ТОП

Әйгілі Мұзтаудың әуелгі аты Ақшоқы ма?

Киелі өлке

Біз жердің иесі мен таудың киесіне бас иген халықпыз. Қазақ даласында төбесі көк тіреп, ақ бұлтпен иықтасып тұрған таулар көп. Соның бірі киелі әрі көрікті һәм кірпияз тау – Мұзтау. Сырбаздығына сыр жасырған бұл таудың қойнауы киемен көмкерілген. Сондықтан да көремін деп келетіндердің көбісі тауға алдымен тағзым жасағаны жөн. «Ең қызығы, жартылай көлікпен, жартылай атпен жеткеніңізде, Мұзтау сізді иығына шығармақ түгіл, жүзін де көрсетпей қоюы мүмкін. Гималай асып, айшылық жол жүріп келген талай тақуаның Мұзтау аспанының ашылғанын көрмей, таусылып қайтқанына жергілікті халық талай куә болған», – деп әспеттейді Мұзтаудың  мұңы мен сырын жақсы білетін журналист Есімжан Нақтыбайұлы. Теңіз деңгейінен 4509 метр биіктікте тұрған Мұзтаудың қос күмбездей күміс тәжін көру бақыты келгендердің барлығына бұйыра бермейтінін біліңіз. Дегенмен де, айбыны асқақ тау, иесі барса, исінбесі анық. Шыңына шықпасаңыз да, бауырына барып бас иіп, көркіне көз тойдырып қайтуға болар. Әлемнің әр түкпірінен туристер қаптап келетін таудың түп тарихы мен тағдыры бізбен қатысты екенін есте сақтаған жөн. «Таудай бол» деп баласына бата беретін қазақтың ұрпағы, Мұзтаудың мұзбалағын қолға қондырғанын әлемге әйгілеуіміз қажет. Аңызды ақиқатқа, тағдырды тарихқа айналдырсақ ғана айбарлы ел болмақпыз.

Тау атауы туралы тұжырымдар

Талай тарихтың ұштығын уақыттың ұршығы шыр айналдырып әкетті. Ғалымдырдың пайымы мен пікірі бойынша Геродот заманындағы жазбаларда Мұстағ және Алтынтағ таулары туралы айтылады дейді. Мұндағы Мұстағ – Мұзтау дейді ғалымдар. Әлемге әйгілі әдеби ескерткіш «Оғызнамада» да Мұзтау туралы баяндалады. О заманнан осы таудың төңірегінде болған ойраттар «Уч-Сумер» деп атаған. «Үш шың» немесе «Киелі тау» деген мағынаға тоғысады. «Сүмер» деген моңғол тілінде,  буддизмдегі «Меру» –  «Киелі тау» деген мағынаны білдіреді екен. Қазіргі кез де кей ұлттар буддизмнің бұтағы осы өлкеде көктеді дегенге көңілдерін сендіреді.  Алтай алқабын қоныстанған халықтар үшін маңызы зор Үкік жазығынан көз тастасаңыз, мұнартқан Мұзтау шыңын байқайсыз. Киелі екендігі айтпаса да, түсінікті.

Тасына тарих көмкерілген бұл таудың тағы бір атауы – Қатын бажы. «Қатын» сөзі ертедегі түркілер тілінде «Ханшайым, жоғары тектен шыққан әйел» деген мағынаны беріпті. Ал «Бажы» кейіннен трансформацияға ұшыраған «Басы», яғни «Бас» немесе «Шың» сөздерімен синоним. Тарихтың толқынына көз салар болсақ, Тәңірге табынған елдер үшін «Құдайлар тауы» болған. Жыл сайын табынуға Тибеттен тақуалардың ағылып келуінің астары осында.

Ал таудан ағатын сүтті өзендерді негізге алған славяндар «Белуха» деп атаған. Бұл атау түркі халықтарының астарлы аңызымен үндесетін тәрізді. Тәңіршілдік дәуірінде Мұзтау «Ұмай ананың отаны» деген ұғым қалыптасыпты. Сүтті бұлақтарды ана сүті деп түсінген жұрттың тауды «Ұмай анаға» теңеуінде терістік жоқ сияқты. «Қазақта «Қыз емшек» деген жер аттары көп кездесетіні белгілі. Солар сияқты Мұзтау да қос өркешті тау. Шамбалашылар Мұзтаудың шошайған қос өркешін Жер-ананың емшегі деседі екен. Осы Жер-ананың қос емшегінен Дүниенің төрт бұрышына тарап, аппақ сүттей төрт өзен ағып жатыр. Олар – Катунь, Ақбұлқақ, Кучерла, Ақкем өзендері», – деп жазады Мұзтаудың мұзбалақ жазушысы Әлібек Асқаров.

Осы атаулардың барлығы да Мұзтау туралы мифтердің жиынтығы іспеттес. Қайсыбірін алып қарасақ та, қасиетті таудың тарихымен ұштасып, тағдырымен үндесетін тәрізді

