Қоғам

Әскери есепке алады

Жыл басынан Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде болашақ отан қорғаушыларды әскери есепке алу науқаны басталды. Наурыздың соңына дейін жалғасатын бұл кезеңде бозбалалардың әскерге жарамдылығы, мамандығы зерделенеді.

Қазір әскери есепке тіркелу үшін бөлімнің медициналық тексеруінен мектеп және колледж оқушылары өтуде. Сақтық шараларына байланысты күнде 30-ға жуық адам қабылданады. Алдымен бозбалалар медициналық тексеруден өтіп, қажет құжаттарды тапсырады. Есепке алу барысында анықталған медициналық бақылауды қажет ететін әскерге шақырушылар емдеу-профилактикалық ұйымдарға тіркеледі.

Аягөз қаласы бойынша 300-ге жуық азаматты әскери тіркеу жұмысын жергілікті атқарушы органдар мен әскери басқару органдары бірлесіп жүргізуде.

– Жыл басынан бөлімде әскери есепке қою ісі қарқынды жүруде. Әр бозбала мен ата-ана жергілікті әскери басқару органына жүгініп, толық ақпарат ала алады. Әскери есепке алғаш тұрған азаматтарға әскери оқу орындарына түсу бойынша ақпарат беріледі және келісімшарт бойынша әскери қызметтің артықшылығы түсіндіріледі, – дейді Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының орынбасары, майор Мұрат Сәрсеев.

Есепке тіркеу іс-шарасынан кейін жастарға әскери шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлік беріледі. Ол – әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат.

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

 

Осы айдарда

Back to top button