Қоғам

ӘЗІЗ ЖҮРЕК ӘЗАҒА

Өмірден өткен бір жайсаң! Таудай тұлға, қимас жан. Халқының бір панасындай һәм данасындай сирек жаратылыс. Өзімен ілесіп кеткендей бар асыл іс. Ол – әзіз жүрек Әзілхан Нұршайықов. Кәдімгі біздің Әзағаң!

Қазақстанның халық  жазушысының туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

 Махаббат мұраты

         2010 жылдың 15 желтоқсанында «Хабар» арнасынан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жарыққа шыққанына 40 жыл толуына орай арнаулы қойылым көрсетілді. Оны Әзағаң қызықтай алмады. Тәуелсіздік күнінің салтанатына  қатысты, «Отан» орденін алды дегендей. Туған күнімен, жоғары марапатымен әрең құттықтап үлгергенмін. Кешкі бір жиналғанымызда  біз телехабар жөнінде айтып бердік. «Көрермендерге ой тастаса, кәдеге жарады», – деп мұңдылау  күйінде бірауық үнсіз отырды да реті келсе бейнетаспаға жаздыртып қоюымды өтінді. Құп дегем. Бірақ… тек наурыздың басында ғана жаздырта алдым. Әзағаң көре алмай кетті…

Сол жолғы  «Сонымен, солай дейік…» хабарын қайталап көріп отырмын. Япыр-ау, шынымен өмір өтпелі ме екен? Бүгінгі бар, ертең жоқ бола ма? Өлді деуге қалай ғана қиямыз Әзағаңды! Қараңызшы. Тіп-тірі! Қорытынды сөзіне құлақ түріңізші. Тайпалтып жөнелді дейсіз: «…Осы хабарға қатысып отырған бәрлеріңізге алғыс айтам, алғыс айтам…  Осы тойдың тәбәрігі болсын деп, сіздерге шашуды өзім шашайын, Алматыдан 40 кітап арқалап әкеліп едім…» Студиядағылар қозғалақтап, көңілденіп қалды.  Әзағаң кітаптарын қолтаңбасымен үлестіре бастады. Сол шаттаныс күйінде мәңгілікке кітап сыйлай беретіндей…

Ербол мен Меңтайды кім білмейді! Роман аталса болды-ақ, осы екеуінің мөлдір махаббаты санада салтанат құрады. Осы хабарда Кентауда тұратын Нұрғамиланың (Меңтай) өз курстасы Әзілханға ыстық тілегі ақтарылды. «Әзілханым-ау! Жақсы шығармалар жазып, халқыңды қуанта бер!» – деп  демігіп сөйледі. Бастапқы бір сөзінде денсаулығының сыр беріп жүргенін аңғартып қалған. «Сен аман бол!» деген жүрек сөзі кеуде сырылынан да сезілетіндей. Беу, Меңтайдың махаббаты! Ерболдың ғашық жүрегі! Талай ұрпақ өнеге етер өздеріңді! Абайша айтқандай: «Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе, Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып», – дегенді басынан дәп қазір өткеріп жүрген кім бар екен? Айтшы? Ұялмашы! Жасырмашы! Сендердің түбі, махаббатта жұлдыздарың жанады. Әзағам әр жүрекке сүйіспеншілік шырағын жағу үшін өмірге келген. Кетсе де сол өшпес алауын әр жүректе махаббат маздасын деп, тамызыққа тастаған… Өшіріп ала көрмеші!

Әзағаның ХХ ғасырдағы екі ерлігін айтсақ, оның қандай тұлға екендігі айқындала түседі. Бірі – Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі, екіншісі – әдебиет майданындағы батырлық пен махаббатты қалтқысыз жырлаған ерлігі. Осы екеуі-ақ классик жазушыны алғы ғасырларға жетелей берері анық.  Тек Өзіне, қос қанаты – еңбегі мен ақылына сенгені: Алла берген таусылмас ырыздығы екен!

