Қоғам

Аграрлар ғылымға бет бұра бастады

Аграрлар ғылымға бет бұра бастады


Өскеменнің іргесіндегі Опытное поле ауылында орналасқан ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеу институты сан жылғы қиындықтардан кейін еңсесін қайта тіктеп келеді. Осы мекеменің жанынан ашылған зертханалық орталық өңір диқандары жиі бас қосатын орынға айналып отыр.

Жас мамандар жаңалық ашып жүр

Барлық мекеме жекешеленіп, ғылымның ері мойнына кеткен кезеңде бұл мекеменің де басынан бақ тайғандай көрінген. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен ғылымның арасы алшақтауы институттың тынысын тарылтып кеткен. Бір кездері бүкіл облысты жоғары сапалы тұқыммен қамтып, өңірде іске асқан аграрлық жобаның бәріне ғылыми жетекшілік жасап келген ұжым ешкімге керексіздей болып қалды. Енді ілдебайлап күнелтуге көшті. Бүгінде бұл бөлімшені Александр Томащенко басқарады. Соңғы үш жылдан бері зейнет жасындағы мамандарды жас буын алмастыра бастады. Солардың алды өз кітаптарын шығарып, ғылым жолына түбегейлі түсуге дайын екенін көрсетіп отыр. Ғылыми қызметкер Қабілет Бақытбек жаз мезгілінде Катонқарағай өлкесін жаяу аралап, Алтайда өсетін емдік шөптерді теріп шыққан екен. Қытайдың медицинасынан хабары мол жігіт мұндағы кез келген тау шөбі ол жақта емге табылмайтын қат өсімдік болып саналатынын айтады. Осы тұрғыдағы білімін пайдаланып, Алтайдың емдік шөптері туралы кітап шығарған жас ғалым бүкіл Шығыс Қазақстанның емдік байлығын қағазға түсіруді жоспарлап жүр.

Ал осында 10 жылдан астам қызмет еткен Нұрбек Мұқанов жуықта бидайдың жаңа сұрыбын сәтті шығарыпты. «Нұр-38» деп ат қойған бидай өзінің жоғары сапасымен ерекшеленбек. Жаңа сұрыптың дәніндегі ақуыз заттектің мөлшері 38 пайызға жететін көрінеді. Күнделікті қолданыстағы ұндардың құрамында аталмыш ақуыздың мөлшері 28-30 пайыздың көлемінде болатынын ескерсек, жаңа сұрыптың мүмкіндігі жоғары деген сөз. Астық дақылдарын сұрыптау бөлімі соңғы екі жылдың ішінде сегіз бірдей элиталы бидай тұқымын жергілікті табиғатқа бейімдеп шығарған.

Картоп және жеміс бөлімінің де айтарлықтай жетістіктері бар. Соңғы бір жылдың өзінде қарақат, таңқурай, бүлдіргеннің әрқайсының 20 сұрыбын сынақтан өткізіп, жергілікті климатқа бейімдеген. Биыл көкбояу мен шырғанақтың сұрыптарын бейімдеу жұмыстары үшін бес милиион теңгелік мемлекет гранты берілді бұл ұжымға.

– Осындағы бақшада бірінші рет көкбояу мен шырғанақтың сұрыптарын егіп көргенбіз. Екеуі де жақсы көктеді. Қыс түсе оларды жылыжайға ауыстырдық. Егер ешбір қиындықсыз қыстап шықса, саяжайшыларға таратамыз. Біздің осы бір көзге көрінбейтін еңбегіміз бағалай білген адамға азық-түлік қауіпсіздігімен астасып жатыр. Өйткені, қытай мен Өзбекстаннан ағылып жатқан жемістің бәрін өзімізде өсіруге болады. Біз ұсынған жемістердің сапасы шетелдік өнімдерден әлдеқайда жоғары болатыны айтпаса да түсінікті, – дейді бөлім меңгерушісі Валентина Николаева.

Қазіргі таңда облыстың картоп алқаптарынан әлемнің әр түкпірінен әкелінген сұрыптарды кездестіруге болады. Валентина Николаева мұндай тенденцияның өз кемшіліктері бар екенін айтады.

– Біздің фермерлер Ресей немесе Беларусь елінде бір шаруаның картоптан жақсы өнім алғанын естісе, сол қожалықтан тұқым ала қояды. Бірақ олардың бізге тұқым ретінде сатқаны «репродукт» екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Екінші рет егіліп тұрғандықтан оның сапасы бірінші рет егілген тұқымдай болмайды. Сондықтан да күткендей өнім түспейді, – дейді ғалым.

Сапалы тұқым табу үшін ғылыми ізденіс қажеттігін түсінген «Приречное» ЖШС соңғы уақытта зерттеу институтымен байланыс орнатқан. Соның арқасында өзгелерге ұсынып отырған тұқымдары да сапалы. Алайда, ғылыми негізге сүйеніп, нағыз мамандардың көмегіне жүгініп отырған «Приречное» сынды кәсіпорындар өлкемізде саусақпен санарлық.

Бұғы шаруашылығына тың технология енгізілмек

Зерттеу институтының мамандары көпжылдық шөптер сұрыптау барысында тауда ғана өсетін ешкібұршақ дейтін шөп әйгілі эспарцеттің орнын оп-оңай баса алатынын анықтапты. Ең бастысы, бұл шөптің тұқымын бір рет сепсеңіз 20 жылға жетеді. Бұл жағынан көпжылдық шөптердің ешбірі біздің ешкібұршаққа теңесе алмайтын көрінеді. Ғалымдар оны егіс айналымына енгізудің жолдарын нақтылап, инновациялық жоба ретінде жүзеге асырмақшы.

