ӨзектіТОП

Әйел теңдігі – әлі өткір тақырып

Тасқын Болатұлы

(Шартты сурет)

«Жарықтың жылдамдығындай шапшаң дамып жатқан жаңа ғасырда да әйел теңдігі өзекті мәселесі болып отыр. Ал әрбір таяқ жеген анамен бірге кем дегенде бір бала зорлық-зомбылық көрді деп есептеуге болады», дейді адам құқығы жөніндегі бірлестіктің маманы.

 

«Қыздарымның құқай көргені жаныма батады»

 

Бұл – «Ана үйі». Кішкене баласымен немесе іштегі баласымен үй-күйсіз қалған, зорлық-зомбылық көрген және басқа да қиын жағдайға тап болған жалғызбасты аналар мен қыз-келіншектер мекендейді. Бұл – уақытша баспана.

Пана іздеп келушілердің көбі зорлық-зомбылық көргендер. Әсем де (кейіпкердің есімі өз қалауымен өзгертілді) жар таңдауда қателескенін айтады.

– Бала күнімнен таяқ жеп өстім. Әсіресе, мамам аямай соғатын. Отын шабу секілді ұлдардың жұмысын істейтінмін. 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Баянды болмады. Күйеуім үйге жолдастарымен бірге келген кезде қорқа бастайтын едім. Өйткені сондайда ішіп отырып мені боқтап, анаған-мынаған жұмсап, керек болса соғып жіберетін. Мені қойшы, өзінің кішкентай екі қызы жыласа, «мазамды алды» деп тұншықтырып-тұншықтырып алатын. Үш жылдай отассақ та, ары қарай бірге тұруға шыдамым жетпеді. Қашып кетіп, қайтып бармадым. Ал екінші рет таныстардың таныстыруымен бір адамға тұрмысқа шықтым. Олар маған жігіттің психикалық ақауы бар екенін айтпаған екен. Жергілікті ауруханада тіркеуде тұрыпты. Ол мені қамап ұстағысы келді. Жүктілік кезімде емханаға тексерілуге жібермейтін болды. Өгей қыздарына өгейлігін көрсетіп, нұқып жіберетін болды. Ақыры осы «Ана үйіне» пана сұрап келдім, – дейді Әсем.

Әсемнің бірінші некеден екі қызы, екінші некеден бір қызы бар.

– Ең ауыры, өзімнің мамам мен ағаларым бұл жағдайлардан кейін менен теріс айналғандай. Бәрі маған суық қабақ танытады. Олардың ойынша, болған істің бәріне мен ғана кінәлі секілдімін. Ешқайсы жанына жақын тартып, жылы, ашық сөйлеспейтінін білмейді. Үлкен қызым мамамның қолында. Үш баланы бірдей бағу қиын болған соң асырауға алды. Сонда да маған аса жылы шырай бермейтін секілді сезіледі. Әкем қайтыс болғаннан бері мүлде қорғансыз қалғандаймын. Бәрінен бұрын мына қыздарымның да мен секілді кішкентайынан құқай көргені жаныма батады. Болашағы жарқын болуын тілеп отырмын, – дейді ол.

Әсемнің қыздары қазір балабақшаға барады. Өзі сонда жұмысқа орналасқан. «Ана үйінің» үйестірушісі оған үй алуға көмектесетінін айтқан және осында тегін тұрып жатқан уақытты пайдаланып, тапқан ақшасын жинауға кеңес берген.

Әсемге зорлық-зомбылық көрсеткендер жазаланбаған. Әсем шағым жазу туралы ойланбаған да. «Тыныш күнге жеткеніме шүкірлік етемін» дейді.

«Ана үйі» жобасын осы аттас қоғамдық қор 2013 жылдан бастап ұйымдастырған.

– Бұрын жетімдер үйінде жұмыс істедім. Асырап алған балаларын кері қайтарған бес отбасын көрдім. Бәрінен бұрын қайтып келген балаларға сұмдық ауыр соққы болады екен. Қатты әсер етті. «Ана үйі» қоғамдық қорының мақсаты – осындай жағдайлардың алдын алу, тығырыққа тірелген әйелдерді тұрмысы түзелгенше паналату, жұмыс табуына көмектесу, бала мен ананы ажыратпау. Республика бойынша әр қалада 23 «Ана үйі» бар, – дейді қоғамдық қордың Өскемендегі үйлестірушісі Сәуле Шарыпова.

 

«Жыныстық сауатын ерте жастан арттыру керек»

 

– Балабақшада, мектепте, университетте, жалпы қоғамда «әйел – бағынушы, еркек үстем» деген стереотип қалыптасып қалған. Осындай орта ғасырдан қалған көзқараспен қоғамның өмір сүруі – өте өзекті проблема. Ал шын мәнінде, «әйел де, еркек те – адам, екеуі тең құқыққа ие» деген ұстанымға зәру болып отырмыз қазір, – дейді БҰҰ Әйелдер құрылымы Еуропа және Орталық Азия кеңсесі азаматтық қоғам ақылдастар кеңесінің мүшесі Молдияр Ергебеков.