Махаббат тірексіз болмайтындай. Оның мәнінің жалқылықтан жалпылыққа ауысуы – адамның, қоғамның, заманның маңызын еселемек. 2005 жылы «Махаббат жыршысы» эпистолярлық хикаятым жарық көргенде, Әзағаң мейірімінің шуағына өзгені де бөлегенімізді аңғармағандаймыз-ау. Солай болыпты. Махаббатпен махаббат есендесіп, құшақтасқандай екен, ыстық табысқандай екен. Бәрі-бәрі Әзағаңнан тараған шуақ, шапағат. Осы еңбекке кіріскелі жүргенімде Әзағаңнан келген хаттың мына үзігін келтірейінші:

«Сіздің 14 қазанда (2002 ж.) маған жолдаған көлемді хатыңызды алдым. Ауруханада жатып оқып, жан тебірентер хатыңыздан күшті қуат алдым. Мен туралы шығармашылық ниетіңізге шексіз ризамын. Сұраған мәліметтеріңіздің бәрін жіберемін. Ауруханадан есеңгіреп шықтым. Есімді жиғаннан кейін ол өтінішіңізді орындауға кірісемін… Менің өмір жолым ешкімге керексіз шығар деп ойлаушы едім. Сіздің хатыңыздан кейін менің де бастан кешкендерім біреу болмаса, біреуге керек екен-ау деп үміттеніп қалдым».

Үлкеннің иілгенінен нұр тамшылайды екен.

Махаббатқа таңдай қағып өткен Әзағаңнан талай нәрлі сөздер қалды. Тірісінде  асыл жары Халимадай – махаббат мұратына жетіп, өлісінде сол аяулысының қасына жамбастай жығылған таза жүректі жан өзінің: «Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің махаббатыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды» деген өмірлік антына ақтық демі таусылғанша адал бола білді.

«Көзбен көз «тілдессе» – құмарлық; жанмен жан «сөйлессе» – ғашықтық. Ғашықтықтың екінші аты – махаббат! Адамға бақыт беретін ең зор талант – махаббат!» – дегенде, Әзағаңның тілінен бал сорғалағанын көрдік-ау!

 Соңғы  серпін

         Соңғы дерлік бір жазбасына Әзағаң: «Желмаяға мініп желе жорытқан Асан қайғы бабамыз сияқты, машина мініп, Қазақстанды араласам, жас ұрпаққа Тәуелсіздік жырын жырлап, ақыл-кеңес айтып, халыққа  кітаптарымды таратсам, сөйтіп, қалған өмірімді жол үстінде өткізсем деймін. Үйде жатып өлгім келмейді…», – деп түртіп қойыпты.

Алла аузына салғандай екен осы сөздерді. Бақиға үйінде жатып аттанбады. 2010 жылы ақпан айында Президент қолынан мемлекеттік стипендия алысымен іле сол жерден ауруханаға түсті. Ажалмен алты тәулік арпалысып, жан берді. Соңында Жаннат, Жанна, Арнұр, Жаннұр балалары, «аталаған» немерелері мен «бабалаған» шөберелері қалды шырылдап. Ондаған кітаптары – елдің рухани байлығына айналды. Үйінде шөмеледей үйіліп (өз қаражатына шығарған) жатқандары қаншама?

Соңғы жылдары жазушы әманда таңғы серуенін Абай атасының ескерткішінен бастауды әдетке айналдырыпты. Соңғы рет, 2011 жылдың 6 ақпаны күні ескерткішті сипалап тұрып: «Абеке, Алматының үстінен қарап тұрсың ба? Ел-жұрт аман, мен ертең Президенттің қолынан стипендия аламын. Аруағыңыз қолдай жүрсін!» депті. Осыны естігенде  2009 жылдың аяғында Әзағаңның Астананы аралай жүріп, Қабанбай, Бөгенбай батырлардың, Кенесары, Жамбыл, Бауыржан, Әлия ескерткіштерін құшақтап суретке түскені есіме оралды. Кейде көзіне жас іркілетін… Бауыржанға «сәлем» бергенде, жасаураған жанарын жасырып сүрткенін байқап қалғам.

Балалары айтып отырды, облыс әкімінің шақыртуымен Өскеменге  Азиада жеңімпаздарын құрметтеуге арналған салтанатқа бармақ болып, жол сөмкесін есік көзіне дайындап қойыпты. Сол екі ортада Президент стипендия тапсырады деген хабар жетіп, тұсалып қалған екен. Жыл аяғында ғана Өскеменде Азиада алауын 200 метрге алып жүгіріп, ентікпей, жиналғандар алдында сөз сөйлеген. Бұл алау –  елімнің, менің жүрегімнің алауы. Спортшы достарым, сол алауды сендердің жүректеріңе тұтаттым. Алаулы жүрек – жалаулы да жеңісті боларына сенемін дегендей мәністе аппақ қарда аппақ азаиадалық киімге шымқай оранып алған Әзағаң бейне бір Олимпиада чемпионындай, – несі бар жазушылықтың чемпионы  ғой, – ағынан ақтарылып бата берген. «Алаугердің» батасы қабыл болғанын жұртшылық және біледі.

