Африкаға барып еңбек еткен қазақ

Бұл өмірдің тасасында талай-талай таланттардың тағдыры, өнегелі өмірдің өрнегі бар. Аттандамай-ақ атанға жүк болар адамдықтың аманатын арқалап, елі мен жері үшін ерен еңбек істеп кететіндердің қатары көп. Солардың бірі – Балтабай Мырзаханұлы. Ақылшы ақсақалдың ізеттілікпен өрнектелген ізгі ғұмырнамасының парағы ықылас пен алғысқа толы.
Балтабай ақсқалдың тарам-тарам тағдыр жолы Тасөткел елді мекенінен бастау алған. Ол 1955 жылы бұрынғы Таврия ауданында дүниеге келген. Қазақы тұрмыстың қалыбында тербеліп өскен бала Балтабай Ұлан ауданының Герасимовка, Тасөткел ауылдарында оқу ордасының босағасын аттап, білім алады. Ат жалын тартып азамат болған ол 1974-1976 жылдары Владивосток қаласында теңіз авиациясында әскер қатарында азаматтық борышын атқарып қайтады.
Әскер қатарында болып шыңдалып қайтқан ол еліне келіп еңбекке араласады. Балтабай Мырзаханұлы 1977 жылдан бастап 1992 жылға дейін 15 жыл «Казэлектромонтаж» тресінде бригадир-монтажшы болып істеді. Өмірдің сабағынан алған білімін теориялық тұрғыдан жетілдіру мақсатында 1981 жылы Челябі қаласына барып алты айлық курс оқып қайтады. Білімі мен білігін жұртқа арнаған Балтабай ағамыз 1990 жылы Зайсан өңірінде болған зілзала зардаптарын жойып, қираған тұрғын үй, мекеме, мектептерді қалпына келтіру жұмысына бір кісідей атсалысады. Нақтырақ айтқанда, Зайсан ауданының Мичурин атындағы совхозда қысқа мерзім ішінде 10 тұрғын үйді пайдалануға беріп үлгереді. Осы еңбегі жоғары бағаланып, Балтабай Мырзаханұлы Жоламанов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сондықтан да Балтабай Мырзаханұлын ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің бірі ретінде бағалауға толық негіз бар.
Жигули мініп, Африкаға аттану
Екі қолға бір күрек ұстаған еңбек адамының барар жер, басар тауы белгісіз екені анық. Өйткені ақша қайда болса, адам баласы сонда. Кеңес өкіметінің қазанын толтырған 1991 жылға дейінгі уақытта Балтабай бір кісідей еңбек етіп, ел мен жерге пайдасын тигізеді. Еңбегін елеген «Казэлектромонтаж» тресі оған 1991 жылы 21 желтоқсанда жигули автомашинасын сыйға тартады.
Осылайша, өмірдің қалыпты ырғағында еңбек етіп жатқан ол 1991 жылдың жазын Мәскеуде құрылыс саласында өткізеді. Сол жылы жазда ол еңбек жолымен Нигерия мемлекетіне Кен комбинатын салуға аттанады. Алтайдан еңбек жолымен Африкаға барған Балтабай 1992 жылдың 31 наурызына дейін бөтен ел, бөгде құрлықта қызмет етеді. Бұл оның өмірден жиған тәжірибесі мен еңбекқорлығының нәтижесі еді.
Еңбектің тәтті нанын жеп өскен адамның жанұясы да тату-тәтті болатыны белгілі. Балтабай Мырзаханұлы өскен ортасындағы үлгілі шаңырақтың бірі бола білді. Оның отбасында екі қызы бар. Балаларының бәрі білім мен тәрбиенің жемісін көріп қызмет атқарып келеді. Ал сүйген жары Гүлнәр Дәлелханқызы – кәсіби тігінші. Қазіргі таңда екеуі де зейнеткер, ақылшы ата, ардақты апа.
Ардагерлер ұжымының алғысы шексіз
Өмірдің бейнеті мен зейнетін көрген Балтабай қарап жатпай қоғамдық іске белсене араласты. Кәсіп ашып, қолында барын өзгемен бөлісе білді. Өскемендегі Жібек маталар шағын ауданындағы ақсақал, ардагерлер ұжымына қосылып мүшесі атанды. Аталып қана қоймай, Өскемендегі «Атамұра» фольклорлық ансамбліне баян, гитара және 10 домбыра тарту етті. Сонымен қатар бірнеше ұлттық шапан, тақияларды да сыйға тартты. Ал ақсақал-ардагерлер үйіне 1 үстел, 15 орындық, 10-нан артық шахмат-дойбы, бильярд сыйлап, тағы да басқа жабдықтар тарту етті. Ардагерлер ұжымының Балтабай ақсақалға алғысы шексіз.
Осылайша кеңпейілдігімен көзге түсіп, көпшілікті тәнті еткен Балтекең бірер жылдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Өскемен қаласындағы өз қатарластарымен бірлесе отырып бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын басшылыққа алып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жастарды жинап, тәрбиелі де тағылымды кездесулер өткізді.
Жақсының марапаты халықтың жүрегінде, елдің тілегінде. Балтабай Мырзаханұлының еңбегін елі де, ұжымы да бағалай білді. Ол «Казэлектромонтаж» тресінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «Еңбек ардагері» медалімен, облыстық ақсақалдар алқасының төсбелгісімен, Ұлан ауданының 90 жылдығы қарсаңында арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды.
Өмірінің өрнегін өнегелі іспен кестелеген Балтабай Мырзаханұлының тағылымды тағдыры жастарға үлгі болуы тиіс. Сондықтан да жас ұрпаққа алдыңғы буын ағаларымыздың өмірін үлгі еткеніміз абзал.
Нұрғожа Серьянов,
Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі,
тыл ардагері