РуханиятТОП

Ақ Ертіс толқып аққан күн

Бұл күн ақ Ертістің толқып аққан, шалқып аққан күні болды. Ерке Ертістің жағасындағы әсем қала Өскеменге көмейіне бұлбұл ұялаған күміс көмей әншілер жиналды.  «Ертіс концерттің» кең залы көрерменге лық толды. Тіпті ине шаншар жер жоқ десе де болады. Барлығы  «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестиваліне, өнер мерекесіне жиналған. Осынау фестивальді көрермендермен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те тамашалады.

 

«Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалі Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауындағы Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» туындысымен  басталды. Дирижері – Александр Галсанов. Шынында да, бұл күйде өмірдің қан қыздырар қуанышы мен махаббат лүпілі бар. Сәйгүлікті ерттеген сұлу қыз ақын тілімен айтқанда,  «Қуып жет мені, жігітім! Егер де болса үмітің, Атыңды аяп келесің, Шын сүйсең, маған жетесің» дейтіндей назданып.  «Қыз қуудың»  «Көзімнің қарасына» ұласуы да заңды.

Бұл бүкіл қазақ даласын әлдилеген Ұлы Абайдың әні ғой.  Абайдың әнін орындау үшін де әншіге  деңгей керек.  Жалпы, Абай әндері  белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілов   шығармашылығының өзегі десек те болады.  Консерваторияны бітірер жылы  Абай рөлі Шахимарданның дипломдық жұмысының тақырыбы болыпты. Содан бері ол Абайдан алыстаған емес. Бір сұхбатында ол «Абай мен үшін жұмбағы шешілмеген түпсіз терең тұңғиық» дейді. Осынау ән мерекесінде сол тұңғиыққа көрермен қауым да сүңгіп, маржанын бірге сүзгендей әсерде қалдық.

Осынау классикалық музыка фестиваліне Ресейдің еңбек сіңірген опера әншісі, бүкілресейлік «Casta Diva» сыйлығының иегері Татьяна Печникованың қатысуы көрермен үшін жаңалық болды.   Әнші Исаак Дунаевскийдің «Заздравнаясын», сондай-ақ қазақстандық опера әншісі Талғат Мұсабаевпен бірге Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсынан граф ди Луна мен Леонораның дуэтін орындады.

Пианист Әмір Тебенихиннің орындауындағы Бетховеннің сонатасы да көрерменді сиқырлап тастағандай дерсің. Әмір 1999 жылы Вианна да Мотта конкурсында жеңіске жеткен пианист. Ал «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Талғат Мұсабаев Жорж Бизенің «Кармен» операсындағы Эскамильоның ариясын асқан бір шеберлікпен орындады. Жалпы, «Кармен» операсы  тұңғыш рет Париждегі «Опера Комик» театрында 1875 жылдың 3 наурызында қойылыпты. Ә дегеннен көрермен жылы қабылдай қоймаған. Нақты айтқанда, көрермен сыған қызының бас кейіпкерге айналғанын қабылдай алмаған. Ал авторға бұл өте ауыр тиген. Ауруға ұшырап, үш айдан кейін қайтыс болады. Ал орыс композиторы Чайковский «Карменнің» әлемдік опера өнерінің жауһарына айналатынын болжаған екен.

Қазақстанның және Башқұртстанның опера әншісі Альфия Каримова мен «Астана опера» театрының жетекші әншісі  Сүндет Байғожин «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалінің тұрақты қатысушысы. Альфия мен Сүндет бұл жолы да шығысқазақстандықтарды өз өнерімен тәнті етті.

Ал халық әні «Алқоңырды» нақышына келтіріп, шеберлікпен орындаған Нұржамал Үсенбаеваның орны қашан да бөлек. Ол әнімен ғана емес, көз тартар ғаламат сұлулығымен, сәнімен-ақ көрерменнің жүрегін баяғыда-ақ жаулап алғанын мойындауымыз керек. Нұржамал – қазақ опера өнерінің нағыз інжу-маржаны. Ал қазақстандық скрипкашы  Айман Мұсақожаеваның өнер көрсетуі  бұл фестивальдің деңгейін тіпті де аспандата түскені анық. Айман Мұсақожаева – қазақ даласын ғана емес, бүкіл әлемді сазбен әлдилеген скрипкашы.   Бұл жолы да оның орындауындағы Морис Равельдің «Цыганка», Пабло де Сарасатенің «Цыганские напевы» шығармаларын зал толы көрермен демін тартып тыңдағанының куәсі болдық.

Сондай-ақ бұл фестивальде шығысқазақстандықтар жас әнші  Ержан Максиммен жақын танысты.

Екі сағатқа созылған фестиваль соңында Сүндет Байғожин мен Нұржамал Үсенбаева композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» атты әнін орындады.

Залдағы көрермен тік тұрып қол соқты.  Осылайша, екі жыл қатарынан әлемдік эпидемиологиялық ахуалға байланысты тоқтап қалған «Ақ Ертіс» классикалық музыка фестивалі қайтадан жалғасын тауып, өнерсүйер қауымға керемет әсер сыйлады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button