Тау үңгірі Тибетке дейін созылады

         Мұзтауда ежелгі тіршіліктің нышандары бар тау үңгірлері көп. Қайсыбір аңызда Мұзтаудан басталған үңгір Тұрпанға барады дейді. Бұл жерде ерте замандағы жерасты жолы болыпты-мыс. Ал тауға тәу етуді талай ғасырдан бері жалғастырып келе жатқан тибеттіктердегі түсінік бөлек. Олардың ойынша, Мұзтаудағы үңгірлерге кіріп, жолын тауып жүре алсаңыз, Тибеттен бірақ шығасыз дейді. Осы аңыздың астарынан ақиқат іздейтін тибеттіктер жыл сайын келіп Мұзтауға тәу етеді. Олар үшін Мұзтау екі дүниенің есігі, Шамбала, болып саналады. Бұл аңыздың үнділермен үндесетін тұсы тағы бар. Үнділердің әйгілі «Махабхарата» дастаны Мұзтаудан барған деп айтылады. Әйгілі Гаутама да Мұзтаудан Индияға аттанған деген тұжырым бар. Алыс шеттегі тибеттіктердің Мұзтауды білуімен, осындай дастандардың үндіге дейін жетуінің астарын аңыздағы жер асты жолымен байланыстыруға болады. Төрткүл дүниенің жұмбағына айналған Шамбаланың есігі Мұзтауда дейтін аңыз тағы бар. Аталған тылсым есік жылына екі рет қана ашылады-мыс. Күн мен түн теңелген шақта Шамбаланың шапағатын алам дегендер Мұзтауға келуі керек. Ал тылсым есіктің ашылуы екінің бірінің көзіне көріне бермейді екен. Тау үңгірінің тылсымы талай ғалымның таңдайын қақтырса да, зерттеушілер тереңіне бойлай алмай келеді. Тұрпаннан асып, Гималайды басып, Индияға дейін жеткен Мұзтау туралы аңыздың мазмұны мен мәні зор.

Мұзтау жер шарының энергетикалық өрісі

         Мұзтау төрт мұхиттың түйіскен тұсы деген түйінді айтады кейбір ғалымдар. Жеті жұрттың тілімен айтқанда жер кіндігі. Сол теорияға сенгендер жер шарының энергетикалық өрісі Мұзтауда деген тұжырымға тоқталады. Сондықтан да жыл сайын мыңдап ағылатын туристер мен тұрғындар Мұзтаудан жан сарайын ашып, күш-қуат аламыз деп келеді екен. Осы тұжырымды жергілікті тұрғындар да растайды. Тау жарықтықтың көңілі қалап, пейлі  түссе пендесіне жеңілдік сыйлайды екен. Ол тылсымды сезіну үшін де жүрек керек.

Қол созым жерде тұрғандықтан біздің тұрғындар Мұзтаудың тылсымына көп таңғала бермейтін сияқты. Әйтпесе жалпақ әлем жағрафиясында аты әйгілі тау емес пе?! Әсіресе, Балтық жағалау елдері мен ТМД тұрғындарына таңсық тау. Сонымен қатар Индия, Тибет, Австрия, Германия, Италия қатарлы елдерден жол тартатын туристердің саны көп. Шамамен 1,5 миллион жыл жасы бар бұл таудың мұздықтарының қалыңдығы 200 метрге дейін жетеді екен. Басына шілденің шіліңгірінде шықсаңыз да, шың басы -20 градусты көрсетіп тұрады дейді. Бұл қарлы шыңның қаһары, бәлкім, адамзатқа көрсетер айбары болуы керек.

Мұзтау маңына барып қайтқан алғашқы ғалым медицина ғылымдарының докторы Ф.Геблер. Ол 18 ғасыр яғни 1836 жыл деген дерек көрсетіліпті. Ғалымды Мұзтаудың мұзарт шыңы емес, дәрілік шөптердің дәмі тартыпты. Ал Мұзтаудың күміс тәжін көріп қайтам деген талайдың тауы шағылыпты. Тек 1914 жылы ғана ағайынды Троновтар тау биігін бағындырған. Соған қарағанда, Мұзтау да мен келдім дегендердің табанына таптала бермейтінін байқауға болады.

«Ақшоқы» енді біздікі емес

         Төрткүл дүниенің төбесінен қарап тұрған Алтай бүгінгі таңда төртке бөлініп қалды. Алтайдың күңгей беті күн асты елінің еншісінде кетті. Шығыс жағындағы шұрайлы өлке мен «Бес боғда» атты биік бес шың Шыңғысханның бүгінгі мұрагерлеріне, яғни, Моңғолия еліне бұйырды. Біз айтып отырған «Белуха» Мұзтаудың мұзарт шыңы Алтайлықтардың алақанында, Ресейдің иелігінде қалып барады. Алтын Алтайдың алақандай бір пұшпағы мен Мұзтаудың сілемі ғана біздің саусақ ұшына ілінді. Тек, туристер төбесіне шығып-түсу үшін ғана Қазақстан жағымен барып жүр.

«Аға-а!.. қаш кейін, қаш!.. Ақшоқы енді біздікі емес, қаш бері.
Қашайын дейді. Қаша алмайды. Аяққа оратылған жыланның құйрығы жібермейді тастай қысып жабысып. Жоқ, аяққа емес, енді міне, білегіне жармасты. Қазір мойынға өрлейді».

Бұл жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Ақшоқы» атты әңгімесінің үзіндісі. Жазушы айтар ойының астарына ақиқатты көмкерген. Дидахметтің «Ақшоқы» дегені, Мұзтаудың балама атауы деп ұқтық. Бәлкім нақты атауы да шығар.

Дидахмет Әшімханұлы: «Алтайдың ақшұнақ аязы… Ақшоқының шыбынсыз жазы… Ауылдың әпенді адамдары… Елді зар жылатқан кейбір басшылар… Бүгінде тірі жүрген ескікөздер… Бәрі-бәрі еске алынады».

Әлібек Асқаров: «Бұл алқапты «Мәкиле дарасы» деп атайды, – деді бұл өңірді бір адамдай білетін орманшы Ағәділ Сүндетбаев. – Қазақтың шыбынсыз жазын іздесеңіз – осы жерге келіңіз».

Мұзтаудың етегінде өскен екі жазушы да Ақшоқының шыбынсыз жазын аңсапты. Сағыныпты. Қимастықпен толғаныпты. Өкінішті. Қалай айтсақ та, Ақшоқыдан айырылып қалғанымыз ақиқат.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button