеті жастарға үлгі боларлық ғылым қайраткерінің атына заманауи кабинет ашылғандығына қуаныштымын. Академик Түймебай Әшімбайұлының ғалымдық, ұстаздық өнегесі ешқашан ұмытылмайды, – деді кабинеттің лентасын қиып, салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» білім беру корпорациясының президенті, академик, профессор Рахман Алшанов.

Жаңадан ашылған кабинеттегі «Ұстаз жайлы естеліктер: құрметпен және ризашылықпен» атты стендте ғалыммен әр жылдары қызметтес болған әріптестерінің игі тілектері, жылы лебіздері мен естеліктері көрініс тапқан.

Түймебай Әшімбайұлы Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, өмірінің алты жылын лагерьде өткізеді. 1942-45 жылдары әдебиетке жақындығының арқасында аудармашы, «Отанды қорғауда» газеті редакторының орынбасары болып, әскери журналистика саласын меңгерді. Майданнан кейінгі жылдары соғысқа дейін оқыған қаржы-экономикалық институтындағы білімін жалғастыруға бел буады. Бірақ бұл жолы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне қайтадан оқуға түседі. Түймебай Әшімбайұлы 392 ғылыми еңбектің, 19 монографияның авторы. Оның басшылығымен 47 шәкірті ғылым кандидаттығы мен докторлығын қорғаған. 16 жыл бойы институтқа басшылық еткен.

Іс-шара аясында білім ордасының әкімшілік ғимаратындағы «Мәңгілік ел» залында «Қазақстанның экономикалық ғылымы: өткеннің тәжірибесі – болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Университет ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, PhD докторы Мұхтар Төлегеннің және өңіріміздегі ғалымдардың қатысуымен өткен басқосуда профессор Рахман Алшанов «Қазақстанның экономикалық интеграциясы және экономикалық саясатты түзету» тақырыбында баяндама жасады. Жиын стол барысында академик, экономика ғылымдарының докторы Оразгелді Баймұратов, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әбділда Әлімбаев, академик Ұзан Ысқақов, Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Үсен Әлімбетов елімізде үйлесімді экономиканы қалыптастыру, халықтың әл-ауқат деңгейін қамтамасыз етудегі маңызды фактор – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі, еліміздің экономикасын технологиялық жаңғырту және білім беру мәселелерін кеңінен талқылады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button