АХАҢНЫҢ АҚ ТЕҢІЗДЕН АЛТЫ АЛАШҚА АЙТҚАН СӘЛЕМІ
Өр Алтайдағы Катонқарағай ауданы (бұрынғы Шыңғыстай болысы), Қаратай елінен әкеміздің немере ағасы Серікбай Мамырханов «бидің, байдың баласы» деп, 1928 жылы 10 жылға кесіліп, Балтық-Ақ теңіз каналын қазуға айдалады. Жасы отызға жете қоймаған жас жігіттің артында қарт шешесі, 5-6 баласымен әйелі қалады.
Ақ теңіз каналын қазуға Сталиннің тікелей нұсқауымен жарты миллионнан астам бай-кулактардың балалары – жас жер қазушылар жиналған екен. «Олардың денсаулықтары мықты, тоң қазуға бір-екі бесжылдыққа шыдайды» деген көсемнің нұсқауы болса керек.
Қазақстанның ең Қиыр Шығысындағы Шыңғыстай болысынан 70 адам Соловки деген станциядағы лагерьде болған екен. Сол 70 адам әр жерге бөліп жібергендіктен, 7-8 жылда бірін-бірі көре алмапты.
Тоң жерді сүйменмен, қайламен қазып жүрген тұтқындардың ішінде Серікбай да болады. Жасы 30-32-де, денсаулығының мықтысының бірі, норма орындап, 0,8-1,0 келі қара нан жеп жүрсе керек. Арабша оқыған, болыстың кеңсесінде хатшылық қызмет те атқарған, көзі ашық Серікбай сол каналды қазған қазақтардың ішінде Алашорда көсемдері де бар екенін естіп жүреді. Жасы алпыстан асқан, сақалы ұзарып өскен Ахмет Байтұрсыновты бір-екі рет көзі шалады. Ахаң саяси айыпкер ретінде жасы ілгерілеген тұтқын болғандықтан барактан бөлек, жеке кішірек ағаш үйде жатқанын да көреді.
Бір-екі жыл өте лагерьге, тоң қазғанға үйреніп қалған Серікбай ағамыз демалыс күндердің бірінде сақал-мұртын қырып, таза жейдесін киіп, Ахаңның жатқан орнына келіп сәлемдеседі.
Өр Алтайдағы Шыңғыстайда болмаса да, Семейде талай рет болған Ахаң жөн сұрай келе, Шыңғыстайдағы Қаратай руының болысы Ережептің Әбдікерімін білетінін айтады.
«Ағаң Әбдікерім – біздің Әлиханмен дайындық курсын бірге оқып бітіріп, академияға бірге түскен заманының үздік озаттарының бірі. Семейде талай рет кездесіп, мәжілістес, сыйлас болған азамат еді. 1920 жылы қазақтың көсемі Әлихан Бөкейханов ағаларың Семейге келіп, Алаш партиясын құрып, партияның облыстық комитеті сайланғанда Әбдікеріммен де, оның бүкіл Найманға шешендігімен, білгірлігімен аты шыққан ағасы Рүстемнің Мұсасымен де танысып едік.
Мұса деген ағаң Шыңғыстай болысының аға биі екен. Сол конференцияда Қаратайдың болысы Әбдікерімді де, аға биі Мұсаны да Алаш партиясының облыстық комитетіне мүше етіп сайлағанбыз.
«Қос бұлбұлымыз үлкен орынға сайланып келіпті» деп қуанған ел-жұрты Әбдікерім болыс пен Мұса биге Шабамбай атты Алтайдағы Төржайлаудың төрінде ат шаптырып той да жасапты».
Бірер сағатқа созылған Ахаң мен Серікбайдың арасында Мұса би туралы да сөз болады. Әлихан Бөкейханов Семейге өзі келіп өткізген конференцияда Алаш партиясының облыстық комитетін құру туралы жасаған баяндамасынан кейінгі жарыс сөзде бірінші болып Әбдікерім болыс сөйлейді. Шыңғыстайдың болысы Өскемен уезіндегі 8 болыстың ішіндегі шені артық болыс, орысша сауатты, Мемлекеттік Думаға да бірер рет қатысқаны бар. Сөйлеп тұрғанында, Әлихан Әбдікерімге сұрақ қойыпты:
– Әпеке, (ел-жұрт атын қысқартып солай айтатынын білген) сенің атаң Қаратайдың сүйегі қайда қалған екен, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада ма?
Сөзге шешен Әбдікерім тоқтала қалып, залға қарапты. Сонда залда отырған, конференция делегаттарының арасынан орта бойлы, толықтау, сындарлы адам орнынан тұрып, дауыстап:
– Әлихан мырза! Сіз біздің атамыз Қаратай батырдың сүйегі қайда қалғанын білер ме екен деп, бізді сынап сұрап тұрсыз ба, ол жерін білмеймін. Біздің атамыз «Қаратайдың сүйегі Ұлытауда, Сарыарқаның бір саласы Тайатқан Шунақта қалған. Басына ұрпақтары мұнара орнатып кеткен», – дегенде Әлихан Әбдікерімнен: «Мына білетін кісі кім?» – деп сұрағанда, болыс: «Бұл – осы елдің аға биі, менің ағам, Рүстемнің Мұсасы», – депті.
Сол сапарда Әлихан Бөкейханов Әбдікерім досының ағасы Рүстемнің Мұсасымен көп күндер әңгімелесіп, мәжілістес болыпты.
