Экономика

«Ахпер» ауылдың тірегіне айналып отыр

«Ахпер» ауылдың тірегіне айналып отыр
Бородулиха ауданына қарасты Подборный ауылдық округінің орталығы Камышенка ауылындағы «Ахпер» деп аталатын шаруа қожалығының жетекшісі Леонтий Мартиросянның бүгінгі тірлігіне ауылдастары дән риза.

Ол 2001 жылы шаруашылығын құрып, егіншілікпен айналысуға бел буады. Қазіргі кездегі егістік алқабы 1280 гектар жерді құрайды. Оның 800 гектарына биыл күнбағыс егілген. Ағымдағы жылдың сәуір айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалынан «Егінжай» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңге көлемінде кепілді несие алып, оған қажетті жанар-жағармай мен сапалы бидай тұқымын және меншігіндегі техникаларға қажетті бөлшектерді сатып алады. Жаз бойғы төккен терінің төлеміне орай әрі биыл да егін бітік шығып, гектарынан орта есеппен 18-20 центнерден алтын дән жиналды. Енді ол күнбағыс алқабына орақ түсірді. Одан да гектарынан 7-8 центнерден өнім күтіп отырған жайы бар. Былтыр жаңа «МТЗ-82» тракторын сатып алса, биыл күнбағыстан түсетін өнімнің көлеміне орай бір жаңа комбайнды «КазАгроФинанс» АҚ-нан лизингпен сатып алуды жоспарлап қойыпты. Қазір күзгі жиын-терінді тоқтатпай жүргізіп тұрған екі комбайн, үш трактор, бір «К-700» тракторы, екі «ГАЗ-53» жүк көлігі және бір жанар-жағар май тасуға арналған көлік бар. Жиналған өнімді сақтайтын төрт үлкен қойма да дайын тұр.

Келешекте округтегі тағы бір шаруа қожалығының жетекшісімен бірлесіп, Ресейдің Барнаул қаласынан бері қарай күре жолмен ағылып жататын жолаушыларға арнап заманауи дәмхана, наубайхана ашуды жоспарлап отыр.

Л.Мартиросян қарамағындағы жұмысшыларына толықтай сенеді әрі техникаларын да солардың басқаруына тапсырып берген. Жұмысшылар да ортақ шаруаға өзінікіндей жауапкершілікпен кіріседі. Соның арқасында қарамағындағы алты адамның күшімен астық жинауды алғашқылардың бірі болыпбітіріп, көршілес шаруашылықтардың астығын жинауға да көмектесіпті. Жұмысшыларына уақтылы айлығын беріп, қажетті ауылшаруашылық өнімдерімен қамтып отырады.– Мен биыл қожалықтан 10 тонна бидай, үш тонна қарақұмық, шөп және бидай сабанын керегімше алмақпын. Ауылда тұратындар үшін бұл – үлкен көмек. Бұларды сатып алу үшін де қаншама ақша керек қой. Басшымыз бізге үнемі көмектесіп тұрады, ауылдың іргесіндегі орманнан отын әкелу керек болса да тракторларын береді. Қаржылай көмегін де аямайды. Жағдайымыз жаман емес, – дейді шаруашылықтың механизаторы Хамза Молдажаров.

Леонтий Камоевич ауылдастарына алғашқы көмегін иелігіндегі бір қабатты үлкен ғимаратты тегін беруден бастапты. Тек былтырдың өзінде ғана бір жарым миллион теңгенің демеушілік көмегін жасаған. Жергілікті орта мектепке су құдығын қазып берген. Саябақ орнатуға, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ішіне су тартуға, учаскелік полиция пунктін жөндеуге, ауылды жыл көлемінде өтіп жататын мерекелік – мәдени шараларды ұйымдастыруға, баннерлер алуға көмегін берген. Жаңа Шүлбі тірек ауылындағы облыстық балалар үйінеөз қаржысына спорттық құрал-жабдықтар, үлкен теледидар сыйға тартыпты өз қаржысына. Балалар үйіне ұдайы қаржылай да көмектесіп келеді. Бұған қоса өз тарапынан ауылдағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жыл сайын көмектесіп тұрса, 1 қазан егде адамдар күнінде де ауылдың барлық қарттарына мүмкіндігінше сый сияпаттарын жасап тұрады. Реті келгенде айтар болсақ, биылғы қарттар күнінде округтегі «Ахпер» бастаған шаруашылықтардың күшімен жалпы саны 70 адамға арналып дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілген. Қыста ауылдың көшелерін қардан тазартып, жол үстінде тұрып қалған жолаушыларға көмек беруге де осы қожалық белсене қатысады. Ауыл әкімі Құмарқан Будумбаевтың айтуынша, бұл «Ахпер» тарапынан көрсетілген көмектің бір парасы ғана көрінеді.

– Мен осы ауылда тұрып жатқандықтан, шаруа қожалығының жетекшісі ретінде ауылға көмектесуді парыз санаймын. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен «Туған жерге – тағзым» акциясының қолға алынғаны тегін емес. Шаруа бастаймындеушілерге мемлекеттен толық қолдау бар. Жердің пайдасын көргеннің арқасында осындай жағдайға жетіп келеміз. Сондықтан туған ауылымызға, ауданымызға шамамыздың келгенінше көмек көрсете береміз, -дейді іскер басшы Л. Мартиросян. Ол мемлекеттік тілде де жатық сөйлейді.

Оған осыншама қыруар шаруаны ойдағыдай игеруге ұлы Карэн қолғабысын тигізсе, әйелі Кнарик үйдегі тірлікті тындырып жүр. Қызы Гаянэ тұрмыста, бүгінде атасының Арман есімді немересін тәрбиелеуде.

Бородулиха ауданы

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button