Қоғам

Ахмерде взводтар «ұрыстық атысқа» шықты

Ахмерде взводтар «ұрыстық атысқа» шықты


Әдетте 6:30-дың «подъемімен» оянатын сарбаздардың таңғы ұйқысын 4:20-да соғылған жауынгерлік дабыл бұзды. Көзді ашып-жұмғанша киініп, сымдай болып сапқа тізілген әскерді бүгін үлкен «шабуыл» күтіп тұрған болатын. Ахмердің оқу-жаттығу полигонында мотоатқыштар взводы мен жаяу әскердің ұрыс машиналары біріккен «Взводтардың ұрыстық атысы» деп аталатын кәдімгі соғыс жағдайындағыдай іс-шара өтпекші.

Офицерлер де түнімен ұйықтамағандарын айтады. Әскери бөлімнің ішінде қарбалас. Солдаттар таңғы астарын ішіп болған соң, командирлердің бұйрығымен өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындауға кірісті. Ақпанның ұзақ таңы енді ғана алакөлеңкеленіп ағарып келе жатқанда, біздің әскерлер полигонға аттанғалы жатқан. «Тік тұр!», «Түзел!» деп таң тыныштығында саңқылдаған бұйрық райындағы дауыстар мен ұзыннан-ұзақ сапқа тұрған сарбаздар адам таситын жүк көліктеріне тиеліп жатты. Бұйрық демекші, бұрын орыс тілінде естіп құлағымыз үйреніп қалған «смирно», «равняйсь» пәрмендері, яғни, командалар қазір көп жағдайда қазақ тілінде беріледі.

Жалпы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөліміндегі негізгі күш мотоатқыштардан құралғанмен, мұнда арнайы әскерлердің бірнеше түрі бар екен. Олардың қатарында: инженерлік-саперлік рота, жаппай қырып-жою қаруларына қарсы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау ротасы, байланыс ротасы, артиллериялық дивизион, әуе шабуылдарына қарсы зениттік дивизион, сонымен бірге, танк батальондары ел іргесін күзетіп тұр.

Мақсат шартты ұғымдағы дұшпанға тойтарыс беру болса да, Ахмер полигонындағы жауынгерлердің үлкен «шабуылға» тас-түйін дайындықтары байқалады. Қалың қасат қарды мамық құрлы көрмей, ойқастай осып жүрген шынжыр табанды БМП ұрыс машиналарының азынаған үні мен будақ-будақ қою қара түтіні қазір бір «сойқанның» болғалы тұрғанынан хабар беретіндей. Жаяу әскерлер ақ қармен түстесіп тұрған маскхалат киіпті. Аяқтарында шаңғы, иықтарында автомат. Қысқы соғыс тәсілдерінің талабына сәйкес ойлы-қыратты жер бедерлерінде бүркемелеу әдістері көп пайдаланылатын сияқты. Техникалар қармен көлегейленіп, оның үсті ақ палаткалармен бүркемеленген.

Жауынгерлердің оқу-жаттығу шабуылына дайындығы тағы бір пысықталып болғаннан кейін, шартты дұшпанға қарсы стратегияны әскери бөлім командирінің жауынгерлік жөніндегі орынбасары, подполковник Құрманғали Қалымбетов тағы бір пысықтап өтті. Карта-макетте көрсетілген нысаналарға қалай шабуыл жасау керек? Шартты қарсыласқа жылдам тойтарыс беру үшін қай тұстан соққы берген дұрыс. Бұл – жылы кабинетте емес, шартты шабуыл алдында, қар мен мұздың үстінде өтіп жатқан кеңес.

– Бүгінгі жоспарлы түрде жасалып жатқан взводтар ұрысы үш кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы – жауынгерлік дабыл және техникалық парктегі дайындық, яғни, қару-жарақ, әскери техникаларды сайлап алу. Одан кейінгі кезең – шабуыл алдындағы тактикалық іс-қимылдар, үшіншісі – нысаналарға оқ жаудыру арқылы шабуылға шығу, шартты қарсыласқа тойтарыс беру, жеңу, – дейді подполковник.

Жауынгерлік бұйрық берілгеннен кейін, сарбаздардың ойланып тұруға уақыты жоқ. 450-500 метрдей қашықтықта шартты дұшпан ентелеп тұр. БМП-2 ұрыс машиналары қасат қарды қақ жара қозғалғанда, шаңғыға қонған жаяу әскер сом темірді қалқалап, машинаның артынан ілесті. Дұшпан жасырынған нүктелерге жақындай бере, ұрыс машиналары бойындағы бар қорғасынды қарсыласқа жаңбырша төге бастады. Бірнеше БМП-ның 30 миллиметрлік автоматты зеңбіректерінен заулаған оқ қарсыластардың ту-талақайын шығарған болуы керек. Дұшпан тығылған жерге 150 метр жер қалғанда, жаяу әскердің қол автоматтары іске кірісті. Шаңғышылар да нысаналардың барлығын жайратып үлгерген сияқты. Бірнеше минутқа созылған атыстан кейін, зеңбіректер мен автоматтар үні бәсеңси бастады. Жаяу әскер шартты дұшпанның ту сыртынан шығып, тағы соққы беріп, қарсыластың көзін түбегейлі жойды.

– Біз бүгін оқу-жаттығу алаңында сыныпта алған теориялық білімімізді, болуы мүмкін соғыс жағдайында сынап көріп, жүзеге асырдық. Мотоатқыштар сапында біз жаяу әскердің ұрыс машиналарының қолдауымен шартты жаудың сол қапталынан соққы бердік және ту сыртына айналып өттік. 150 метр қашықтықтан ұрыс жүргізе отырып, стратегиялық жоспарға сәйкес маневр жасап, дұшпанға тойтарыс бердік, –дейді сержант Сұлтан Бекетаев.

Соғыс машинасының механик-жүргізушілері полигондағы үскірік пен аязға қарамастан БМП-ларына оқ-дәрілерін тиеп, техниканы қармен бүркемелеп жатыр. Иықтарына зілдей автомат асынып, өне бойларына байланыс құралдары сияқты керек-жарақтарын асынған жауынгерлер аянар емес. Бұл күндізгі жаттығу болатын. Кешке тағы да ұрыс басталады. Офицерлердің айтуынша, дұшпан күн-мен түнді талғамайды. Біздің әскер бәріне дайын болуы керек. Түнгі полигонда да соғыс машиналары тоқтаған жоқ. Зеңбіректер көмейінен от бүркіп жатыр. Аяқтарына шаңғы іліп, өне бойларын аппақ маскхалатпен бүркемелеген жаяу әскер тағы да шабуылға шықты.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button