Қазақтың көсемі, сол кездегі Ресей қайраткерлерінің көбінен ілгері, өзі инженер, өзі журналист Әлихан Семейдегі достарымен қоштасарда біздің ағамыз Рүстемнің баласы Мұса би туралы өзінің тым жоғары пікірін айтыпты: «Шіркін-ай, мына Әбдікерім болыстың ағасы Мұса би біз қатарлы оқыған болса, онда дүниенің асты-үстін түгел зерттеп білетін жан екен», – депті.
Атыңнан айналайын, Ахаң, Серікбай ағамыздың Шығыс Қазақстаннан келгенін, Ережепов Әбдікерім болыстың елі, Қаратайдың баласы екенін сұрап білгеннен кейін жас, айдаудағы тұтқын жігіттің қойын дәптеріне көк сия қарындашпен қолма-қол 10 ауыз-шумақ елге сәлемін жазып беріпті.
Ахаңның сол өлеңін 1936 жылы айдаудан қайтқан Серікбай Зырян ауданының Шірікқайың деген селосындағы колхоздың шетінде бір сайдағы қыстауда 30 жыл қой бағып отырғанда, Құранның арасына тығып тастап, көзінің қарашығындай сақтап, өлер шағында «осыны жоғалтпа, сақта, мүмкін, күндердің күнінде Ахаң ақталар болса, кейінгі ұрпақ оқыр» деген көрегендік үмітпен тапсырып қалдырып еді. Сол 10 шумақ өлең:
«Талапты жастың бірі едің, балам,
Келіпсің дәмің айдап Қаратайдан.
Қалбақтап жер аударған қаңбақтайсың,
Ел-жұрттан, туысқаннан кейін қалған.
Басынан ер жігіттің нелер өтпес,
Қажыма, қайратты бол, ешнәрсе етпес.
Бейнетің көрген түстей болар ұмыт,
Шығарсың бостандыққа не ерте, не кеш.
Басың жас, қызығың көп көрер алда,
Мұңайма бақсызбын деп бүгін таңда.
«Ұлы той көппен көрген» деген бар ғой,
Байқасаң, аман қалған адам бар ма?
Не білгір, не данышпан бәрі келген,
Жас та көп, бұл арада кәріменен.
Танысып, талай жұрттың жігін біліп,
Жолдас боп жүрсің, міне, бәріменен.
Осының өзі олжа бәрі саған,
Не көрді елде қалған өңшең жаман.
Өкінбей мұндағы өткен өміріңе,
Өрге жүз, өрнек алып осылардан.
Күн туар есен-аман елге қайтар,
«Қазақтың» бастан кеткен бәрін айтар.
Ысылып, тең құрбыңның алды болсаң,
Көргендер көріскенде басын шайқар.
Аяғы сергелдеңнің болмай теріс,
Өзіңе қайырлы боп мұнда келіс.
Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң,
Сәлем айт алты арысқа бізден тегіс.
Айтарсың: «Ақ теңіздің аралында,
Айдалған ағалардың қамауында.
Баяғы көксегені сенің бағың,
Жүрсе де айдаушының қарауында.
Кеш жатып, ерте тұрып жабығады,
Кеттім деп сенен алыс қамығады,
Сары Арқа сайран еткен мекенімен,
Ерте-кеш сені ойлап сағынады.
Ызғарлы Ақ теңіздің күні тұман,
Бар екен ағаларында үлкен шыдам.
Бел байлап тәуекелге жүріп жатыр,
Басқа сөз айтқаны жоқ дерсің бұдан!»
– Ахаңның осы айтқан ақылы қуат болып, елге қажымай, аман қайтуыма үлкен себеп болды, – деп тебіреніп айтып отырушы еді.
Серікбай ағамыз Міржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаев та осы Ақ теңіздің аралында екенін Ахаңның аузынан естиді.
Колонияның асханасының түскі асына дейінгі 1-2 сағат әңгіме арасында Ахаң Серікбайдан өз елінің қос бұлбұлы атанған Әбдікәрім мен Мұса бидің тағдырларының не болғанын сұрап-біліп, қамығыпты.
Болыстықтан түсіп, мал-мүлкі тәркіленген Әбдікерім ағамыз 1925 жылы жанында 8 серігімен, қатын-баласын, жанұясын елінде қалдырып, Қытай еліне өтіп кетіпті.
Серікбай Ахаңа Әбдікәрім болыстың Қытай жерінде жүріп елге жазған хатындағы бір шумақ өлеңін айтады. Онысы:
«Абайға өнер де өлең, өлең де өнер,
Заманның толқынына жігіт көнер.
Ат басы мен ер басы қайда қалмас,
Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер», – деп өзіне де, басқаға да тоқтау айтатынын баяндайды.
Өткен 2005 жылдың көктемінде Шыңғыстайдың өріндегі, Катонқарағай ауданының төріндегі Найман елінің ұрпақтары қазақтың үш арысы атанған Әлихан, Ахмет, Міржақыптарға орнатқан ескерткіштің басына Ахаң мен Жақаңның ұрпағы, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің келгеніне ел-жұрт болып қатты қуандық. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген қазақтың жақсы сөзі бар. Мықты жазушы Қоғабай бауырымыз мықты азамат болып шықты.
Ахаң 265 санын шығарып, 1918 жылы жабылып қалған «Қазақ» газеті араға 88 жыл салып 2006 жылдың 22 наурызынан бұрынғы басылымның заңды жалғасы ретінде №266 санынан қайта шығара бастағаны – Қоғабай Сәрсекеевтің үлкен ерлік ісі.
Бошай Кітапбаев, соғыс және еңбек ардагері
Өскемен, 2006 жыл.