Қоғам

Әйелдер ең ғажайып дүние!

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың естелігінен: «Барлық әйел – бағалы! Әйелдер ең ғажайып дүние! Бірақ біз – еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз.

Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма  ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам жастығым, жантайсам төсегім болушы еді. Жабырқасам жадыратушы, жаңылсам түзетушім болушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді!

Әйел – Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын! Басқа еркектердің қалай бағалайтынын білмеймін, өз басым осылай ойлаймын.

Өзім өлгенде артымда қалдыруға қимайтын екі асылым бар еді. Оның біріншісі – өмірлік жарым Халимам, екіншісі – жарғақ құлағым жастыққа тимей өмір бойы жинаған кітаптарым еді. Сөйткен қимас Халимам мені артына қалдырып, менен бұрын өзі өмірден өтіп кетті. Қайтып келмесіне көңілімнің сенгісі келмесе де, көзім жетті.

Халима ауруханада жатып, менімен қоштасқан түнде былай деп еді:

– Жұрт саған: “жылама!” дер. Жұрт саған: “берік бол!” дер. “Жылама!” деп айту оңай, жыламау қиын. “Берік бол!” деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: “Қыстыққанда жылап алған жөн” дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бірақ көз жасыңды балаларға көрсетпе!

Ол осылай деген еді.

 

Дайындаған – Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button