Қоғам

Аграрлы өңірде өндіріс те өркен жайып келеді

Аграрлы өңірде өндіріс те өркен жайып келеді


Қойнауы қазынаға, төскейі төрт түлік малға толы Глубокое ауданының еңбекшілері мешін жылын табысты аяқтады. Кейбір шаруа қожалықтары әр гектардан 42 центнерден астық жинаса, ауданда төрт бірдей тауарлы-сүт фермасы құрылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталған аудан әкімі Қалихан Байғонысовпен жолығып, атқарылған, тындырылатын жұмыстар жайында айтып беруін сұраған едік.

-Қалихан Байғозыұлы, облыс экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған Глубокое ауданын басқарғаныңызға бір жыл толыпты. Ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы екені белгілі, бірақ өнеркәсіп саласында да өңірдің алатын орны салмақты. Мешін жылы несімен ерекшеленеді?

-Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тауарлы-сүт фермаларын құру, жаңадан жұмыс орындарын ашу туралы нақты тапсырма берілген. Бұл бағытта ауданда ауқымды істер тындырылып жатыр. Мәселен, бұдан төрт жыл бұрын «Шахан-Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, аудан орталығындағы бұрынғы нан зауытының ішінен кондитер тағамдар цехын пайдалануға берді. Оның тәуліктік қуаты 30 тонна нан және нан-тоқаш, 5 тонна кондитер тағамдарын жасауға арналған. Қазір кәсіпорын шығаратын торттың, тәттілердің елуден астам түрі облыстың 400-ден астам сауда орындарына жөнелтілуде, себебі сапасы жақсы, дәмі тіл үйіреді. Өткен жылы кәсіпорын «Қазақстанның 2016 жылғы үздік тауары» дипломына ие болды.

Предгорное ауылындағы жеке кәсіпкер О.Фролов басқаратын жиһаз цехы бұйымдардың оннан астам түрін жасауда. Ахмет Озатбек деген азамат аяқ киім цехын ашып, тұрғындардың тапсырыстарын орындауда. Прапорщиково ауылындағы М.Дубравин деген іскер азамат пейнтбол клубын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 2 миллиард 714,9 миллион теңгенің он жобасы бекітілді. Соның нәтижесінде ауданда дәріхана, сауда орындары, орау материалдарын шығаратын цех, басқа да нысандар пайдалануға берілді.

– Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ауданды аралаған кезде тауарлы-сүт фермаларының жұмысымен танысып, жоғары баға бергені белгілі. Бұл бағытта қандай істер атқарылып жатыр?

-Қазіргі таңда ауданда сүт өндірумен айналысатын сегіз асыл тұқымды шаруашылық бар. 1800 басқа арналған төрт ұжым тауарлы-сүт фермаларын құрып алды. Олардың қатарында «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы», «Восход-сүт» және «Бобровка+» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Ришат Ахмадиев соңғы төрт жылдан бері «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығын» басқарады. Бұл күндері серіктестікте 315 адам еңбек етеді, жалақылары жоғары, тіпті, кейбір сауыншылардың жалақысы 200 мың теңгеге жетеді. Өткен жылдың маусымында серіктестік тауарлы-сүт фермасын ашты. Сауын сиырларға азық автоматты түрде беріледі, Швецияның «Делеваль» қондырғысы арқылы 600 сиырды саууды үш-төрт оператор атқарады. Тәулігіне 21 мың литр сүт өндіретін шаруашылық 2020 жылы қуатын тәулігіне 100 тоннаға жеткізбек. Өткен жылы мұнда астықтың әр гектарынан 42 центнерден дән маржаны жиналды.

Талғат Қырықбаев басқаратын «Бобровка+» серіктестігінің өз жайылымдығы, мал азығы базасы бар. Өткен жылы олар астықтың әр гектарынан 25 центнерден өнім алды. Бұл шаруашылық елімізде бірінші болып сиырды роботпен саууды жүзеге асырды. Қазір 600 сиырды тоғыз робот жаңа технология бойынша саууда. Сонымен бірге, Евгений Псарев басқаратын «Восход-сүт» серіктестігі де заман ағымына сай жаңа технологияны өндіріске енгізуде. Биыл кәсіпорынның пайдалануға берілгеніне 15 жыл толады, тәулігіне 16 тонна сүті өндіреді. Кәсіпорын тағамдары – сарымай, ірімшік, сулугуни сыры, қаймақ облыс орталығы мен ауданға тараса, сүт мектептерге таратылуда. Сонымен бірге, Мариф Фараджев жетекшілік ететін «Быструха-Астана» серіктістігі мен Людмила Цыбенко басқаратын «Майлы дақылдар тұқымы» шаруа қожалығы дәнді дақылдардың сапасын арттыруға көңіл бөледі. Ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан Фарид Абитаев, Александр Томошенко, Александр Бурдаков, Сүйіндік Жамбосынов, Алексей Дель, Тимур Виситаев, тағы басқаларға құрметімізді білдіргім келеді.

– Ауданның өнеркәсіп саласы жайында айта кетсеңіз?

