Азамат Темірбеков
Биыл елімізде 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланған Үкімет отырысында айтылды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, еліміздің Жер балансына сәйкес, жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құраса, оның 82,4 млн гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болса, 63,9 млн гектары босалқы жерлер. Сондай-ақ 21,2 млн гектары елді мекендерге іргелес жерлер, ал 15,9 млн гектары орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіптік сияқты басқа санаттағы жерлер болып келеді.
Мал басы айтарлықтай артты
Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сенсек, қазіргі уақытта жеке қосалқы шаруашылықтарда 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар көрінеді. Рұқсат етілген шекті нормативтерге сай, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет.
Бұл, бірінші кезекте, осындай шаруашылықтардағы төрт түлік санының айтарлықтай өсуімен байланысты. Мысалы, соңғы он жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өскен. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы әбден мүмкін.
Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады.
– Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп, – деді Ербол Қарашөкеев.
Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі ретінде Мемлекет басшысының былтыр жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.
Қайтарудың нақты жоспары жасалды
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының биыл жыл соңына дейін қосымша 5 млн гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті. Атап айтсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспар әзірлеп, осы жоспарды аудандар бөлінісі бойынша облыстар бекітті.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасын – «jerkarta.gharysh.kz» геосервисін әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Оған қоса, жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болмақ.
Интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.
– Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайдылығынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді Ербол Қарашөкеев.
Заңнамалық тұрғыда реттелетін болады
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 млн гектар аумағының 75 пайызын құрады. Цифрлық карта ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.
– Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады, – деді ауыл шаруашылығы министрі.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Заң шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеп бастады. Бүгінгі таңда жоспарланған 188 жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Жалпы, республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады. Соңғы 2 жылда прокуратура органдары мен әкімдіктер бірлесіп атқарған шаралар жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 млн гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Шығыста жер қайта санақтан өтті
Естеріңізде болса, біз бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында да осы бағыттағы жұмыстардың үздіксіз жүргізіліп жатқаны туралы айтқан едік. Өңір басшылығы аймақта 43 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың пайдаланылмай жатқанын анықтаған болатын. Жалпы, мал басы көбейіп, қанаты кеңейген шаруашылықтар саны артқан сайын жайылымдар мен шабындықтардың жетіспеушілігі айқын сезіле бастағаны белгілі.
Шығыс Қазақстан және Абай өңірлері жеке-дара облыстар болып бөлінгеннен кейін Шығыс Қазақстан облысының жаңа шекарасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қайтадан санау жүргізілді. Облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, облыстың жаңа шекарасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің жалпы ауданы қазіргі уақытта 3,3 миллион гектардан асып жығылса, оның 2295,4 мың гектарын жайылымдар, 264,2 мың гектарын шабындықтар, ал 673,3 мың гектарын егістік жерлер құрайтын көрінеді.
– Облыстың жаңа шекарасында өңіріміздің аудан, қалаларындағы жергілікті атқарушы органдар 42,9 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптың пайдаланылмай жатқанын анықтады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис. – Үкімет жылдың соңына дейін республика бойынша 5 миллион гектар пайдаланылмаған жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 76,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жауапты тұлғаның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды реттейтін ведомствоаралық кіші топ құрылған. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді анықтау «Ғарыш сапары» веб-порталында жердің ғарыштық мониторингі арқылы жүзеге асырылады. Жерді пайдаланбау фактілері бойынша арнайы құжаттар қалыптастырылып, деректер Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілетін көрінеді.