Нарық

Агроқұрылымдардың құрылтайшылары өз құқықтарын біле ме?

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис брифингте агроқұрылымдар құрылтайшыларының құқықтары мен міндеттері жайлы баяндады.  

Бүгінде жер телімдерін тиімді пайдаланып, қаражатын жұмсап, мол өнім алып, өңірдің агроөнеркәсіп саласының дамуына қомақты үлес қосып отырған еңбек адамдары баршылық. Қазіргі таңда көптеген ауыл тұрғындары совхоздарды таратқаннан кейін алған жер үлестері үшін алаңдайды, деп атап өтті Надежда Михейлис. «Иә, жасыратыны жоқ, жер учаскелерін ұтымды пайдаланатын, қомақты қаражат салатын, жақсы өнім алатын және құрылтайшылармен жыл сайын есеп айырысатын адал басшылар жетерлік. Алайда өз міндеттемелерін ұмытып кететіндер де бар. Мәселен, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында серіктестікке қатысушылардың құқықтары көзделгені жазылған.  Олар  заңда және серіктестік жарғысында көзделген тәртіппен серіктестік істерін басқаруға қатысуға құқылы, серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алуға және серіктестіктің жарғысында көзделген тәртіппен оның бухгалтерлік және өзге құжаттамасымен танысуға құқылы, серіктестік таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігінің құнын немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының келісімі бойынша осы мүліктің бір бөлігін заттай алуға, заңда көзделген тәртіппен өз үлесін иеліктен шығару арқылы серіктестікке қатысуды тоқтатуға құқылы және серіктестік органдарының заңда және (немесе) серіктестіктің жарғысында көзделген құқықтарын бұзатын шешімдеріне сот тәртібімен дау айтуға құқылы», – деп атап өтті облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.

Сонымен қатар ол ЖШС қатысушыларының серіктестік қызметінен кіріс алу құқығына да кеңірек тоқталып өтті. «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысын оған қатысушылар арасында бөлу тәртібі Заңның 40-бабында айқындалған. Осылайша, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар арасында серіктестіктің бір тоқсандағы, жарты жылдағы немесе бір жылдағы қызметінің нәтижелері бойынша алған таза табысын бөлу серіктестіктің бір тоқсандағы, жарты жылдағы немесе бір жылдағы қызметінің нәтижелерін бекітуге арналған серіктестікке қатысушылардың кезекті жалпы жиналысының шешіміне сәйкес жүргізілуі мүмкін. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалпы жиналысында  табысты қатысушылар арасында бөлу туралы шешім қабылдаған жағдайда әрбір қатысушы бөлінетін кірістің, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесіне сәйкес келетін бөлігін алуға құқылы. Төлемді серіктестік табысты бөлу туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде жүргізуге тиіс», – дейді Надежда Михейлис.

Сондай-ақ қаржылық есептіліктің дұрыстығын және істердің ағымдағы жай-күйін тексеру және растау үшін ЖШС құрылтайшылары сыртқы аудит жүргізу үшін аудиторлық ұйымды тартуға құқылы. ЖШС кез келген қатысушысы өз есебінен серіктестіктің қаржылық есептілігіне аудит жүргізуді талап етуге құқылы. Осылайша, ауылшаруашылық ұйымдарының құрылтайшылары табыс төленбеген жағдайда аудит жүргізуді талап ете алады. Брифинг барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарын несиелеуге байланысты мәселелер бары да айтылды. «Кейбір агроқұрылымдар құрылтайшылардың келісімінсіз жерді банкке кепілге қойған. Агроқұрылым несие ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындамастан банкротқа ұшырайды. Банкроттық рәсімінен кейін жерді банктер сауда-саттыққа шығарады, сол арқылы пайшылар өздерінің пайлары мен жер құқықтарынан айырылады. Осыған байланысты агроқұрылымдардың құрамына кіретін ауыл тұрғындарына құрылтайшылар жиналысына қатысып, өз құқықтары мен мүдделерін қорғап, құжаттарға қол қою кезінде мұқият болуларыңыз керек», – деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button