ТОП

Әз Наурыз Ата дәстүр жаңғырды

Таяуда  орталығымызда “Қош келдің, әз Наурыз!” атты дәстүрге айналған мерекелік  шара өтті. Іс-шара барысында халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жөн-жоралғылары мен салт-дәстүрлері жаңғыртылып, жастарға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен сахналық көріністер көрсетілді.  

Іс-шара шымылдығын көктеммен бірге түлеп жаңаратын «Жер-Ананың» оянуын бейнелейтін пролог ашты. Халқымыздың ғұрпына сай  бата берілді. Мерекелік шара барысында қадамын нық басып, тез жүріп кетсін деген ниетпен орталығымыздың кішкентай қызмет алушысы Ельдана Слямханның  тұсауын кесті. «Тұсаукесер» рәсіміне Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов, облыстық мәслихаттың депутаты Мамырбек Бақты­ғазыұлы және зейнеткер-ұстаз Бағи Қуанышбайқызы қатысты.  Сонымен қатар орталық қызметкерлері  ұмыт болып бара жатқан “Қызды оң босағаға отырғызу”, “Қамшы ілу”, “Шеге шапан” салт-дәстүрлерін сахналады. Тақырыпқа сай әндер шырқалып, би биленді. Әр топтың ата-аналары “Ұлттық  дастархан мәзірі” тақырыбында дастархан жайды. Қызметкерлер “Дәмді бауырсақтар” сайысына ерекше, дәмді, жұмсақ бауырсақтарын пісірді. Алаңда арқан тартыс, гір көтеру және қол күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар өзара күш сынасып, мықтылар анықталды. Орталық директоры Салтанат Қаймолдақызы мереке соңында атаулы іс-шараға белсенді қатысқан қызметкерлерге, ата-аналарға Алғыс хат табыс етті. Іс-шараға келген қонақтар балалар мен ұжымды мерекемен құттықтап, өздерінің жылы лебізін білдіріп, естелікке сыйлықтар табыс етті. Аталған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылар мен келген қонақтар ұлттық киімдерімен мерекенің көркін аша түсті. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы баршамызға құт-береке әкелсін.

 

 Гульжихан Айтбаева, дефектолог

Үржар ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button