Жемісшілер мен астықшылар осындай жаңалықтар ашып жатқанда ара нәсілін сұрыптаушылар да қол қусырып отырмапты. Алтай климатына ең бейім араны анықтау мақсатында жүргізген зерттеулері Күршім ауданының Маралиха өңірінде нағыз алтайлық ара нәсілдері сақталғанын дәлелдеп берген. Алдағы уақытта осы нәсілдің таралу аймағын кеңейту жоспарлануда.

Ал майлы дақылдарды сұрыптау бөлімі биыл тұңғыш рет сояның отандық сұрыбын сынақтан сәтті өткізіп отыр.

Институт қабырғасында бұғы шаруашылығына арналған тұтас бір бөлім бар. Осы бөлім республикалық бұғышылар палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаровтың басқаруымен бесінші түлікті қолдан ұрықтандыру тәжірибесін меңгеруде. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қытайдан арнайы маман шақыртқан. Бұғы қолға жартылай ғана үйретілген түлік болғандықтан, оны қолдан көбейту әрі әуресі көп, әрі ғылыми дәлдікті қажет ететін қылдан нәзік шаруа саналады. Дегенмен, оны өзіміздің мамандар толық меңгерген жағдайда маралдардың төл ерту көрсеткіші әлдеқайда жоғарылауы тиіс. Әзірге біздің өңірде 100 бас маралдан орта есеппен 40 бас төл ереді екен. Өткен жылы қытайлық маман Чжан Шао Миннен шеберлік сабағын алған жас бұғышылар алдағы уақытта үйренген өнерлерін өзге шаруашылықтарға таратуы тиіс.

Жаңа зертхананың мүмкіндігі мол

Өткен 2016 жыл АШҒЗИ ұжымы үшін табысты болды. Өйткені, көптен бері арман болған зертханалық сынақ орталығы өз жұмысын бастады. О баста асхана болған, кейін азық-түлік дүкенінің қызметін атқарған ескі ғимаратты зертханаға лайықтау оңайға түспесе керек. Республика бюджетінен бөлінген қаржыға ғимаратты жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар алыныпты.

Бүгінде мұнда екі бірдей зертханалық желі жұмыс істейді. Агрохимиялық зертханада облыстың түрлі алқаптарынан алынған топырақ сынамалары зерделенсе, физикалық-химиялық зертхана дайын ауылшаруашылық өнімдерді сынақтан өткізеді.

Қазір әлем елдері егіннің өнімділігін арттыру үшін координаттық жер өңдеу технологиясын кеңінен пайдалануда. Бұл технологияның негізінде бір алқаптың өзінен бірнеше топырақ сынамасын жеке зерттеп, соған сәйкес баптау жұмыстарын жүргізу жатыр. Осы технологияға жүгінген «Камышинское», «Бобровка+» серіктестіктері АШҒЗИ-мен тығыз байланыс орнатып отыр. Топырақ құрамын зерттеу бойынша қазірдің өзінде институттың қызметіне 16 шаруа қожалығы жүгінген. Мұндай қозғалыс бірінші кезекте өңір диқандарының топырақты күтіп ұстау мәдениетін көтеретіні сөзсіз.

«Жаңа технологиялар» бөлімінің негізгі міндеті – ауыл шаруашылығына арналған алқаптардың қыртыс құрамын кешенді мониторингілеу және талдау жүйесін жүргізу. Тапсырыс беруші қалап жатса, алқаптың электронды картасы да ұсынылады.

Мұнда GPS-қабылдағыш арқылы егістіктің әр бөлшегі қоректік элементтерге қаншалықты бай екені түрлі-түсті сызбаның көмегімен бейнеленеді.

Аталған зертханалық сынақ орталығында табанды жұмыс істеп жүрген жас маманның бірі – Айгерім Тұрсынханова. Саратов ауылшаруашылық колледжін омарташы мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман бүгінде бал мен қатар, топырақ құрамын зерттеуді де жетік меңгерген.

– Өзім Марқакөл өңірінің тумасы болғандықтан, омарташылық жаныма жақын. Мұнда алатын жалақым 80 мыңның айналасында. Біздің мамандық өкілдері үшін бұл жақсы жалақы саналады, – дейді ол.

Сынақ орталығында АШҒЗИ-дің өз өнімдерін саудалайтын арнайы бұрыш жұмыс істейді. Ұн, қарақұмық, жармақ, бал, панты өміндерінің сапалы нұсқаларын осы жерден ең арзан бағаға алуға болады.

– Осы жердің балын Өскемен вокзалына тоқтаған жолсеріктер такси жалдап келіп әкетеді. Соған қарағанда қаладағы ең төмен баға бізде болуы керек, – дейді орталық жетекшісі Валентина Костыгина.

АШҒЗИ жұмысымен таныса жүріп, өңірдегі аграрлық саланың қайтадан ғылымға түбегейлі бет бұрғанын байқадық. Бұл бет бұру ешқандай міндеттеусіз, жекеменшік иелерінің қалауымен, саналы түрде жүзеге асуда.

– Ауыл шаруашылығының ғылымға бету бұруы – дамуға бет бұруы. Біздің сынақ орталығын ашқандағы мақсатымыз да осы болатын. Саланың дамуына қолдан келгенше атсалысамыз. Тек соған көмектеспесе де, кедергі келтірмесе екен, – дейді Александр Томащенко.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button