2010 жыл сапарлы жыл болды Әзағаң үшін. Бармаған жері, баспаған тауы жоқтай. Расы сол, еліміздің төрт бұрышын түгел аралады. Туған өңіріне әлсін-әлі барды. Нақ бір бой жазып жүргендей-ақ…

Өмірінің өтіп бара жатқанын сезгендей, соңғы кезде асығып, қатты алаңдайтын болыпты. Былтыр он кітап шығарып, екеуін баспаға тапсырып қойса  да, «қолжазбаларымды үлгерте алмай жатырмын» деп бармақ ұшынан жанын сорғандай жиі күйгелектенетін күй кешкен.

Елдік мүдде  әркез есінен шықпайтын еді. Елбасына жолдаған өтінішінде: «Астанада – Сәкеннің, Талдықорғанда – Ілиястың жеке мұражайлары бар. Бұл өте жақсы – халықтың рухани байлығына қосылған лайықты қазына. Ал Қостанайда Бейімбеттің мұражайы болмауын қалай ұғуға болады? Халық қалай түсінеді?..»– деп осындай жоқты жоқтаушы жазушы-ғалым Т.Бейісқұлов көтерген мәселеге шындап араласқаны бар. …Қайсыбірін тізбелейміз, төбе бидей төл сөзін арнаудан жалықпаған жайсаң жаратылыс еді ғой Әзағамыз!

«Мен өлерде аузыма қандай сөздер түсер екен» деп ойладым бүгін, – деп жазғаны бар Әзағаңның (15.06.2009 жыл). – Ақырғы сөзім мынадай болса екен деп тіледім: қош болыңдар, адамдар. Араздаспаңдар, төбелеспеңдер, соғыспаңдар, тату болыңдар! Бірақ кім білсін соңғы сөздің қандай боларын. Әлде, Халима сияқты, үнсіз өтіп кетуім де мүмкін ғой».

… Өзі  сезгендей, үнсіз өтіп кетіп еді!

… Аза тұттық. Жүрек жылады. Сол қаралы күнде былайша егіліппін: – Ақ қағаз, саған, не жазам! Халқым өзіңе не деймін?! Боздаған көңіліңді қайтіп жұбатам! Қаламсабым қанжардай тілгілейді жүрегімді…

89 жасқа қараған шағында әзіз өмір үзілді. Соғыста отқа күймеген, 6 рет жүрек талмасынан аман қалған болаттай берік ғұмыр тыншыды. Ал рухы оқырмандарының мәңгілік әлдиіне бөленді. Әзағаңнан қандай мұра қалды десейші. Отансүйгіштік қасиет, ұлтын асқақтатқан өр мінез, ел болашағын ұлықтаған парасатты сөз қалды. Ақтарылып берген ақ батасы жас ұрпақтың шамшырағына айналды.

Өмірден өзіңіз баз кешкенмен, дүниені махаббат бесігіне бөлеп кеттіңіз, Әзаға! Отанды сүю, әдебиетті әспеттеу, Халима апамызға  шексіз ғашықтық, жалпы адамзат баласын ардақтау, жас жүрекке іңкәрлік сезімін тұтату – бәрі-бәрі ұлы махаббаттың мәңгілік ұраны десек, Сіз, ұлық та, кішік те бола білдіңіз. Сол себепті де Сізді халқыңыз «махаббаттың маршалына» теңеді.

Махаббат та жетімсірейді екен! Сізді егіліп жоқтайды. Аймалап сүйеді, «Әзағам!» деп шыбын жаны шырқырап, қаза күйігіне күйеді! Жүрегіне жалынымен түйеді! Бір тұшынарлығы, ақ көбелектің қанатына  ілескен Сіздің уылжыған  махаббатыңыздың мархабаты  дүние тұрғанша салтанат құрады! Сол – көңілге медет! 36 жыл бойы өзіңізбен хат жазысып, оны «Махаббат жыршысы» деп атап, тұтас кітап күйінде шығарғаныма шүкірлік деймін.

2010 жылы, дәл 88 жасқа толған күні, Президент қолынан «Отан» орденін алған Әзағаңды ертесіне әуежайдан Алматыға аттандырып салып едім. Астанамен соңғы рет қоштасыпты-ау.  Асыл бейненің ыстық құшағына ақырғы рет енгенімді сезіппін бе сол сәт…

Қайсар Әлім, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Осы айдарда

Back to top button