Қоғам

Әуелде егіз бала деп айтқан

Наурызда Таскескен ауылындағы Күзеубаевтар отбасында үшем дүниеге келген болатын. Міне, енді ана мен балалары Семейдегі облыстық перинаталдық орталықтан бір ай дегенде үйіне оралып, туған-туыстарын шаттыққа бөлеп отыр.

Балалардың анасы Арай Юсупованың айтуы бойынша, жергілікті ультрадыбыстық зерттеу өмірге үшем келетін көрсетпеген. Дәрігерлер құрсақта егіз бала бар деп айтқан. Өте сирек кездесетін қуанышты сәтте өздерінің қандай әсер алғанын айтып жеткізу мүмкін емес екенін айтқан ол «балаларға Айсезім, Айым, Аяжан деген есім қойылды» дейді.

Бұл отбасының отағасы Өтей Сырым – электрик, ал анасы мұғалім болып қызмет етеді. Олардың тұңғышы Аяла қазір бір жастан асқан.

– Мұндай керемет, үш баланың дүниеге келуі, біздің әулетте бұрын болмаған. Күтпеген жаңалыққа қатты таңырқадық. Алғашында балалар шала туды деп естідік. Аман-сау болғандарын тіледік. Ортамызға есен келгендеріне тәуба дейміз, – дейді балалардың атасы Айшыңғыс Күзеубаев.

Ресми мәлімет бойынша, аудан тарихында осымен екінші рет үшем дүниеге келді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button