Қоғам

Аграрлық жобаларға инвестиция салмақшы

Аграрлық жобаларға инвестиция салмақшы


Қытайлық компания Шығыс Қазақстанда май зауытын салуға ниетті. CITIC Construction компаниясының басшыларын қабылдаған облыс әкімі Даниал Ахметов аталған инвестициялық жобаның мүмкіндіктерін талқылады.

CITIC халықаралық инвестиция корпорациясының еншілес компаниясы саналатын бұл кәсіпорын Шығыс Қазақстанда ауылшаруашылық жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Әлемдегі ірі құрылыс компанияларының арасында 46-орында тұрған қытайлық инвестор Алматы-Өскемен бағытындағы жол жөндеу жұмыстарына атсалысуда.

-Аталмыш бағыттағы жолдың 102 шақырымына жобалық-сметалық құжаттар дайындап отырмыз, – дейді компанияның вице-президенті Ян Цзньцян.
Осы жоба аясында қытайлық инвестор 2018 жылы облыс аумағына 120 жұмысшысын әкелуге мүдделі. Алайда көші-қон саласына жауапты органдар тек 89 қытайлық жұмысшының ел аумағында жұмыс істеуіне рұқсат ұсынған екен. CITIC Construction өкілі бұл 120 адамның барлығы өндіріске аса қажет мамандар екенін айтып, аймақ басшысынан тапсырысты толығымен мақұлдауға ықпал етуін сұрады.

Облыс әкімі бұл мәселенің көп ұзамай шешілетінін айтып, қытайлық компанияға облыс аумағынан күнбағыс майын өңдейтін зауыт салуды ұсынды.

-Іргемізде 26 млн. халқы бар үлкен аймақ жатыр. Сол аймақтың күнбағыс майына деген сұранысы орасан екенін барған сайын көріп жүрміз. Сол сұранысты қамтамасыз ету үшін тағы бір май зауытын салсақ деген жоспар бар. Сіздерді осы жобаға инвестор болуға шақырамыз. Облыста 360 мың гектар жерге күнбағыс егіледі. Қажет болса, одан да кеңейтуге мүмкіндік бар. Күнбағыстың біздегі шығымы гектарына 25-30 центнерден келеді, – деді аймақ басшысы.
Көршілеріміз бұл ұсынысты асқан қызығушылықпен құп алатындарын жеткізді.

-Ол зауытты бірлескен кәсіпорын ретінде де салуға болады. Екінші жолы – бастан-аяқ біз инвестиция құямыз. Екі нұсқаға да дайынбыз. Бастысы, шикізат жеткілікті болуы керек. Қытай аумағында сату жұмыстарын да біз ұйымдастырар едік, – дейді Ян Цзньцян.

Облыс әкімі Даниал Ахметов шикізат қоры үшін алаңдаудың негізі жоқ екенін ескертіп, қажет болса Ресейге арзан бағамен кетіп жатқан күнбағысты осы зауытқа бағыттауға болатынын айтты. Оның үстіне, Қытай бағытындағы көлік логистикасы да Ресей бағытындағы жолдардан әлдеқайды ыңғайлы.

-Егер жоба сәтімен жүзеге асып, шикізат тапшылығы байқалып жатса, тек сол зауыт үшін қосымша 50 мың гектар алқап бөлеміз. Сондықтан шикізат қорына алаңдамаңыздар, – деді аймақ басшысы.

CITIC Construction компаниясы бұдан бөлек, облыс аумағында жоңышқа алқабына инвестиция салсақ деген ниеттерін айтты. Бұл дақылға да Қытай аумағында сұраныс өте жоғары көрінеді.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button