– Глубокоеде «Изотерм» деген ЖШС бар. Олар құрылыс ғимараттарын салуда қолданылатын минерал-мақтаны шығарады. Мақта жылуды ұстайды, бес сантиметр мақта екі кірпішті алмастыра алады. Оның өнімдерін Қазақстанның барлық облыстары мен көрші Өзбекстан да ала бастады. Зауытта 300 адам еңбек етеді, жалақыларын уақтылы алады. «Востокцветмет» серіктестігінің филиалы жылына 650 мың тонна полиметалл кенін өндіруде. Секисовка ауылындағы құрамында алтын металы бар тау-кен металлургия концерні, «Восток-универсал», «Орика-Қазақстан», «Мейір» кәсіпорындары аудан экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Өткен жылы өндірілген өнеркәсіп көлемі 25 миллиард теңгеден артты. Сонымен бірге, екі инвестициялық жоба жүзеге асты. Жыл сайын ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 миллиард 100 миллион теңгенің техникаларын Үкімет бағдарламалары бойынша жеңілдікпен сатып алуда.

– Білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт саласы бойынша қандай шаруалар тындырылды?

-Аудандағы орта білім беретін мектептердің барлығы компюьтер, интерактивті тақталармен жабдықталған. Бірыңғай ұлттық тестілеуде аудан оқушылары сапалы білім алып жатқандарын дәлелдеді. Онға тарта оқушы «Алтын белгіні» қорғады. 1997 жылы Глубокоеде тұңғыш рет қазақ тілінде білім беретін Оралхан Бөкей атындағы білім ордасы ашылған болатын. Екі жыл бұрын аталмыш мектеп жаңа қоныс тойын жасады. 600 орындық білім ордасында шәкірттердің алаңсыз білім алуларына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, Уварово ауылында да жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік «Балапан» бағдарламасы аясында аудан орталығы мен Уваровода 50 орындық екі балабақшаны Меруерт Тохтарованың құрылыс компаниясы пайдалануға берді. Черемшанка ауылындағы Кеңес Омаров деген іскер азамат бес жыл бұрын 100 орындық «Алтын бесік» деген балабақшаны пайдалануға берген, ол қыста жолдарды қардан тазалауға көмектесіп, балалардың үрлемелі-аспаптар оркестріне демеушілік жасап келеді. Прапорщиково ауылындағы 65 орындық «Алтын бөпе» балабақшасында қазақ тілінде сабақ оқытылады. Қысқасы, ауданда мемлекеттік тілдің өркен жаюына көңіл бөліне бастады, қазақ тілін үйренемін деген басқа ұлт өкілдерінің ынтасы атап көрсетерліктей.

Ал мәдениет саласына келетін болсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы Тарханка ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Оған 32 миллион теңге қаржы жұмсалды. Жөндеу жұмыстарын «Ремдор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы жүргізді. Ауылдардағы мәдениет үйлері жаңа әдеби кітаптармен толықтырылды. Ауыл адамдарының клубтарда түрлі мәдени шараларға белсенділікпен қатысатынын айта кеткен орынды.

Денсаулық саласында да игі істер бар. Аудандық аурухана қажетті медициналық қондырғылармен, узи кабинеттермен жабдықталған. Зимовьедегі жүйке-психикалық денсаулық сақтау мекемесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың, мүгедектердің алаңсыз оңалтудан өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда кітапхана, еңбек терапиясы, тіс емдеу, басқа кабинеттер жұмыс істеп тұр. Емделушілердің спортпен шұғылданып, дене қозғалысымен айналысуына білікті мамандар жұмылдырылған.

Бүгінгі күні ауданда бұқаралық денешынықтыру және спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Спорт пен еңбек егіз дегендей, аудан тұрғындары мен жастардың ынтасын туғызу мақсатында бұл көрсеткіштер аудан әкімінің рейтингісіне енгізіліп, оның қорытындысы тоқсан сайын шығып тұрады. Топ жарғандар материалдық және моральдық жағынан ынталандырылады. Бүгінгі таңда ауданда 163 спорттық ғимарат бар, спортпен шұғылданушылар саны 20 мың адамға жетті. Бұл – 29,9 пайыз. Ал Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері – футбол, жеңіл атлетика, баскетбол, шайбалы хоккей, үстел теннисі бойынша саңлақтарымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Жыл сайынғы дәстүрлі облыс әкімі жүлдесін сарапқа салатын халық ойындарында Глубокое ауданының спортшылары алдыңғы орындардан түспей келеді. «Әкем, анам және мен – спортшылар отбасы», «Былғары қолғап», басқа да спорттық сайыстарда жеңімпаз атанғандарды салтанатты жиындарда құттықтау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Глубокое ауданының ауылдары ажарланып, өндірісі өркендеп, әлеуметтік жағынан кемелдене түсуінің дәлелі, – рейтингтік көрсеткіштерден көрініс тапса керек. Аудан еңбеккерлері алдағы уақытта да алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете бермек.

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай

Аграрлы өңірде өндіріс те өркен жайып келеді

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button