– Ресми статистика бойынша, елдегі зерттеуші мамандардың – 52,4 пайызы, ал Шығыс Қазақстан бойынша 52,8 пайызы әйел адамдар екен. Ғылыми мақала жазып, зерттеу еңбегімен айналысатын адамдардың да жартысынан көбі әйел қауымы. Демек, біздің елде білімді де еңбекқор әйелдер көп. Соған қарамастан қоғамдық өмірде лайықты орындарын ала алмай, құрметке ие бола алмай отыр, – дейді Молдияр Ергебеков.

(Молдияр Ергебеков. Сурет adamdar.ca сайтынан алынды)

Оның айтуынша, біздің елде жасөспірімдермен қатар ересектердің де жыныстық сауаты төмен.

– Жыныстық қарым-қатынасты қызық көрмейтін адам жоқ. Бәріне қызық. Бірақ жыныстық сауаттылық деген нәрсені ұмытпау керек. Жастарды қойып ересектер де бұл тақырыпта сауатсыз. Кейінгі кезде педофилия да өршіп кетті. Бұл соның көрінісі. Жалпы біз балаға жыныстық сауаттылықты болашақта зорлық-зомбылыққа бармауы үшін үйретеміз. Мамандардың пікірінше, ата-ана балаға 2-3 жастан бастап жыныстық сауат бере бастауы керек. Яғни, ең бірінші, кішкентай балаға өзінің жеке, ешкімге көрсетуге болмайтын мүшелері бар екенін, оны жабық ұстап, қорғауы керегін түсіндіруіміз тиіс. Қандай да бір үрей болған кезде шыңғырып, белгі беруі керек екенін ескерту керек. Есейген сайын ақпаратты арттыра түсіп, баланы жыныстық мүшесінің маңызды екенін түсінетіндей деңгейге жеткізуіміз керек, – дейді Молдияр Ергебеков.

Ол адам құқығы заң жүзінде қорғаусыз қалмауы керек екенін айтады.

– Зорлық-зомбылық көрген кез келген адамға беретін кеңесім мынау: міндетті түрде заң жүзінде құқығын қорғасын; міндетті түрде полицияға шағымдансын; міндетті түрде дәрігерге қаралып, жарақат алғанын медициналық қағаздармен ресми рәсімдесін. Сонымен қатар құқығын қорғау үшін арнайы ұйымдардан кеңес алу да керек, – дейді Молдияр Ергебеков.

 

Сырласар жан табылса

 

– Жарықтың жылдамдығындай шапшаң дамып жатқан жаңа ғасырда да әйел теңдігі өткір мәселе болып отыр, – дейді облыстағы Uylesim қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жұлдыз Ақтанжанова.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары жыл басында «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасын жүргізіп, үш күн ішінде 146 зорлық-зомбылық фактісін тіркеген. Оның ішінде 93 адамға алкогольді ішімдік ішуге тыйым салып, 1362 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасын, 671 адамға ерекше талаптар белгілеген.

(Жұлдыз Ақтанжанова. Сурет жеке архивінен)

«Өзінің әйеліне зорлық-зомбылық істеген ер адамға айыппұл салмау керек, оның орнына басқа жаза түрлерін күшейту қажет» дейді Жұлдыз Ақтанжанова.

– Отбасылық жанжал қаражатқа байланысты, тұрмыстық жағдай дұрыс болмауына байланысты туындайды. Сөйте тұра күйеуіне айыппұл жазып беру деген отқа май құйғанмен тең. Жұптар ертең татуласып, бірге тұруы мүмкін, ал айыппұлды төлейтін қаражат ортақ қой. Бала-шағаның жеп отырған тамағын ауыздарынан жырып, айыппұл төлей ме сонда? Жоқ, оның есесіне қоғамдық жұмыстарға жегу секілді басқа тәсілдерді пайдаланған дұрыс, – дейді ол.

Оның айтуынша, әрбір таяқ жеген анамен бірге кем дегенде бір бала зорлық-зомбылық көрді деп есептеуге болады.

– Отбасындағы зорлық-зомбылыққа куәгер болатын – балалар. Үйдегі келеңсіз жағдайлар олардың психологиялық дамуына кері әсер етеді. Қоғамнан ұялып, оқшауланып қалады. Әкесін де, шешесін де бірдей жақсы көретін балаға тұрмыстық зомбылық өте үлкен соққы. Соны байқамай жатамыз. Психикасы бұзылған баланың еті өліп кетуі мүмкін. Ертең өзі есейгенде мұндай нәрсе қалыпты жағдай деп ойлап қалуы мүмкін. Кейін өз жарына зорлық-зомбылық көрсетуі немесе өзі шеккен зардапқа немқұрайды қарауы мүмкін. Сондықтан біз ең бірінші мәселенің шығу себебімен күресіп, қоғамдағы әрбір адамның санасына әсер етуіміз керек. Зардап шеккен ешбір адам томаға тұйық күйі барлық ауыртпалықты үнсіз арқалап жалғыз кете бермеуі керек. Ашылып сырласар жақындары жанында демеу көрсеткені дұрыс, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова.

 

Осы айдарда

Back to top button