Қоғам

Әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны

Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, Үкіметтің «Әскери міндеттілерді әскери оқу-жаттығу жиынына шақыру туралы» қаулысына сәйкес, елімізде әскери міндеттілердің жиыны басталды.

Осыған орай Аягөз гарнизонының әскери бөлімінде ағымдағы жылдың 20 шілдесі мен 18 тамызы аралығында тоқсанға жуық әскери міндетті қатысқан жиын өтуде. Әскери міндеттілер Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Зайсан аудандарындағы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімдер арқылы шақырылды. Қазіргі уақытта олар белгіленген әскери бөлімге келіп, барлық әскери киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әскери бөлімінің базасында құрылған дала лагеріне қоныстанды.

Аталмыш жиынның алғашқы аптасында әскери міндеттілерге қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізіледі. Содан кейін өздерінің мамандықтарына қарай бөлімшелерге бөлінеді. Сонымен қатар оларға әскери-патриоттық тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, Отан алдындағы борышты өтеу және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау мәселесі әңгімелесу түрінде өткізілді.

– Әскери адам әлемде болып жатқан ахуалдан хабардар болып, түрлі қауіп-қатерге қарсы тұруға әрдайым әзір болуы керек. Басқа мамандықты игеру – екінші білім алумен тең. Дегенмен әскери міндеттілерді бір айдың ішінде өзге мамандыққа қайта даярлау – бүгінгі заманның талабы, – деді жиын бастығы, подполковник Мұрат Нұржігітов.

Жиынға қатысушылардың барлығы да бұған дейін Отан алдындағы әскери борышын өтегендер. Бір ай ішінде шақырылған әскери міндеттілердің әрқайсысы өзінің әскери мамандығы және жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтар курсын меңгеруі тиіс. Мұнда практикалық даярлыққа баса назар аударылады.

– Менің әскерден келгеніме 10 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде әскери техника өзгеріп, жаңартылды, жағдай айтарлықтай жақсарды. Тағы да әскери ортаға келгеніме қуаныштымын. Бұл бұрын үйренген дағдыларды нықтап, жаңа әдістерге машықтануға жақсы мүмкіндік, – деді жиынға қатысушы запастағы ефрейтор Серік Қанапиянов.

Айта кетейік, әскери бөлімге дейін және кері қарай жол жүру уақытын қоса алғанда, жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, оларға республикалық бюджеттен орташа айлық жалақы төленеді.

Жиын қорытындысы бойынша сынақтар өткізіліп, оның нәтижелерінде  бағдарламаны сәтті меңгерген әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button